Исламдық банк жүйесі – қазіргі күнде көп айтылатын тақырыптардың бірі. Себебі, еліміздің азаматтары нарықтық экономика жағдайында қаржы қызметтерін ұсынатын дәстүрлі «базельдік» (еуропалық яки батыстық) банктерден жалақы алудан бастап, үй-мүлік алу, демалысқа бару және басқа да әрекеттері арқылы күнбе-күн жұмыс істейді. Сондықтан жұртшылық арасында «мұндай банктер өздері ұсынатын қызметтеріне пайыз қоспайды екен» деген сарындағы кең тараған әңгімелер де ислам банктеріне қатысты тұрғындардың қызығушылықтарын одан сайын көтере түседі. Сонымен, ислам діні түсінігіне негізделген банк жүйесі қызметіне жалпы шолу жасап көрейік.
Банк жүйесі – ислам түсінігіне негізделген
Ислам қаржылық жүйесі мен институттарын түсінуде, ең біріншіден, оның тек діни талаптар мен тыйымдардың жиынтығы еместігін, оның дәстүрлі банк жүйесінен біршама басқа негізде жұмыс істеуге талпынатын қаржы институттарының жүйесі екенін түсіну керек. Осы тұрғыдан алғанда исламдық банк құрылымдарының заманауи банк жүйесіне тән функцияларды атқаратын ерекшеліктері оны маңызды құбылысқа айналдырып отырғаны анық.
Заманауи қаржы әлемінде бой көрсетіп жүрген ислам банктерін құру талпынысы 1960 жылдары бастау алып, арада жиырма жыл өткен соң қарқынды дами бастады.
Ислам қаржысы негізінде Құранда айтылатын риба – яғни орынсыз баюға тыйым салу – түсінігі басты орын алады. Риба мұсылмандарға саудамен және әртүрлі кәсіппен айналысуды шектемейді, ол тек Құран түсінігі негізінде адал деп танылатын қаржылық операцияларды жасауға мүмкіндік беретін келесідей ережелерді ұсынады:
– ақша ақшаны тудыра алмайды: пайда шынайы операциялардан – саудадан немесе өндіріс активтеріне инвестициялар салудан түсуі керек;
– табыс коммерциялық тәуекелдерді бөлісу нәтижесінен ғана құралуы керек. Сәйкесінше бұл қаржы жүйесінде кепілдендірілген табысқа тыйым салынады;
– харам деп танылған салаларға, яғни алкоголь, темекі, есірткі, қару, шошқа етін өндіруге және жезөкшелікке инвестиция салуға тыйым салынады. Жекелеген мұсылман елдерінде жезөкшелік ұғымы заманауи медиабизнестің белгілі бір бөлігін қамти отырып тым кең шеңберде түсінілуі мүмкін екенін ескеру қажет.
Осы тұрғыдан, сәйкесінше, ислам банктерінің өнімдері үш топқа бөлінеді:
– венчурлық қаржыландыру операциясы тәрізді түскен табыс пен шығындарды бөліп қарастыратын келісімдер (мудараба и мушарака);
– облигация тәрізді өнім түрі – сукук;
– батыстық несие өнімдерін алмастыру функциясын атқаратын және табыстар мен шығындарды бөліспей-ақ тікелей жасалатын келісімдер: мурабаха (сауда операциялары), иджара (лизингке ұқсас активтермен операция жасау), бай-аль-салам, бай-аль-истисна (шартты түрде – мақсатты жобалық қаржыландыру).
Осы орайда, исламдық банктік активтердің көп бөлігін жеке тұтынушыға арналған өнімдер, яғни несиеге зат алу, банктің тауарды сатып алуы және оны ары қарай ұзақ мерзімге сатуы немесе лизингтеу тәрізді өнімдер тобы құрайтындықтан, жекелеген дін ғұламалары аталған өнімдердің банк үшін ешқандай тәуекелі жоқ екенін алға тарта отырып, оны ислам қаржылық жүйесінің іргелі қағидатын бұзады деп сынға алады. Сәйкесінше, исламдық банк жүйесінде несие картасы тәрізді өнімдерді жасау мен енгізудің өз қиындықтары бар деген сөз.
