Елімізде діни жағдай тұрақты ма? Адамзат қоғамының болашақта әртүрлі қақтығыстарға тап келуі мүмкін бе? Бұл тұрғыда дін сарапшысы, саясаттанушы Мейрам Өткілбайұлы Иманбаевты әңгімеге тартқан едік.              

 Мейрам Өткілбайұлы, қазіргі әлемде көптің делебесін қоздыратын «өркениеттер қақтығысы» деген идея барын білеміз. Осы тұрғыда пікіріңіз қандай?  

– Шынында да, қазіргі күнде жекелеген сарапшылар тарапынан адамзат қоғамын құрап отырған іргелі өркениеттердің болашақта әртүрлі қақтығыстарға түсу мүмкіндігі туралы жорамалдар көп айтылады. Иә, бір қарағанда негізі бар жорамалға да келетін тәрізді көрінетіні рас, өйткені арғы ғасырларды айтпағанда біздің ғасырымызда орын алып отырған шартты түрдегі Батыс пен Шығыс елдері арасындағы саяси, экономикалық себептерге байланысты болып жатқан кикілжіңдер, түптеп келгенде өркениеттік сипатта көрініс тауып отыр деп айтуға болады.

Жалпы, өткен ғасырда өмір сүрген Арнольд Тойнби, Карл Ясперс тәрізді танымал ғалымдар өркениетке адамзаттың ғылыми-техникалық прогреске қол жеткізуін көрсететін өлшем ретінде анықтама берген. Осыған орай, адамзат тарихында болған ірі өркениеттер (Мысыр, Шумер, Үнді, Қытай, Грек-Рим және т.б.) өз заманында ғылым мен техника дамуының белгілі бір жоғары сатысына қол жеткізген ошақтар саналып, бертін келе осы өркениеттердің бір-бірінен ерекшеліктері діни-рухани құндылықтардан көрініс табатыны туралы пікірлер өркениеттерге анықтама берудегі негізгі өлшемдердің біріне айналды.

Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі әлем елдерін іргелі діндердің маңайына топтасқан бірнеше ірі өркениеттердің айналасына топтастыруға болады. Десек те, жоғарыда айтқан Батыс пен Шығыс өркениеттері ұғымының өзі тым жалпылама сипатта екенін айта кету керек. Өйткені осы өркениеттерді құрайтын әрбір елдің бір өркениеттегі және басқа өркениеттегі елдермен өз мүддесін көздейтін дербес саясат жүргізеді және олардың әрқайсысы өзінің саяси, экономикалық және мәдени мүдделерін басшылыққа алады. Сондықтан әлем елдері арасында екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарында болатын кикілжіңдер мен түсінбестіктердің барлығына өркениетаралық қақтығыс ұғымын теле берудің еш қисыны жоқ.

Өйткені, қазіргі әлемде жеке адамдардан бастап, халықтар мен елдер арасындағы мыңдаған арналар бойынша күнделікті жүріп отырған қарым-қатынастар қандай да бір өркениетаралық қақтығыстарға жол бермейтін іргетасты құрайды деуімізге болады. Яғни, қазіргі адамзат үшін әлемдегі кез келген өркениет пен мәдениеттердің қатар дамуының негізін құрайтын ортақ дүниетанымдар мен құндылықтар маңызды орынға ие.

Десек те, тақырыпқа қатысты айтар болсақ, діни астары бар лаңкестік оқиғалардың жиі қайталануынан, әлемнің әр түкпірінде болып жатқан діни алауыздықтардан, дінді саясиландырудан туындайтын фундаментализм себептерінен адамзат қоғамында түсінбестіктердің көбейіп кеткенін мойындауымыз керек.

– Бұған дейін порталымызда елімізге танымал бірқатар сарапшылардан еліміздегі діни ахуал және діни радикализм, фундаментализм  мәселелері бойынша сұхбаттар алдық. Қазір әлем сахнасында пайда болған исламдық террорлық ұйымдардың туындауына не түрткі болуы мүмкін?

 Жалпы, соңғы ширек ғасырда жаһандық деңгейде ислам дінінің нормаларымен өмір сүретін мемлекет құру дейтін утопиялық идеяны басшылыққа алып, үлкен қақтығыстарға жол ашып берген «Әл-Каида», ДАИШ террористік ұйымдарының әрекеттері, бір қарағанда, сағым қуып жүрген есерсоқтардың тірлігіне ұқсағанымен, олардың идеяларының теріс салдары қаншама адамның өмірін жалмап, бейбіт өмір сүріп отырған қаншама мемлекеттерді қантөгістерге алып барғанын бәріміз көріп, біліп отырмыз. Сондықтан біздің мемлекетіміздің діни радикалдық ұйымдардың утопиялық идеяларының шынайы салдарын ерте түсініп, оларға заңнамалық негізде тосқауыл қоюын дер уақытында қолға алынғаны өте дұрыс ұстаным дер едім.

