Ислам – б.д. VII ғасырдың алғашқы жартысында Араб түбегінің оңтүстік-батысын мекендейтін араб тайпалары арасында пайда болған монотеистік әлемдік дін. «Ислам» термині «мойынсыну» (Алла еркіне) дегенді білдіреді. Ислам дінін ұстанушылар «мұсылман» деп аталады.
Жаңа діннің негізін 570 жылы, кей деректерде 571 жылы Меккеде дүниеге келген Абдулла ұлы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар қалады. Ислам түсінігі бойынша, ол Адам атадан бері келе жатқан кең мағынадағы ілімдерді растауға жіберген ақырғы Алла елшісі саналады.
Ислам жолын тұтушылар төмендегідей 6 қағидатқа сеніп, иман келтіреді:
- Аллаға иман келтіру
- Періштелерге иман келтіру
- Қасиетті кітаптарға иман келтіру
- Пайғамбарларға иман келтіру
- Ақырет күніне иман келтіру
- Тағдыр мен қазаға иман келтіру
Мұсылман діни сенімінің қайнар көзі және негізгі тірегі Құран (араб.: «әл-Құрāн» – дауыстап оқу, көп оқылатын кітап) – сүрелер мен аяттар жазылған Қасиетті кітап. Құран Кәрім 6219 аят құраған 114 сүреден тұрады.
Құраннан кейінгі мұсылман қауымы жүгінетін беделді қайнар бұлақ – сүннет жолы. Сүннет хадистерге негізделіп, парыз бен уәжіптен бөлек Алла Елшісі (с.ғ.с.) жасаған, «жасаңдар» деп, әрі істеліп жасалуына ризалығын білдірген іс-әрекеттер шоғыры. Яғни, оған Алла расулының күнделікті өмір салты, ой-пікірі, жүріс-тұрысы, әдеті, іс-әрекеттері, машықтанған дағдылары – бәрі жатады. Мысалы, хадистерден араб қоғамындағы әлеуметтік қатынастардың дамуын айғақтайтын құқықтық бағдарларды тануға болады. Былайша айтқанда, Құран мәнін сүннет, ал сүннетті Құран мәтіні арқылы тәпсірлейтін ұстаным бар.
Исламда қасиетті кітапқа негізделген бес парыз бар. Бұлар әрбір мұсылман баласына міндетті болып табылады:
- Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беру (шахада);
- Бес уақыт намаз оқу;
- Рамазан айы бойы ораза тұту;
- Зекет беру;
- Қажылыққа бару.
Құран мен сүннетті әртүрлі тәпсірлеу әдістерінің негізінде VIII-IX ғасырларда мұсылман құқығы мектептері – төрт мәзһаб қалыптасты: Ханафи мәзһабы, Шафиғи мәзһабы, Малики мәзһабы, Ханбали мәзһабы. Олар теологтар арасындағы заңи және культтік мәселелерді айшықтайтын келіспеушіліктерге байланысты пайда болған.
Ислам мейрамдары мыналар:
Құрбан айт (ид аль-адха) – құрбандық шалу мейрамы. Мұсылман күнтізбесіндегі мерейлі күннің бірі. Зуль-хижа айының 10 жұлдызында, яғни ай күнтізбесінің 12 айының бірінші бөлігінде басталып, үш-төрт күнге созылады. Ислам діні ұстанымы осы күні баршаға Алла жолына адал мал санатынан құрбандық шалуды бұйырады.
Ораза айт (ид аль-фитр) – отыз күн оразадан кейінгі Шәууал айының алғашқы үш күнінде тойланатын мереке.
Ашура – исламдағы айтулы күннің бірі. Сунниттер бұл күнді Алла Тағаланың он пайғамбарға (Ибраһим, Мұса, Жүніс, Айюб және т.б.) он түрлі сыйы берілген күні ретінде атап өтеді.
Мухаррам айының оныншы күні тойланады. Осымен қатар мухаррамның алғашқы он күнінде мұсылмандық жаңа жылдың басталуы да айрықша атап өтіліп, тойланып мерекеленеді.