Исламдық банк өзіне салынған қаржыға пайыз қоса алмайды
Заманауи банк жұмысын ұйымдастыру тұрғысынан «ақшадан ақша жасауға» салынатын діни тыйымдар ислам банктерінің операцияларын пәрменді етпесі анық. Қазіргі әлемдегі дәстүрлі банктер әдетте табыс әкелетін активтерге орналастыру мақсатында қаржыны тұрғындардан, ұйымдардан, басқа да қаржы көздері мен банктерден тартады. Осындай жолдармен тартылған ақшаның табыс қосатынын банкке салымшы болған кез-келген адам білетіні де үйреншікті нарықтық тәжірибе.
Ал исламдық банк өзіне салынған қаржыға пайыз қоса алмайды. Бұл салымшылар үшін банкпен жұмыс істеудің ақшалай пайдасы аз деген сөз. Ақшаны сақтауға қатысты жеке келісімдер ислам банктеріндегі салым аналогы болып табылады. Ол бойынша банк салымшыға пайыз төлемей, оның ақшасын сақтауға кепілдік береді. Әрине, банк мұндай қаржыны жеке инвестициялық жобаларға сала алады, алайда бұл жағдайда салымшы ешқандай табыс таппай, тіпті қаржы тұрғысынан жапа шегетін тәуекелді де өзі көтеретін болады. Осы тұрғыдан алғанда дәстүрлі банктермен салыстырғанда исламдық қаржы институттарының тартымдылығы әлсіз.
Исламдық банктер сонымен қатар табыс табу мүмкіндігі тұрғысынан шектеулі. Оларға тікелей ақша операциялары арқылы табыс табу құралдарын ұсынуға тыйым салынады, ал шетелдік валютамен және басқа да дәстүрлі қаржылық құралдармен операция жасау арқылы табыс табу бұл жүйеде тым күрделендірілген.
Сонымен қатар, шығын тұрғысынан алғанда қаржылық операцияларда шариғат қағидаттарын басшылыққа алу әрбір келісім-шарт бойынша құжат айналымының айтарлықтай өсуіне алып келеді, өйткені бұл ислам банктеріне сату-сатып алу шарттарын қосымша рәсімдеуге және жасалынатын келісім-шарттың халалдығына қосымша ішкі мониторинг жүргізу тәрізді талаптарды жүктейді.
Ислам банктерінің оңды тұсы ретінде несие тәуекелдерінің төмен деңгейін айтуға болады. Алайда тұтынушылар үшін ислам банкінің квазинесие (лизинг немесе тауарды ұзақ уақытқа созып беру) қызметтері соған шаққандағы несиелік пайызбен салыстырғанда анағұрлым қымбатқа түседі.
Жалпы, исламдық және дәстүрлі банктердің пәрменділігін салыстыруға талпынушылық қайшылықты нәтижелерге алып келеді. Исламдық банктер активтерді немесе капиталдарды қайтару тұрғысынан дәстүрлі банктермен салыстырғанда тең немесе олардан төмен деңгей көрсетеді. Олардың экономикалық циклдың әртүрлі фазаларын өтудегі өзіндік ерекшеліктері де бар. Исламдық банктер таза қаржылық активтерді ұстамайтындықтан және сәйкесінше нарықтық тәуекелі бар жобаларға қатыспайтындықтан қаржылық дағдарыстардың «қауырт» фазаларына тұрақтылық көрсетеді. Алайда дағдарыстан кейінгі кезеңдегі нақты экономиканың өсімінің баяулауынан және соған сәйкес активтердің бағаларының төмендеуінен көрініс табатын депрессиялар исламдық банктерге айтарлықтай келеңсіз әсер етеді. Әсіресе мұндай кезеңдерде ислам банктері үшін дәстүрлі түрде тартымды сала болып саналатын жылжымайтын мүлік нарығы тым сенімсіз активке айналады.
Сондықтан ислам банкингін ендірудің мақсаты өзін-өзі ақтай ма деген сауалға нақты жауап беру қиын. Әрине, діни сипаттағы қаржылық жүйені қалыптастыру азаматтардың белгілі бір топтарының құқығын қамтамасыз ететіні сөзсіз. Десе де, исламдық қаржының жоқтығы азаматтардың заманауи банктік қызметтерді пайдалануын қаншалықты тежейтіні де басы ашық мәселе.
Исламдық қаржы жүйесі өз тұтынушыларына тартымды ұсыныс бере алмайтын жағдайға не айтуға болады?
