Хасан бин Зияд – ханафи мәзһабының фақиһ ғалымы. Оның толық аты-жөні – Әбу Әли әл-Хасан бин Зияд әл-Лулуйи әл-Куфи әл-Ансари. Ол Имам Ағзам Әбу Ханифаның ілімімен сусындаған мүжтәһид ғалымдардың бірі болып табылады. Күниясы – Әбу Әли. Інжу сатқандықтан, «әл-Лулуий» деген лақап атпен танымал болған. Негізінен мәдиналық Әнсар ұрпақтарынан шыққан. Миләди 734 жылы (һижри 116 ж.) Куфа қаласында дүниеге келіп, 819 жылы (һижри 204 ж.) сол жерде қайтыс болды.

Ілім жолын жастайынан бастаған Хасан бин Зияд ұзақ жылдар бойы Имам Ағзам Әбу Ханифаның дәріс алқасына қатысып, тәлім алды. Ибн Жүрәйжден хадис тыңдап, риуаят етті. Бүкіл діни және дүнияуи ілімдерді үйреніп, мүжтәһид дәрежесіне жетті. Ұстазы Имам Ағзам сияқты абсолютті (мутлақ) мүжтәһид болмаса да, оның бекіткен негіздері бойынша үкім беретін мәзһабтағы мүжтәһид дәрежесіндегі тұлға болатын. Өте зерек болған Хасан бин Зияд барлық Рәй иелерінің (Ирак ғалымдарының) сөздерін жаттады. Бірнеше жыл бойы ілім үйретіп, шәкірт тәрбиеледі. Мұхаммед бин Сәмуъа әл-Қади, Мұхаммед бин Шужаъ әс-Сәлжи, Шуъайб бин Әйюб сияқты ғалымдар одан тәлім алды. Ұзақ жыл Куфада тұрғаннан кейін Бағдатқа келіп, Хафс бин Ғиястың орнына қазылыққа тағайындалды. Бірақ, кейін ол қызметінен бас тартып, ғұмырын Ислам дініне қызмет етуге арнады.
Зәһәби ол жайында: «Хасан бин Зияд Ирактың фақиһ ғалымдарының қатарына жатады. Ол фиқһты жоғары деңгейде меңгерді. Оның фиқһ саласына деген қабілеті аса жоғары болатын, әрі өте өткір зейінді тұлға еді», – десе, Хатиб Бағдади мен Зирикли де оның қазы әрі фақиһ болғандығын тілге тиек етеді.
Имам Бұхаридың ұстазы әрі сол дәуірде өмір сүрген атақты хадис және қырағат ғалымдарының бірі болған Яхия бин Адәм: «Хасан бин Зиядтан асқан фақиһті көрмедім», – деп айтқан. Сол дәуірде көпшілік тарапынан сенімді деп қабылданған Яхия бин Адәмның ол жайында бұлайша жақсы лебіз білдіруі, сол кісінің абыройын көрсетуі тұрғысынан өте үлкен маңызға ие.
Ал енді күнделікті өмірін қалай өткізгендігіне келер болсақ, бұл жайында Насыр бин Яхия былай дейді: «Хасан бин Зияд күнделікті өмірін бірнеше бөлікке бөлетін. Әрбір күннің бастауы болып табылатын таң намазынан кейін шәкірттеріне дәріс беріп, содан соң фиқһтың тармақ мәселелеріне көп уақыт арнайтын. Мұнысы түскі уақытқа дейін жалғасатын. Осыдан кейін үйіне барып қажеттіліктерін жасап, дәретін алып болғаннан кейін түскі намазға баратын. Түскі намаздан соң екінті намазына дейін күнделікті мәселелерге байланысты сұрақтарды талқылайтын. Екінті намазынан кейін фиқһ әдістемесіне байланысты кітаптарды бір-бірімен салыстыра отырып, зерттеулер жасайтын. Шам намазын оқығаннан кейін үйіне барып, құптан намазына қайта мешітке баратын. Намаздан соң түннің бір уағына дейін мирасқа қатысты тақырыптарды зерттеп, әрі пікірталас жүргізетін».
Мінез-құлқына келер болсақ, Ахмәд бин Абдулхамид әл-Хариси, Хасан бин Зияд жайында былай деген: «Фиқһы мен ілімі және тақуалығына қоса Хасан бин Зияд секілді өте көркем мінез-құлыққа ие әрі әрқашан жанына еш қиындықсыз жете отырып, ілімінен пайдалана алатын ешкімді көрмедім». Сонымен қатар, Хасан бин Зияд көркем мінез-құлыққа ие, құлшылықта, сондай-ақ, харам нәрселерден сақтануда, әрі Ислам дінінің әмірлеріне бой ұсынуда өте ықыласты болатын. Ол Хз. Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Құлдарыңызға және өз қамқорлықтарыңыздағы кісілерге өздеріңіз киген нәрселерден киіндіріңіздер!», – деген хадис шәрібіне амал қылу үшін өзі не киетін болса, қызметшілеріне де соны кигізетін, әрі өзі жейтін тағамдардан да қызметшілеріне беретін.
Осылайша, Хасан бин Зияд Әбу Ханифаның шәкірттері арасында аса зерек, көкірек көзі ояу, фиқһтық мәселелерді зерттеп-зерделеуде тамаша ақылға ие фақиһ ғалым ретінде Ислам тарихында өшпес із қалдырды.
Еңбектері: 1. Әдәбул-қади; 2. Мухаррар; 3. Мәъанил-әйман; 4. Әл-Хараж; 5. Әл-Фарайд; 6. Ән-Нәфақат.

Нұрбол ӘБСАТТАРҰЛЫ

 

Пікір жазу