Әбу Дуләма – Африка жерінен құл боп келген ақын. Бас бостандығын алған соң, халифалар сарайына шақырылатын деңгейдегі ақынға айналады.

Бір күні Маһди құзырында жаңа туындысын оқығанда, халифа «қалауыңды айт!»,-дейді. Ақын:

-Ит беріңіз,-дейді. Халифа жөнсіз сөзге ашуланып:

-Сенен қалауыңды айт, не сұрасаң да беремін деп тұрмын. Мұның не?!» — дейді. Ақын:

-Уа, мұсылмандар әміршісі! Сіздің қалауыңыз ба, әлде менікі ме? — дейді. Халифа:

-Сенікін сұрап тұрмын!,-дейді.

-Онда аңға салатын ит беріңіз.

-Қалауың болсын!

-Уа, мұсылмандар әміршісі! Итпен бірге жүгіріп жүремін бе?

-Ат беріңдер!

-Уа, халифам! Аң ұстағанда атыма кім қарап тұрады?

-Атқосшы жігіт беріңдер!

-Уа, әміршім! Аңды пісіретін адам қажет.

-Мынаны үйлендіріңдер!

-Уа, халифа! Осыншама адамды бір қара басыма артып қойдыңыз,-дейді ақын. Сонда халифа оның әу баста діттеген ойын түсініп, күліп бұларды қамтамасыз ететін қаражат бөлдірген екен.

Руслан ҚАМБАР

Пікір жазу