Ляйлят әль-бара – бараат түні, шағбан айының (ай күнтізбесінің 8 айы) 15 жұлдызында атап өтіледі. Мұсылмандар бұл күні Алладан өмірден қайтқандарға дұға арнап, олардың күнәсінің кешірілуін сұрайды.
Ляйлят әль-кадр – қадір түні, рамазан айының 27 күні (ай күнтізбесінің 9 айы) атап өтіледі. Бұл түні адамзатқа Құран түсе бастаған.
Маулид ан-Наби – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) туылған күнінің құрметіне атап өтіледі. Пайғамбардың нақты туған күні белгісіз болғандықтан, мәуліт күні өмірден қайтқан күніне белгіленген. Рабиүл-аууәл айының 12 жұлдызында (ай күнтізбесінің 3 айы) атап өтіледі.
Миғраж – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың Меккедегі Мешіт Харамнан Құдыстағы (Иерусалим) Мешіт Ақсаға және одан «көк өріне» Пыраққа (жәннат жануарына) мініп жасаған таңғажайып саяхаты құрметіне арналған мереке. Раджаб айының (ай күнтізбесінің 7 айы) 27 жұлдызында атап өтіледі.
Қазақстандағы Ислам дінінің қанат жаюы Ұлы дала мен түркі ареалына Ислам идеяларының енуінің алғашқы кезеңдері – VII-VIII ғасырлардағы үдерістермен байланыстырылады. Бұл аймақтардың тұрғындары Ислам дінімен алғаш 670 жылдары таныса бастады. VIII ғ. басында Орталық Азияда тағы бір миссионерлік қозғалыстың жандануы байқалды.
Қазіргі уақыттағы Қазақстан жеріне исламның таралуы бірнеше дәуірге созылды. Бастапқыда жаңа дін оңтүстік өңірлерге ене бастады. Алайда X ғ. аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғ. басында мұсылмандықты Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Сатұқ қабылдайды, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса 960 ж. Исламды мемлекеттік дін деп жариялаған.
Бұл аймақта Ислам дінінің таралуы бейбіт түрде жүріп жатты. Ұлы Жібек жолы көпшілік діндер, солардың ішінде христиандық (көпшілігі несториандық пен яковшілер), буддизм, заростризм діндері үшін қолайлы аймақ болды. Далалық өңірде тұратын түркі халқы тәңіршілдікті ұстанды. Тұрғылықты халық арасына Ислам еш зорлық-зомбылықсыз бейбіт жолмен тарады. Исламды өз еркімен әралуан халықтар мен тап өкілдері қабылдады. Әдеби ескерткіштерде, эпостар мен тарихи құжаттарда мұсылманшылыққа деген жағымсыз қарым-қатынас көріністері жоққа тән.
Кеңес билігі жылдарында мемлекет атеистік саясат жүргізіп, Конституциядағы ар-ождан бостандығы ұстанымы формальды түрде ғана мойындалды. Дегенмен де кеңес үкіметінің дін атаулыны түп тамырымен аластауға бағытталған мақсатшыл саясаты діни мазмұнды қоғамдық өмірден біржолата ығыстырып шығара алмады. 1980-жылдардың аяғына қарай Қазақстанда жүргізілген зерттеулер нәтижелері діниліктің аса жоғары деңгейін көрсетіп берді. Өздерін дінге сенуші және дінге ықыласты санайтындар республикамыздың әрқилы өңірлерінде 20 –дан 70 %-ға дейінгі аралықты құрады. Осылайша, атеизм 70 жылға созылған үстемдігіне қарамастан ел өмірінен Исламды ығыстырып шыға алмады. Халықтың басым көпшілігі діни парыздар мен рәсімдерді жіті орындамағанымен өзін исламдық әлем өкілі санады және де бұл көптеген жандар үшін ұлттық және рухани идентификация мен сана-сезімнің басты факторына айналды.
Тәуелсіздік жылдары дәстүрлі мұсылмандық жолы жанданды. Айталық, 2006 жылдан Құрбан айттың бірінші күні демалыс деп жарияланды.
Бүгінгі таңда Қазақстан 50-ден астам мұсылман мемлекеттерін біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі.
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