Бір жағынан, исламдық банктердің салыстырмалы түрдегі табысты дамуы нарықтағы қаржылық ашықтықты арттыра түсетіні анық.
Екінші жағынан қарағанда қаржы секторы жақсы дамыған, нарықта әртүрлі банктер табысты жұмыс істеп, олардың ұсынатын банктік қызметтерінің қатары кең ортада исламдық банктер қаржы нарығындағы қалыптасқан жағдайды айтарлықтай өзгертеді деп айту да қиын.
Қазіргі таңдағы ислам қаржысының салыстырмалы түрдегі аз мөлшердегі ауқымы одан жаңа нарықтарда жүйелі пәрменділік күтуге мүмкіндік бермейді. Батыс елдерін айтағанның өзінде, тіпті Түркия, Мысыр немесе Индонезия тәрізді дәстүрлі мұсылман елдерінің өзінде ислам банкі нарығының үлесі өте төмен. Бұл, өз кезегінде, оларға экономикалық өсімде айтарлықтай рөл ойнауға мүмкіндік бермейтіні түсінікті.
Осы орайда, сарапшылар әлем елдерін ұлттық қаржы жүйесіндегі ислам қаржы институттарының рөлі тұрғысынан үш топқа бөліп қарастырады.
Бірінші топтағы елдерге ислам банктері қаржы жүйесін құраушы елдер жатады. Осы қатардағы Иран және Судан елдерінде қаржы активтері толықтай (100%), ал Сауд Арабиясында қаржылық активтердің басым бөлігі (55%) исламдық бактерге тиесілі.
Екінші топқа ислам банктері жүйелік маңызға ие елдер жатады. Мәселен, Кувейтте исламдық банктердің активтері 30%, Катар, Бахрейн елдерінде 25%-дан астам, Бангладеш, Малайзия елдерінде 20%-дан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінде 15%, Иорданияда 12% болса, Индонезия, Пәкістан, Түркия және Мысыр елдеріндегі бұл көрсеткіш 10%-дан төмен.
Үшінші топқа қаржы жүйесінде исламдық банктердің үлесі шағын Еуропа елдері жатады. Еуропаның қаржылық жүйесіндегі ислам банктері активтерінің үлесі 1%-дық көрсеткіштің ар жақ, бер жағын құрайды.
Алдыңғы банктердің санатында ислам банкі жоқ
Біздің елімізде исламдық қаржы жүйесі бойынша қажетті нормативтік құжаттардың қабылданғанына 10 жылдан асқанына қарамастан, Қазақстанда бүгінгі күнде орташа көрсеткіштегі жалғыз ислам банкі жұмыс істейді.
Сондықтан, қазіргі әлемдегі ислам банктерінің нарықтағы үлесі тұрғысынан келер болсақ, оны толыққанды бизнес-құбылыстан гөрі өзіндік даму жолын айқындау сатысындағы тұжырымдама деген жөн тәрізді. Мұны әлемдегі алдыңғы қатардағы 500 банктің санатында бірде бір ислам банкінің жоқтығы да аңғартады.
Десе де, ислам банктерінің өсім үрдісі басқа банктермен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіштер беріп отырғанын айта кету қажет. Мәселен, сарапшылар ислам банктерінің қоры 2008 жылы 700 млрд.долларды құраған болса, қазіргі күнде бұл көрсеткіш 2 триллион доллардың межесіне жақындағаны туралы айтады.
Бүгінде әлемнің бірқатар елдері осы бағыттағы үдерістер мен үрдістерді ескере отырып, ислам банктерінің қызмет атқаруына жол ашу мақсатында өздерінің ұлттық реттеуші тетіктерін белгілі бір түрде жаңа жағдайға бейімдеп, олардың дәстүрлі қаржылық институттармен бесекелесе алуы үшін теңдей алаңдар қалыптастыруды қолға алуда. Сондықтан осы саладағы қазіргі даму үрдісі сақталатын жағдайда алдағы жылдары ислам банкингінің заманауи әлемдегі дәстүрлі банк жүйесімен бәсекелестікте жұмыс істей алатын ғаламдық банкингтің бір бөлігіне айналары сөзсіз.
