Сұрағыңыз орында. Бүгінде «Тарауих намазы 8 ракағат» деп ел ішіне ірткі салып жүргендер бар. Олардың бұл сөзін тыңдаған Ислам тарихынан хабарсыз кейбір намазхандарымыз екіұдай күйде қалып жатады. Негізінде Тарауих намазы Ханафи мен Шафиғи мазхабтарының үкімі бойынша 20 рәкағат. Саиб бин Язид (р.а.) риуаяты бойынша: «Адамдар Омар бин Хаттаб (р.а.) дәуірінде рамазан айында (тарауихты) 20 рәкағат оқитын», – делінеді. Міне, Ислам тарихындағы мұсылмандар әміршісі, тірісінде жәннатпен сүйіншіленген Омар (р.а) өз кезінде 20 рәкағаттық Тарауих намазын оқығаны жеткізілген. Осы сөзімізді Язид бин Румананың (р.а.) мына риуаяты қуаттай түседі: «Адамдар Омар бин Хаттаб (р.а.) заманында 23 (3 рәкағат үтір уәжіп) рәкағат намаз оқитын».
Жауап берген: Балғабек Мырзаев