Осыдан бірнеше күн бұрын Ғазалидің бір сөзін көзім шалып қалды, соны қалың жұртпен бөлісуді жөн көрдім. Сөзімді мынадан бастағым келді.
Шайтанның барлық деңгейдегі адамдар үшін жеке-жеке тактикасы, жоспары мен стратегиясы бар. Мұсылмандарды бөлек, мұсылман еместерді бөлек арбау жолын таңдап жақындайды. Мұсылмандардың ішіндегі тақуаларына бір бөлек, күнәһарларына бөлек ықпал етеді. Тұзақтан хабардар және оған қарсы не істеу керектігін білетіндер үшін шайтанның құрған бұл тұзағы әлсіз әрі тиімсіз болып қала бермек. Алайда, егер ол тұзақтың не екенін білмесек, құрылған ең жеңіл тұзақтың өзінен қашып кету, не арылу бізге қиындық тудырады.
Ғазали шайтанның тұзағы байқамай болса да күнә жасаған мүміндер үшін өте маңызды тұзақ екені айтылады. «Күнә жасаған көп мұсылмандар тәубе еткісі келсе де, оған кедергі болатын нәрсе – олар «бәрібір қайтадан күнә жасаймын, сөйтіп тәубем текке кетеді немесе осылай ету арқылы одан да үлкен күнәға батамын» деп ойлайды.
Бұл ой бір қарағанда бейкүнә болып көрінетін сияқты, ал шын мәнінде, ол шайтанның сізді адастыру мақсатында құрған тұзағы. Ғазалидің бұл мәселеде талдауы бар. Ол былай дейді:
«Тәубеге келуге кедергі болатын нәрсе, оның тағы да күнәға қайтатынын және айтқан уәдесінде тұра алмайтынын есіне алып, менің берген уәдем көмектеспейді» деген адамға, келесідей жауап беріңіз:
«Бұндай пікір, ой – шайтанның алдауы. Қайтадан күнә жасайтыныңды қайдан білесің? Бәлкім, тағы да күнәға бармай тұрып не боларын қайдан білесің?! Қайтадан күнә жасаудан қорқуға келер болсақ. Сізге тәубе (уәде) мәселесінде табандылық пен шыншыл болу керек. Басқасы тек Аллаға ғана аян. Егер Алла сіздің шынайы жасаған дұға-тілектеріңізді қабыл еткен болса, бұл сізге Алланың берген ең үлкен нығметтерінің бірі ғана деп санаңыз.
Бұған қоса, тәубеңіздің қабыл болуымен бұрынғы күнәларыңыз кешіріліп, өтеледі және пәк боласыз. Бұлай тәубе етіп, уәдесінде тұру үлкен табыс және үлкен жеңіс. Ендеше, Сіздің дәл қазір тәубе етуіңізге «қайтадан күнә жасап қоюым мүмкін» деген ой кедергі болмасын! Өйткені тәубе ету арқылы қалай болғанда да жоғарыда мен айтқан баға жетпес екі байлықтың біріне қол жеткізген боласыз. Тәубені қабыл етуші де, тура жолға нұсқаушы да Алла», – дейді Ғазали Минхаджу л-Абидин еңбегінің 58-бетінде.
Қорытындылайтын болсақ, әлеуметтік желінің дамыған, қоғамның бір-бірінен қорқатын және бір қателіктің әлемге бір мезетте таралу мүмкіндігі болған бұл уақытта Ғазалидің өсиеттерін оқуға және тыңдауға кеңес беремін. Алланың қалауы мен берген уәделерімізде тұрып, «тәубеміз» қабыл болған пенделер қатарынан табылуымыз нәсіп болсын.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
PhD докторы