Имам Әбу Ханифа және ханафи ғалымдарының фиқһта сүйенген дәлелдері:
- Құран Кәрім. Құран Кәрім – Ислам шариғатының негізі. Исламның жалпы қағидалары Құраннан алынады.
- Сүннет. Сүннет – Алла Елшісінің шариғат үкімдерін қамтыған сөздері, іс-әрекеттері мен мақұлдаған істері.
- Ижма. Ижманың фиқһтағы мағынасы – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғаннан кейін мұсылман мүжтәһид ғалымдарының белгілі бір діни үкімге бірауыздан келісуі. Ижма нақты дәлел санатына жатады, оған күмәнмен қарап, қарсы шығу дұрыс емес.
- Қияс. Құран аяттары мен хадистерде және ижмада ашық үкімі жоқ қандай да бір қалыптасқан ахуалды Құран мен хадисте сөз болған қандай да бір жағдаймен салыстыра отырып, ұқсастығына қарай шешім шығару. Қияс нақты бір негізге сүйенгенде ғана дұрыс саналады. Негізінен қияс арқылы жаңа бір үкім белгіленбейді. Қияс арқылы Құран мен сүннетте негізі бар үкім шығарылған болады.
- 5. Сахаба сөзі. Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында өмір сүріп, оған иман келтірген және оны көргендерді «сахаба» дейді. Ислам құқықшыларының көпшілігінің көзқарасы бойынша, ижтиһадпен шешілмейтін бір мәселеде сахабаның сөзі дәлел бола алады. Өйткені, сахаба сөзінің Хазіреті Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) естіген, үйренген бір мәліметке сүйену ықтималы қуаттырақ. Ханафилар етеккір мерзімінің ең азы үш күн болуын Ибн Масғудтың (р.а.), ең көп жүктілік мерзімінің екі жыл болатындығын Хазіреті Айша анамыздың (р.а.) айтқан сөздеріне сүйене отырып белгілеуі осыған мысал бола алады.
- Истихсан. Мүжтәһидтің қандай да бір мәселеге қатысты, осыған ұқсас екінші бір мәселеге үкім берерде Құран, хадис, ижма, зәрулік, жасырын қияс, әдет-ғұрып секілді дәлелдерге сүйеніп, алғашқы үкімді тастап, одан күштірек екінші бір үкімді алуы. Ханафилердің истихсан әдісі «Қиындықты тастап, жеңілін таңдау» принципі негізінде жүзеге асады. Ханафи ғалымдары осы әдісті қолдана отырып, уақыт талабына қарай діннің негізгі қағидалары аясында жаңа үкімдер шығаруға қол жеткізген.
- «Әдет-ғұрып». Қандай да бір елдің немесе ұлттың арасында көпшіліктің қолдауына ие болып, қолданысқа енген, белгілі бір қимыл-әрекеттен тұратын және сол халықтың өмір сүру салтынан хабардар ететін әдеттер жиынтығы. Шариғат негіздеріне қайшы келмей, арамды адал, адалды арам қылмай, адамдар арасында әдетке айналған ғұрып дұрыс, яғни сахих ғұрып болып саналады. Шариғат үкімдерінің және Ислам құқығының негізгі қағидаларына қайшы келмейтін әдеттер негізге алынуы керек. Өйткені, Ислам құқығындағы үкімдердің негізгі мақсаты – адамдардың игілігі, әділетсіздікті болдырмау және қиындықтың алдын алу. Ислам құқығы бойынша, үкім берілер кезде белгілі бір қоғамда әдетке айналған, ғылым-білімде өзіндік орны бар ғалым мамандарының құптаған көзқарасы ескеріледі.