Бұл Түркістан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында ХХ ғасырдың басында тұрғызылған тарихи сәулет өнері ескерткіші. Икрам ишанның қай жылы туылғаны белгісіз. Шамамен ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмірге келген деп болжанады.
Оның түп атасы Әзiрет Әлiден тарайтындығы айтылады. Бергi атасы Сәйдi Ешмұһаммәд (Ересiм Сейiт – Шұбар атты Мәлiм Сейiт). Ересiм Сейiттен – Бөбей Сейiт; одан – Төлек Сейiт; одан – Дiнмұһаммәд Сейiт; одан – Мұһаммадәлi Сейiт; одан – Махсұтәлi Сейiт; одан – Дәулетәлi Сейiт; одан – Махтұм Сейiт; одан – Дiнмұһаммәд Сейiт; одан – Үмбетәлi Сейiт; одан – Бөбей Сейiт; одан – Мұстафа; одан – Қасым ешан; одан – Ташмұһаммәд Сейiт, Қосмұһаммәд Сейiт, Есiм ишан, Икрам ишан.
Икрам ишанның алты әйелi болған. Солардың төртеуiнен перзент көрген. Бiрiншi әйелi Мариядан – Әлиакбар, Әлиасқар; екiншi әйелi Айсақайдан – Әбдiмәлiк, Маһмуд (Мамыт); үшiншi әйелi Қадишадан (Қатша) – Әбибулла; төртiншi әйелi Кенжеден – Убайдулла есiмдi балалары болған.
Икрам ишанның әкесi Қасым да, шешесi Несiбелi бибi де ата-тегiне тартып, заманының көзi ашық адамдары еді. Икрам ишанға да ата-анасының осы қасиетi дарыған. Атақты Шәдiтөре Жаһангерұлының «Өсиетнамасын» өз аузынан естіп, жазып алған Икрам ишан болатын.
Ол Балтакөлде мешіт-медресе ұстап, халыққа дін үйреткен. Мешіттің жанындағы Ақкөл медресесi Қазан төңкерiсiнен кейiн жабылып, кеңестiк оқу жүйесi бойынша «Ақкөл» бастауыш мектебi болып ашылған. Бұл медреседе Айтжан дамулла сабақ берген. Бұл кiсi атақты Әбубәкiр қарының әкесi.
Икрам ишан мешітінің бұрынғы орны Сырдарияның жағасына таман, көпiрден жоғары, дарияның сол жағында бiр шақырымдай жерде болған. Тасқын судан мешiт құлайтын болған соң Икрам ишан елдi ұйымдастырып, қазiргi орнына қайта салдыртқан.
Мешiттiң қабырғасы көтерiлгенде Икрам ишан «қызыл белсендiлердiң» қатаң қудалауына ұшырайды да құрылысты аяқтауды ұлы Әлиасқарға тапсырып, өзi Ташкент жағына кетедi. Көп ұзамай 1923 жылы қайтыс болып, Ташкент облысы Қытайтөбе деген жерге жерленген.
Икрам ишанның ұлы Әлиасқар атақты академик Рахманқұл Бердiбайға азан шақырып ат қойған.
Мұхан ИСАХАН