Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жер жүзінің бір бөлшегі болған топырақты тазалық құралы, һәм ғибадат орны деп білген. Бұрынғы пайғамбарларға берілмеген, тек Өзіне (с.ғ.с.) ғана тән ерекшеліктерді санаған бір хадисінде «Мен үшін жер беті таза және намаз оқуға жарамды етілді», – деді.
Сондай-ақ, намаз оқу үшін сумен дәрет алынады, ал, су табылмаған жағдайда топырақпен дәрет алып та (тәйәммум) оқуға болады.
Басқа діндерде ғибадаттар тек құлшылық орындарында атқарылады, ал намазды жер бетінің кез келген жерінде оқи береді.
Жер жүзінде тазалықтың сақталуы және осы тазалықты қорғап, ластануды болдырмау, әсіресе, адамдар өмір сүріп жатқан қалалардың, аудандардың, ауылдардың, көшелердің таза болуы – адамның саулығы үшін, сондай-ақ, тәртіп пен жүйелілік және әдемілік пен мәдениеттілік тұрғысынан өте маңызды.
Сағд ибн Әбу Уәққас рияуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Үйлеріңіздің алдын таза ұстаңыздар» (Тирмизи, Әдеп, 41.), – деп бұйырған. Осыған қатысты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып берген мына бір қиссаның орны ерекше: «Бір адам жолдың үстінде жатқан тікенді бұтаны көреді. Өз-өзіне «Уаллаһи! Мынаны жолдан алып тастайын, мұсылмандарға бір зияны тиіп жүрер», – дейді. Осы ісі себепті ол адам жұмаққа кіргізілді» (Муслим, Бирр, 128.).
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл мәселедегі хадистері қазіргі күнімізде коммуналдық қызметкерлердің міндеті деп қабылданатын көшенің тазалығына – асылында, әрбір адам өзіндік үлесін қосуы керек екендігін көрсетеді.
Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) «Қандай да бір зиян беретін затты жолдан алып тастау – садақа» – деу арқылы, ортаның тәртібі мен жүйелілігін сақтауға әрекет ету – сауапқа кенелтетін іс екендігін білдірді, тіпті, бұл мәселені иманмен байланыстырып, «Иман – жетпістен (немесе алпыстан) астам тармақтан тұрады. Ең жоғарғы дәрежесі – «Ләә иләәһә иллаллаһ» (Алладан басқа тәңір жоқ), ал, ең төменгі дәрежесі – адамдарға зиян беретін бір затты жолдан алып тастау», – деген болатын.
Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) тазалықтың барлық түріне мән бергені секілді, мешіттердің тазалығына да ерекше назар аударды.
Кейде, мешіттің ішінде байқаған кір-қоқымды өзі тазалап тастайтын, әрі, мешіттердің таза тұтылуын және хош иістердің себілуін қалайтын.
Алланың елшісі (с.ғ.с.) кішкентай сәбиі Ибрагимнің жаназасы кезінде оның қабірінде жөнделмеген бір кішкене жерді көрді де, оны дереу реттеуді бұйырды. Ал, бұның өліге пайда беріп-бермейтіндігі жайлы сұралғанда: «Негізінде, бұл, өліге бір пайда да, зарар да келтірмейді, алайда, тірі адамның көзіне жайсыз көрінеді», – деп жауап қатты.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл әрекеті, қоршаған ортаны көркейту тұрғысынан алып қарағанда «қабірдің ішінде мұншалықты тәртіп пен көркемдікке көңіл аудару керек болса, басқа жерлерде бұдан да артық мән беру қажет» дегенді білдіреді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен – адам бүкіл жаратылыстың алдында, айрықша жер беті мен топыраққа қатысты да белгілі бір жауапкершілігінің бар екендігін көреміз. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) егістікке жарамды жерлердің еш нәрсе егілмей бос жатуын ұнатпаған және бұл жайында «Кімнің егістік жері болса егін ексін! Өзі екпейтін болса (дін) бауырына ектірсін!» – десе, басқа бір хадисінде «Кімде-кім өлі топырақты (күтіп-баптау арқылы) тірілтсе, сауап иеленеді. Ол жерден жан-жануар пайда көрсе садақа сауабы жазылады» – деу арқылы, мұсылмандарды топырақты өңдеуге, бүлінуден қорғауға шақырған.
Жоғарыдағы риуаяттар топырақты қолданудың абзалдығын көрсетіп, бұлай жасаудың қоршаған ортаға әсері мол екенін айшықтайды. Әсіресе, бас жоқ, көз жоқ қоныстанудың нәтижесінде құнарлы жерлер бетон үйінділеріне айналдырылған мына заманда – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл тектес өсиеттеріне деген мұқтажыдығымыз зор екеніне көзіміз анық жетеді.
Балғабек Мырзаев,
дінтанушы