Осы орайда, кәсіби ортадағы сарапшылар ортасында ислам қаржылық жүйесі шеңберінде заманауи бизнес-процестер мен діни қызметті пәрменді үйлестіре алудың мүмкін еместігі туралы сыни пікірлер де бар. Бұл мәселеде зайырлы, құқықтық және мультимәдениетті ортадағы елдерде нақты бір діннің қағидаттарына негізделген қаржылық мекемелерді ерекше санатта бөліп көрсету қаншалықты қисынды деген сұрақ орталық мәнге ие.
Ислам банктерінің қаржы дағдарысының «қауырт» кезеңдерінде салыстырмалы тұрғыда біршама тұрақтылық таныта алатын табиғаты туралы жоғарыда айтылды. Мәселен, 2008-2009 жылдарда орын алған дағдарыс кезінде әлемнің бірқатар елдеріндегі ислам банктері шағын және орта бизнесті дамытуға серпін бере алды. Әрине, ислам банктерінің осындай тұстары оны тартымды ететіні анық десек те, мұндай жағдайлар толыққанды исламдық қаржы институттарын құруды қаншалықты талап ететінін де түсініп алған жөн. Бұл мәселеде исламдық банктердің сауда-инвестициялық қаржыландыруға, лизингтеуге және басқа да операцияларға қатысуын шектейтін діни нормаларды алып тастау жеткілікті.
Яғни, қаржы мекемелеріне шариғаттық қадағалау нормаларын сақтаудың және діни рәміздерді пайдаланудың қажеті болмай қалған жағдайда зайырлы және көпмәдениетті жүйелер шеңберінде діни институттарды заңдастыруға қатысты саяси-құқықтық талаптар өздігінен шешімін табатын болады. Осы орайда, Батыс елдеріндегі дәстүрлі банктер қазірдің өзінде «сауда-инвестициялық үйлер» түріндегі квазибанктік құқықтық формадағы құрылымдар құру жолымен пайдалы және тәуекелді талап ететін сегменттерде жұмыс істеуге көшіп жатқанын айта кету керек.
Жалпы, ислам банкингін зайырлы ұлттық қаржы жүйесіне интеграциялау мәселесін ұзақ мерзімде қарастырған жөн. Осы орайда, ислам банктерінен тез арада айтарлықтай экономикалық пәрменділік күтудің күмәнді екенін ескере отырып, оны заңнамалық терең өзгерістерді қабылдау арқылы қол жеткізе алатын нәтижелермен салыстырып көру қажет. Исламдық қаржы жүйесін біршама сәтті жүзеге асыра алған бүгінгі Еуропа елдерінің тәжірибесі нарықтың шынайы талаптарына жауап бере алатын нақты әрекеттерге бірте-бірте барудың дұрыс екенін көрсетіп отыр.
Мәселен, Ұлыбританияда ислам ипотекасы жағдайындағы қосарланған салық салу мәселесі шешімін тапқан, облигацияларды шығаруды реттеу сукук тәжірибесін назарға алады, Ислам қаржылары жөніндегі Ұлыбритания хатшылығы және Ұлыбритания үкіметі жанында исламдық қаржылар жөніндегі жұмыс тобы құрылған.
Нәтижесінде Батыстағы толыққанды исламдық банк осы елде 2004 жылы ашылып, қазіргі күнде бұл елде бес банк жұмыс істейді. Осы елде алғашқы корпоративті сукуктер 2005 жылдан бері қызмет көрсетеді. Лондон – әлемдік исламдық қаржы орталықтарының бірі, осы қалада исламдық қаржы құқығына маманданатын ірі заң фирмалары жұмыс істейді.
Осы бағытта Ирландия, Франция, Люксембург, Германия елдерінде де көптеген ілгерілеушіліктер бар екенін айта кету керек.
Яғни, қазіргі әлем елдерінде бой көрсетіп отырған «базельдік» және «исламдық» түрдегі қаржы жүйелерінің қатар өмір сүруін қолдайтын бағыттағы стратегиялық қозғалыс ашықтықтың дамуы есебінен бірте-бірте заманауи банктердің сапасын арттыруға, нақты сектордағы шағын және орта бизнесті қаржыландыру құралдарын кеңейтуге және циклдік тұрақтылықты біршама арттыруға мүмкіндік беретіні туралы айтуға болады.
Мейрам Иманбаев
с.ғ.к., сарапшы