Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы «Ықылас» мешітінде «Иманды ұрпақ – ел болашағы» атты Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ІІІ облыстық сайыс өтті.
Облыстың түпкір-түпкірінен елуден аса мешіт шәкірті қатысқан сайыста әдемі әуезді қатысушылар азан айтып та бақ сынады. Алдымен «Ықылас» мешітінің бас имамы Нұрлан Әбенұлы сөз сөйлеп, Теміржан қари Құранның ғибраты жайлы уағыз айтты.
Аудандардағы мешіттерде сауат ашқан шәкірттер өзара жарысқа түсіп, әуезді үндерімен Алланың кәлима сөздерін тартымды етіп жеткізді. Әділ қазылар шешімімен Арлан Акаев бас жүлдеге лайық деп табылды. Ал, қалған екі орын Төрежан Уәлиханұлы мен Жомарт Қадылұлына бұйырды.
Жамағат арасынан Құранның тағылымына ден қоюшылар да өте көп. Құранның отызыншы парасы бойынша Қуаныш Қаналбек, Райымбек Қайратұлы, Азамат Мұратбеков сынды сайыскерлер үш жүлдені өзара бөлісті.
Сонымен бірге, Құранды мәнерлеп оқу сайысы да болды. Бұл жолы Ержан Иманжан, Абдулла Сембиев және Ағасқан Мақсат жүзден жүйрік шықты. Осы сайыстарда ерекше көзге түсіп, жүлде алғандарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит шараны қорытындылап, алда да осындай ізгі істер көптеп қолға алынады деді. Ал сайыс соңында демеушілердің қолдауымен қатысушыларға сыйлық табысталып, арнайы дастарқан жайылды.