Ислам дереккөздерінде тазалық ұғымына көбінесе «Туһур» сөзін қолданылады және зекет сөзі де рухани және материалдық тазаруды білдіреді. Құран Кәрімде тазалық үшін ең көп «Тахарат» сөзін қолданған. 

Тазалық туралы айтылған он тоғыз аяттың үшеуінде нәжістен тазалану, сегізінде ал күнәдан тазалану, сегіз аятта әдептіліктен арылу және материалдық кірлерден тазалану мағыналарында қолданылған.

Шын мәнінде Рағиб әл-Исфахани тазалықты тән мен жанның тазаруы деп екіге бөледі. Сондай-ақ, бұл екі мағынаны аяттардан шығаруға болатыны туралы баяндаған.[1] Алғашқы түсірілген аяттардың бірінде «Киіміңді таза ұста, күнәлардан ұзақ бол» [2] деп әмір етілуі Құран Кәрімнің тән мен жанның тазалығына алғашқы күннен бастап мән бергенін айта аламыз.

Фахраддин Рази бұл аяттың тәпсірі жайында бұл жердегі көйлектен мақсат рухани тазалық болғанын және жүректің тазалығына аса мән берілгенін айтқан. [3] Құран аяттарында Алла тәубе еткендер мен таза жүрген адамдарды жақсы көреді делінеді.[4]

Мұсылмандар тазалануды жақсы көреді, Алла таза жүргендерді жақсы көреді.[5] Сонымен қатар, Алла Хз. Ибрахим мен Исмайлға өзінің үйі болған Қағбаны таза болуын әмір еткен.[6] Алла жер бетінің тіршілігі үшін [7] және адамдардың нәжістен тазаланулары үшін көктен су (жаңбыр) жіберді [8] және бұл су таза әрі тәтті. [9]

Сонымен қатар, Әбу Ханифа мәзһабының түсінігінде дәретсіз Қасиетті Құран Кәрімді ұстауға тыйым салған. Құран Кәрімді тек дәретпен, яғни таза адамдар ғана қолымен ұстауына рұқсат етілген.[10] «Кімде-кім, тазаланса өзінің жақсылығы үшін тазаланады»[11].

Ең алдымен тазалық пенделердің өзі үшін болғанын ұғыну басты мәселе. Құран Кәрімнің кейбір аяттарында жақсылық жасауда адамды жамандықтан тазалайтыны туралы айтылған.[12]

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тазалыққа қатысты айтқан хадистерінің басым көпшілігінде саулық пен тазалықты бір сөйлемде қолданған. Әсіресе ауыз және тістің тазалығына, мұрынның қылы, шаш, сақал және мұрттың тазалығына аса мән берген.[13]

Сонымен қатар, «Тазалық – иманның жартысы»[14] және «Намаздың кілті – тазалық»[15] мағынасындағы хадистерден Пайғамбарымыздың тазалық мәдениетіне аса мән бергенін байқаймыз.

Басқа бір хадисте «сүндетке отыру, әурет жерлерді қылдан тазарту, тырнақ алу, қолтықты қылдан тазалау, мұртты қысқарту – пайғамбарлардың дәстүрі»[16] делінген және сахабалардың киген киімдері мен жүріс-тұрысына мән беруін бұйырған. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз, әр жұма күні ғұсыл дәрет алатын, таза әрі әдемі көйлек киетін әрі хош иіс сулар қолданатын және бұл әрекетін барлық сахабаларынан талап ететін. [17]

Ислам діні тән тазалығы мен рухани тазалықтың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста екенін мұсылмандардың санасына сіңіру мақсатында Құран Кәрімде, Пайғамбарымыздың амалдары мен хадистерінде және дін ғұламаларының әдебиеттерінде кең көлемде насихатталған.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Жүрек дерті – құмарға берілу

Тән тазалығы ғибадаттармен тікелей байланысты болғаны үшін Фуру фиқһ әдебиеттерінің бірінші бөлімінде ғибадаттарда тән тазалығының үкімі, таза саналатын сулар мен заттар, ғибадат үшін тазалықтың мөлшері және тазалықтың тәртібі сынды тақырыптар қамтылған.