Осы жылдар ішінде еліміздің сот органдарымен тыйым салынған экстремистік және террористік ұйымдар мен топтардың Біріккен ұлттар ұйымының қарарымен, көптеген мемлекетің заңдарымен қауіпті деп танылғанын айта кету керек.

Жоғарыда айтып кеткен Әл-Каида, ДАИШ террористік ұйымдарының идеологиясы туралы айтар болсам, ғалымдар мен сарапшылардың ортақ пікірі бойынша олардың идеялары зайырлы мемлекеттер мен онда өмір сүріп отырған мұсылмандарды дінсіздікпен айыптайтын және олармен күресуді насихаттайтын тәкфіршілдік, жихадшылық идеяларына негізделеді. Жалпы, оның ар жағында саяси мақсаттарды көздейтін теріс идеология тұрғанын сарапшылар да, ислам әлемінің діни тұлғалары да талай айтқан болатын.

Мәселен, өзін «Ислам мемлекеті деп әспеттеген ДАИШ ұйымы өзін әлемдегі шариғатқа негізделген мемлекет ретінде жариялап, өз әрекетінде діни риториканы кеңінен пайдаланғаны рас. Алайда, ол өз әрекетін діни тұрғыдан негіздеуге тырысқанымен, әлемдік мұсылман қауымы тарапынан мойындалмады.

2014 жылы мұсылман әлемінің 126 адамнан тұратын беделді ғалымдары мен танымал тұлғалары ДАИШ басшылығына ашық хат жолдап, олардың әрекеттерінің ислам дініне мүлдем сәйкес келмейтінін діни тұрғыдан жан-жақты дәлелдеп, іс-әрекеттерін тоқтатуға және тәубеге келуге үндеген еді.

Бұл ДАИШ террористік ұйымының исламға қатысы жоқ, саяси мақсаттарды көздейтін ұйым екеніне нақты дәлел. Ал Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада белсенді бой көтерген жоғарыда айтып отырған және болашақта пайда болуы мүмкін осы тектес басқа да радикализммен уланған ұйымдардың пайда болуының негізгі көзі не дер болсақ, ол сол аймақтардың жекелеген елдерінде қалыптасқан саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстардың заңды нәтижесі деуге болады. Демек, діни радикализм идеяларын басшылыққа алатын террорлық ұйымдар мен ағымдардың пайда болуы нақты саяси, әлеуметтік себептерден туындайды және олардың ислам дініне еш қатысы жоқ.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Бүлік кезіндегі сахабалар саясаты

Бір сөзбен айтқанда, саяси биліктен береке кеткен, әкімшілік басқару жүйесі қираған және әлеуметтік, экономикалық модернизациялану үдерісінен шеттеп қалған аймақтар мен елдерді террористік ұйымдардың күш алатын базасы деуге болады.

– Жалпы, ислам әлеміндегі қоғамдық пікірде осы айтып отырған және басқа да террористік ұйымдар мен радикалдық бағыттағы исламдық ағымдарды Батыс елдерінің ойыны, солардың ойлап шығарған жобасы деген ой жиі қылаң береді. Шынымен де, солай ма?

 Мұндай пікірдің мұсылман қоғамдарында анда-санда бой көтеріп қалатыны рас. Әрине, өзіңнің сәтсіздіктеріңе басқаларды кінәлау ең оңай жол екенін ескерсек, сіз айтып отырған ойдың төркіні басқаларды кінәлауға негізделеді.

Бұл, ең біріншіден, қазіргі ислам әлеміне жататын елдердің шартты түрдегі Батыс өркениетіндегі елдермен саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми, технологиялық тұрғыда бәсекелесе алмауының заңды нәтижесі дер едім.

Мұндай артта қалушылық, өз кезегінде, үшінші елдерде тым танымал «астыртын әрекет теориясына» кең жол ашады. Бұл теорияға сенсек, мұсылман елдерінің заманауи дамуына мүдделілік танытпай отырған Батыс елдері әртүрлі құйтырқы әрекеттерге барып, террористік ұйымдарды қаржыландыру арқылы мұсылмандардың берекесін алып отыр екен. Әділін айта кету керек, қазіргі әлемде бұл теория өздерінің әртүрлі салада кенже қалуын басқалардың дұшпандық пиғылымен ақтап алғысы келетін авторитарлық елдерде кең таралған.

