Өзбекстан мүфтиі Нуриддин хазрет бір уағызында былай деген еді:
«Пайғамбарлардың мирасқорлары деп мойындалған ғұламалардың дәрежелері өте үлкен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғұламалар – пайғамбарлардың мирасқорлары», – деген. (Әбу Дәуіт)
Кейінгі кезде етек алған бір мәселе – сол ғұламаларды сынау әдеті. Ең қызығы, өздері үшін ең маңызды болған ғибадаты – намазда, имам михрабқа өткенде: «Ұйыдым осы имамға», «Алланың ризашылығы бөлену үшін оқитын намазымды осы имамға тапсырдым», – деп айтып, бірге сәжде жасаған имамды, намаз біткен соң, сөз қылып, сынай бастаулары.
Имам деп мойындаған соң, оның қатесін іздеу, өсек қылу, ғайбат айту – ең жиіркенішті, бейәдеп қылық. Қазіргі кезде ғұламаларды, имамдарды әлеуметтік желіде абыройсыз етіп, сөз таратушылардың жартысынан көбі – шетте тұрған тролльдар.
Әрине, қатесіз пенде жоқ, имам да пенде, қателесуі мүмкін. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлық адам баласы қателесуші…», – деп айтты.( Тирмизи, Ибн Маже)
Бірақ, мұның артында басқа нәрсе тұр. Кешегі «араб көктемін» көрдік, араб елдері Сирияда, Мысырда, басқа жерлерде болған жағдайларды білесіз, не болмады? Мыңдаған үйлер тас-талқан болды. Қаншама бала жетім қалды. Қаншама адамның қаны төгілді. Білесіздер ме осының басталуы алдында не болғанын?
Бар нәрсе имамдарды жамандаудан басталды. Интернетте ғалымдардың, имамдардың қателерін тауып, жария қылып, халыққа жеккөрінішті еткен болатын.
Не үшін олай жасады? Өйткені, ертең ел арасында дау-жанжал шықса, елге тоқтау айтатын имамдардың абыройы болмауы үшін солай жасады. Осылайша: «Бұлардың сөзіне ермеңдер, бұлар елді бүлдіріп жатыр», – деп, өз пікірінде бекем тұрған, ел ортасында абыройлы болған шейх Рамазан әл-Бутиді мешіттің ішінде жарып жіберді.
Нәтижесі не болды? Нәтижесі уыздай ұйыған, өзара бір жанұядай, бауыр, туысқан болған халық бір-біріне қару көтерді. Кім жеңді, әлбетте сырттағылар жеңді. Имамдарға, ілім иелеріне қарсы бейәдеп қылық жасаудан, басқалар, яғни дін дұшпандары ғана пайда көреді.
Тағы бір таңғажайып нәрсе, имамдар мен ілім иелеріне үкім айтып жүргендердің өздері ілімсіз, надан еді. Егер ілімі жетіп, екі ғалымның пікірталасын тыңдап болып, қатесін тауып, дұрысын айтатын болса, онда бір басқа. Ал,ілімсіз болып, пәтуа беру үшін Алладан қорықпады ма?
Алла баршамызға һидаят берсін!..»
Дайындаған Қуат ҚАБДОЛДА