Иттифақ ул-муслимин – ХХ ғасыр басында Ресейде алғаш құрылған мұсылмандар одағы. Бірінші орыс революциясы тұсында Ресей империясындағы мұсылман халықтардың мүддесін қорғау мақсатында құрылды. Мұсылмандар одағына атақты Науан хазіреттің шәкірті Шәймерден Қосшығұлов мүшелікте болған. Ал Бақытжан Қаратаев және өзге де қазақ зиялылары Иттифақ ул-муслиминді қолдаған.
Бұл партияны құру идеясы бүкілресейлік мұсылмандардың бірінші съезінде көтеріліп, оның бағдарламасы мен жарғысын әзірлеу Ә.Топчибашев мен пен Ә.Ибрагимовке жүктелді. Бүкілресейлік мұсылмандардың екінші съезінде партияның 23 тармақтан тұратын жарғысы қабылданды. Жарғы бойынша партияның 16 қалада, соның ішінде Орынборда, Астраханда, Оралда, Омбыда, Ақмешітте, Семейде, Верныйда, Ташкентте, Ашхабадта, Уфада, Қазанда, Мәскеуде, Бакуде бөлімшелері құрылатын болды.
Партияның бағдарламасы бүкілресейлік мұсылмандардың үшінші съезінде бекітілді. Қабылданған бағдарлама бойынша партия Ресей империясы азаматтарының дініне, нәсіліне, ұлтына, жынысына қарамай заң алдында тең құқықты болуын талап етті. Иттифақ ул-муслимин Конституциялық демократиялық партия секілді жерге жеке меншікті жақтағанымен, империядағы мұсылман халықтардың мүддесін қорғауды, орыс шаруаларын шет аймақтарға орналастыруды доғару қажеттігін бірінші кезекке қойып, ұлттық-мәдени автономия идеясын бірінші көтерді.
Партияның 15 мүшеден тұратын Орталық комитеті болды. Оның құрамында Топчибашев, И.Гаспринский, Ибрагимов, М.Бигиев секілді қайраткерлермен бірге қазақ зиялыларынан С.Жантөрин мен Ш.Қосшұғылов сайланды. Иттифақ ул-муслимин мемлкеттік думадағы Мұсылман фракциясымен тығыз байланыста болды. Мемлекеттік думада қаралуға тиіс заң жобаларымен мұсылман халықтарын хабардар етіп отыруды өз мойнына алып, осы мақсатта партияның баспасөз органын құруға әрекеттенді.
Патша өкіметі Мұсылмандар Одағы партиясын «панисламшылдық» пиғылдағы партия деп бағалап, оның қызметіне тосқауыл қойды. Бірінші орыс революциясынан кейін етек алған Столыпин реакциясы кезінде Иттифақ ул-муслимин партиясы қызметін доғаруға мәжбүр болды.
Мұхан ИСАХАН