Меніңше, бұл – негізсіз сөз. Кез келген елдің немесе өркениеттің дамуының  қарапайым және анық түсінікті заңдылығы бар: өз азаматтарының адами ары мен абыройына сыйластықпен қарай алатын және қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани құқықтар мен бостандықтарды басты құндылықтар ретінде заңмен кепілдендіре алатын елдер ғана өміршең. Жалпылама түрде айтар болсам, ислам елдері осы құндылықтарды басшылыққа алып, демократиялық, құқықтық мемлекет құру жолына түскенде ғана басқалармен терезесі тең дами алады. Керісінше болған жағдайда, ол елдер дінді бетперде ететін радикалдық, экстремистік және террористік ұйымдардың бітпейтін ойын алаңы ретінде қала береді.

– Кезінде елімізден жихадты себеп етіп, саяси тұрғыдан берекесі қашқан аймақтарға кеткендер аз болған жоқ. Бүгінде олардың аман қалғандарын және олардың бала-шағаларын мемлекетіміз елге қайтарып отыр. Бұл мәселе туралы не айтасыз?

 Дұрыс айтасыз, әсіресе, 2012-2015 жылдары аралығында елімізді «дін ұстануға мүмкіндік бермейтін мемлекет» деп айыптап, соғыс өрті тұтанған елдерден «жұмақ» іздеп кеткен азаматтарымыздың қарасы аз болған жоқ. Жоғарыда айтып отырған террорлық ұйымдардың теріс идеяларына елітіп барған сол азаматтардың қаншасы басқа елдердегі азаматтық соғысқа араласып, опат болды, қаншасы өздерімен бірге отбасы, бала-шағаларын алып кетіп, обалына қалды.

2018 жылы Мемлекет басшысының қолдауымен «Жусан» операциясы қолға алынып, 2019 жылы осы операция шеңберінде Сириядан 595 азамат (ер адамдар – 33, әйелдер – 156, бала-шаға – 406, оның ішінде 32 бала жетім) елге қайтарылды.

Бұдан бөлек, 2017-2020 жылдар аралығында «Жусан» операциясынан тыс әртүрлі жолдармен Ирак, Түркия, Ауғанстан елдерінен 121 азамат елге қайтарылды. 2019 жылғы қараша айында Ирактан «Русафа» операциясымен 14 бала-шаға елге әкелінді. Русафа – осы балалардың аналары жатқан түрме атауы. Жалпы, осы жылдар аралығында соғыс аймақтарынан 742 азамат елге қайтарылды.

Бұл жерде бір нәрсе айқын – біздің елімізде дінді себеп етіп, шетін әрекеттерге баратын кез келген радикалдық идеяларды ұстануға, таратуға және одан туындайтын әрекеттерге баруға заң жолымен жауапкершілік жүктеледі. Бүгінде радикалдық діни ұстанымдарының жетегімен бөтен жердегі соғыс аймақтарына саналы түрде барып, елге қайтарылған ересектер кінәларына сай  жазаларын алды. Дұрыс, мемлекет бар жерде заң бар, ал оны бұзғандар «қолмен істегендерін мойындарымен көтерулері» керек екеніне дау болмаса керек.

– Соңғы сауал. Елімізде радикалдық діни ағымдардың идеологияларының таралуының алдын алу бағытында іске асырылып отырған жұмыстар туралы не айтар едіңіз?

– Жалпы, бүгінгі күнде мемлекет тарапынан діни радикализм мен экстремизмнің алдын алуда және терроризм қаупін еңсеруде бірізді жұмыстар жүргізіліп отырғаны сөзсіз. Елімізде экстремистік және террорлық әрекеттерге қарсы пәрменді жұмыстар жүргізуге арналған тиісті заңнамалық және институционалдық тетіктер жасақталып, мүдделі мемлекеттік органдар өз құзіреттеріне сәйкес осы бағыттарда іс-шараларды іске асыруда.

Барлық деңгейдегі мүдделі мемлекеттік органдар діни радикализм, экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда.

Жүргізіліп отырған ауқымды ақпараттық, ағартушылық, түсіндіру жұмыстарының арқасында бүгінгі күнде қоғамымызда шынайы дін мен теріс діни ағымдардың аражігін ажыратата алатын және діни радикализм мен экстремизм идеяларын қабылдамайтын сана қалыптасты деуге болады.

Бұл – мемлекеттік органдар, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, ақпарат құралдары мен белсенді ұстанымдағы азаматтардың күнбе-күнгі жұмыстарының нәтижесі.

– Сұхбатыңызға рахмет!          

Пікір жазу