Тұрақты сөз тіркесі ретінде қалыптасқан бұл сөз бір істі бастар алдында Алла тағалаға тәуекел етуді білдіру мақсатымен айтылады, яғни мағынасы «мен бір істі бастап жатырмын немесе орындайын деп жатырмын, бірақ бұл іс Алла тағала қаласа ғана жүзеге асады, қаламаса, жүзеге аспайды» деп, Алла тағаланың құдіретіне бас июді, Оған мойынсұнуды,  ісін Алла тағалаға тәуекел ете отырып бастауды білдіреді. Пайғамбарымыз да (с.а.с.) бір хадисінде: «Адамдар үшін иншалла деп айтудан асқан бағыныштылықты (Аллаға мойынсұну)  білдіретінсөз жоқ», — деген. Ислам әдебі бойынша, тіпті, нақты болатын істерде де «иншалла» деп айтылуы қажет. Себебі Құранда Фәтх сүресі 27-аятта Алла тағала мұсылмандарға: «Иншалла, Харам мешітіне кіресіңдер», — деп уәде етеді. Осылайша, кез келген болатын істе де «иншалла» сөзін қосып айтуды әдетке айналдыруды үйретеді. Кәһф сүресі 23-24-аяттарда: «Иншалла деп айтпастан, ешбір нәрсені ертең жасаймын деп айтпа», — делінген. Сондықтан да біз бұл сөзді айтуға әдеттенуіміз қажет. Бірақ иман мәселесінде, бұл сөзді қолдануымызға болмайды. Мысалы, біреу: «Мұсылмансың ба?», — деп сұрағанда, «Иншалла, мұсылманмын», — деп жауап берсе, онда адамның өзінің иманына күмәнмен қарайтындығын  білдіреді. Сол секілді, «Иншалла, Алла тағаланың бар екеніне сенемін», — десе, бұл да адамның иманының күмәнді екенін білдіреді. Яғни, иманды білдіретін ойларымыз нақты болуы қажет.

«Мәшалла» сөзі де «мә», «шәә», «Алла» деген сөздердің тіркесінен тұратын, «Алла тағаланың қалағаны осы еді, Алла тағаланың қалағаны болды» деген мағынаны білдіретін сөз. Бұл сөзадамның көңіліне бір нәрсе ұнағанда, сүйсінгенде, сұлулықты көргенде, бұның бәрі негізінде Алла тағалаға тиесілі екенін сезініп, соны тілімен жеткізу мақсатында айтылады.

Осы сөздердің қасында көп айтылатын тағы бір сөз бар, ол «бәрәкалла» сөзі. Мұны халқымыз «бәрекелді» деп айтып кеткен. Мағынасы «осы істі Алла тағала берекелі етсін» дегенді білдіреді. Көріп отырғанымыздай, бұлар қысқа сөз болғанымен, мағыналары ауқымды, мұсылманның әдептілігін, сыпайылығын, Алла тағаланың алдында бас иетіндігін білдіретін мәнді сөздер.

Пікір жазу