Адам қателігі – білімсіздіктен. Барлық уақытта барлық халықтар білім алуға үндейді. Ол – өзгермейтін құндылық. Тіпті, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі бір хадисінде «Білімді Қытайдан болса да, барып алыңдар» деген.

Қазақ руханияты тағы бір құнды туындымен толықты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасын қабылдап, тарихи құжатты жария етті. Тұжырымдаманың тарихи құжат аталуының өзіндік мәні бар. Оны еліміздегі ислами білім беру жүйесін дамытуға, реттеуге, шешімін күтіп жүрген мақсат-міндеттерді орындауға арнайы қабылданған ең алғашқы құжат десек те болады.

Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Біз бұқара санасындағы діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған ештеңе жоқ. Жалпы, дін өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ, бізге қауіп төндіретіні – діни біліміміздің деңгейі онша жоғары болмай отырғаны» деп, қазіргі ахуалдың ақиқатын айтқан еді. Шынында да, ислами білім берудің бастауыш деңгейі – діни сауат ашу курстарын жетілдіру, ислами оқу орны – медреселердегі білім беруді одан әрі жақсарту.

Жалпы, діни білім беру құрылымы бірқатар өзгерістерді қажет еткен болатын. Енді осындай түйінді мәселелердің шешімі табылды деуге болады. Себебі, тұжырымдама Қазақстандағы діни білім беру жүйесінің мазмұнын, бағыт-бағдары мен болашағын айқындайтын басты әдістемелік құжат болып табылады. Онда діни білім беру жүйесін жетілдіру, білікті мамандарды дайындау, діни қызметкерлерді даярлаудың сапасын халықаралық талаптарға сәйкесендіру, соның ішінде мемлекеттік стандарттарға сай оқу бағдарламасын қабылдап, бірізділікке келтіру,дәстүрлі дініміздің құндылықтарын кеңінен насихаттау жұмыстары кезең-кезеңімен айқындалған. Сонымен қатар, тұжырымдаманы жүзеге асырған жағдайда қазақстандық діни білім беру жүйесінде қандай нәтиже шығатындығы да нақты көрсетілген.

«Тұжырымдамада ұсынылған шешімдер еліміздегі діни білімді республика халқының дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыруға, оқушылардың рухани мәдениетін, соның ішінде ислам мәдениетін, ұлттық құндылықтар жүйесін және білім негіздерін жүйелі түрде меңгеруіне мүмкіндік береді» делінген құжаттың үшінші тарауында. Яғни, бұл ел азаматтарының діни білім алуында заңды мүдделері мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, қазақстандық мұсылман қауымын біріктіруге мүмкіндік береді. Тұжырымдаманың діни білім берудің барлық деңгейлерін жетілдіріп, осы саладағы кемшіліктерді түгендеп, халқымызды діни ілім мен тағылымдық тәрбие жағынан дамытатынына үлкен сенім бар.

Ершат Оңғаров,

исламтанушы

Пікір жазу