Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Ұлттық мереке – Республика күніне орай тұңғыш рет өтетін І халықаралық Құран жарысына қатысушы қарилар Астанаға толық келіп жетті.
Елорданың Халықаралық әуежайынан Құран Кәрімді толық жаттаған шетелдік қариларды Діни басқарма қызметкерлері мен қала имамдары қарсы алды. Атап айтқанда, Ливан мен Ливия, Мысыр Араб Республикасы мен Иран Ислам Республикасы, Кувейт пен Йордания, Малайзия мен Түркия, Шешенстан мен Башқұртстан, Дағыстан мен Ресей, Қатар мен Индонезия мемлекеттерінен қатысушы қарилар, сондай-ақ жарысқа қазылық ететін түркиялық және мысырлық тәжірибелі қари-ұстаздар келді.
Айта кетейік, екі күнге созылатын Құран жарысына 30-ға жуық мемлекеттің қарилары қатысады. Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан, Діни басқарманың ресми әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан тікелей эфир арқылы көрсетіледі.