Сонымен қатар, сопылық жайында жазылған әдебиеттерде рух пен ахлақтың тазалығына көп көңіл бөлінген. Фиқһ тән тазалығына қатысты шарттарды қалыптастырса, сопылық әдебиеттерде жүрек пен рухтың тазалығына аса мән берілген.

Имам Ғаззалидің Ихия-у Улумиддин еңбегінде, тазалық тәннің және қоршаған ортаның нәжістен, кірден тазалануы, дене мүшелеріміз күнә болып саналатын әрекеттерден арылуы, жүректің жаман әрекеттерден аулақ болуы, рухтың масиуадан таза болуы деп тазалықтың төрт дәрежесі туралы айтқан.

Сондай-ақ, Рухтың тазалығы – Пайғамбарларға және сыддықтарға (Алла достарына) тән тазалық. Әр дәрежедегі тазалық, осыған қатысты амалдың жартысы. Жүректің тазалығы соқыр сенімнен тазартып, бір Аллаға тән сенімді, яғни иманды ұялату.

Жүректің тазалығы барлық амалдардың жартысы болғаны үшін иманның жартысы да – тазалық. Жоғарыдағы төрт дәрежелі тазалықтың бірі екіншісін толықтырады.

Осы себептен тән тазалығымен ғана шектелу қате пікір.[18] Ғаззали «Рубу л-Мухликат» тақырыбында үшінші томын осы тақырыпқа арнаған. Тазалық – әдептілікке, әдептілік – имандылыққа тәрбиелейді. Міне, сондықтан да, таза жүру – әрбір пенденің басты міндеті.

Алла Тағала баршамызға тән мен жанының саулығын бергей!

Исатай БЕРДАЛИЕВ,

Ислам құқық ғылымдарының докторанты

 

[1] Роғиб әл-Исфахани, Муфрадат «Тһр» бабы.

[2] «Муддассир сүресі», 4-5 аяттар.

[3] Фахраддин Рази, Мифтаху л-Ғаиб еңбегінің XXX-том, 191-192 беттері.

[4] «Бақара сүресі», 222-аят.

[5] «Тәубе» сүресі, 108-аят. Тәпсірі үшін қараңыз; Шәукани ІІ-том, 459-бет.

[6] «Бақара сүресі», 125-аят: «Хаж» сүресі, 26-аят.

[7] «Фуссилат» сүресі, 39-аят.

[8] «Әнфал» сүресі, 48-аят.

[9] «Фурқан» сүресі, 48-аят.

[10] Табари, Жәмиу л-Байан, XI-том, 659-661-беттер; Шәукани, V-том, 186-бет.

[11] «Фатыр» сүресі, 18-аят.

[12] «Бақара» сүресі, 232-аят; «Нұр» сүресі, 28, 30-аяттары.

[13] Бұхари, «Либас», 64, 74-хадистері; Мүслим, «Тахарат», 54-хадис.

[14] Мүснәт, V-том, 342-344-беттер; Дарими, «Удуу», 2-хадис; ; Мүслим, «Тахарат», 1-хадис.

[15] Мүснәт, I -том, 123-бет; Әбу Дауд,  «Салат», 73-хадис; Тирмизи, «Тахарат», 3-хадис.

[16] Бұхари, «Либас», 63- 64- хадистер; Мүслим, «Тахарат», 49-56 хадистер.

[17] Мүснәт, V -том, 13-бет; Әбу Дауд,  «Либас», 13-хадис; Тирмизи, «Әбаб», 46-хадис.

[18] Имам Ғаззалидің Ихия-у Улумиддин, І-том, 125-126-беттер.

Пікір жазу