Атақты табиғин Абдулла ибн Динар былай деп әңгімелейді: «Бір күні ардақты сахаба Омардың ұлы (р.а.) Меккеге сапар шекті. Түйеге мінуден жалыққанда, мінетін есегі болатын. Сапарға шыққанда міндетті түрде есегін алып шығатын және басынан сәлдесін тастамайтын. Жолда есегімен келе жатып бір кісіге жолықты. Оған қарап:
– Сен пәленшенің ұлы, түгенше емессің бе? – деп сұрады. Ол:
– Иә, дәл солмын! – деп жауап берді. Ибн Омар астындағы есегін оған беріп:
– Мынаған мініп ал, – деді де, артынша басындағы сәлдесін беріп:
– Мынаны да басыңа орап ал!, – деді. Жанындағы жолдастарының бірі ибн Омарға (р.а.) қарап:
– Алла сені кешірсін! Есегіңді және сәлдеңді мына кісіге бостан босқа бердің бе? – деді. Сонда ибн Омар (р.а.):
– Мен Алла Елшісінің: «Игіліктің ең жақсысы, кісінің әкесі өлген соң, әке досының жанұясына қамқор болуы», – деп айтқанын естіген едім. Мына кісінің әкесі, менің әкем Омардың досы болатын», – деп жауап берген еді».
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz