Сұрақ: Менің дәулетті танысым бар, бірақ, ақшасын өзінен аяп, үнемі тозығы жеткен киіммен жүреді. Ислам тұрғысынан осылай істеу дұрыс па?
Жауап: Ислам үнемділікке, ұқыптылыққа шақыратыны рас. Бірақ, үнемділікті сараңдықпен шатастырмау қажет. Сараңдық мүлдем бөлек қасиет. Егер адамның қолында өзіне, отбасына жетерлік нығметі болса, онда ол оны тиісінше жеке басына да жұмсауы тиіс.
Басқаша айтқанда ол өзін бір мүсәпір, пақыр кедейге ұқсатпауы қажет. Алланың нәсіп еткен нығметін басқаларға көрсете білген жөн. Егер пенде Алланың берген нығметіне шүкірлік қылатын болса, онда ол өзіне жомарттық танытқан саналмақ.
Имам Ахмад ибн Ханбалға қатысты мынадай риуаят бар:
Бір күні имам Ахмад адамдарға дәріс беріп жатып, олардың арасынан үстіне ескі киім киген адамды көреді. Дәріс аяқталып, адамдар тарқаған соң, имам Ахмад әлгі кісіні шақырып:
– Мына жайнамазды көтер. Астынан мың дирһам табасың. Оны алып, жеке басыңа жаратып, түріңді жөнге келтір, – дейді.
Әлгі адам өзінің бай екенін және ешқандай ақшаға мұқтаж еместігін айтып түсіндіреді. Сонда оған ашуы келген имам Ахмад:
– Сен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Күмәнсіз, Алла құлының үстінен Өз нығметінің көрініп тұрғанын жақсы көреді» деп айтқан сөзін естімедің бе?! – дейді (Теремзи).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