Бүгінде «Харекет» қайырымдылық қоры туралы көбі біледі. 2017 жылы құрылып, ресми түрде тіркелген ұйым өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға, үй-күйсіз жүрген, ата-анасынан айырылған балаларға, қарттарға, жалғызбасты аналарға көмектесіп келеді. Мысалы, жақында үйі өртеніп, далада қалған бүтін бір отбасына жаңа баспананың кілтін табыстады. Осылайша, қайырымдылық қоры бес жылдың ішінде 800-ден астам отбасына баспана бақытын сыйлаған. Қордың негізін қалаушы Гүлмира Мұханқызы бұл игі іске халық зор үлес қосып отырғанын айтады.
– «Харекет» қайырымдылық қоры туралы көбіне «Өнер қырандары» театрының актерлері ел алдына шығып, ақпарат беріп жатады. Соған қарап, қорды өнерде жүрген азаматтар ашқан екен деп ойлайтынбыз. Бұған жұрт алдына көп шықпауыңыз себеп шығар. Қайырымдылық қорын ашуға не түрткі болды?
– 2002 жылы белгілі бір себептермен Түркістаннан Алматы қаласына көшіп келген болатынмын. Екі бөлмелі пәтер сатып аламын деген жоспарым болды. Алдын ала келісіп, қаражаттың бір бөлігін төлеп қойған едім. Алайда сол пәтер аламын деген ақшамды ұрлап кетті. Содан 10 жыл бойы Алматыда пәтер жалдап тұрдым. 2012 жылы Астанадан үй алып, көштім. Осы уақыттарда денсаулығым біраз сыр беріп, ауырып жүрдім. Өзім сондай күйде жүріп, оқырмандарға білген дүниемді айтқым келген болар. Әлеуметтік желіден парақша ашып, Абай атамыздың, Әйтеке бидің сөздерін, жетімдерді жылатуға болмайтыны жайлы хадистер жазып, салып жүрдім.
Бір күні аяқастынан «Жолдасым екеуіміз бір қызымызбен он жыл бойы пәтер ала алмай жүрсек, көпбалалы отбасылар қашан үй алады екен?» деген ой келді. Қарасам, бес мыңдай оқырманым бар екен. «Бәрі мың теңгеден жинаса, бір баспананың бағасы шығады ғой» деп ойладым. Былай қарап тұрсақ, бұл адамның қалтасына аса ауыр емес. Осы ойымды Facebook-тағы парақшама жазып, «Бәріміз мың теңгеден жинап, бір жетімге үй алып берсек қалай қарайсыздар?» деп ой тастадым. Бәрі қолдайтынын айтып, келісе кетті. Сол постымның астына бес жүз адам пікір қалдырыпты. «Керемет идея екен. Шот ашыңыз» деп жазғандар болды.
Бірақ басында маған оңай болмады. Өйткені сөз жүзінде бәрі қолдағанмен, іске келгенде жағдай басқаша болып жатады ғой. Содан біраз жүрдім. Артымнан қаншама халық еріп жатқаннан кейін түрлі адам болады. Сол сәтте «Дінге кір келтіріп аламын ба?» деген ой да мазалады. Қаражат жинап жатқан соң, жекеме «Алаяқ емессіз бе?» деп жазғандар да бар. Түрлі сөздер жаныма батып, жылаған кезде үміт үзбей, Жаратушыдан көмек сұрап, тілеумен болдым. «Шешінген судан тайынбас» демекші, ақыры осындай тәуекелге бел буған соң аяғына дейін апаруды ойладым. Бұл істі жүйелеп алу керек деп, қор ашу туралы шешім қабылдадық. 2017 жылдың 7 қазанында қордың құжаты қолымызға тиді. Осылайша, бірінші баспанаға алты айдан кейін қол жетті.
Алғашқы баспананы 2017 жылы 12 желтоқсанда Қарағанды облысы Сәтбаев қаласынан алып бердік. Баспананы сыйлаған сәтте «Өнер қырандары» театры сол жерде болып, бірге табыстаған болатынбыз. Театрда сахнасында жетім-жесірге көмектесу жайлы қойылым қойып, жұртшылыққа осы тақырыпты насихаттап жүргенінен хабарым бар. Содан «Осы игі істі бірге жалғастырсақ» деп ұсыныс білдірдім. Мадияр Серікбаев пен қасындағы жігіттер бірден қолдады. Содан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Танымал адам болса, көбі сенім артады. Жылдан-жылға қатарымыз толығып жатқанына қуанамын.
Көмек сұраған отбасылардың жағдайын барып көрген соң шешім қабылдаймыз. Айына тұрақты түрде 30 баспана алып берсек деген мақсатымыз бар. Негізі, бір айда 60-70 үй сыйлаған кездеріміз де болған. Нақтырақ айтсам, 2020 жылдың желтоқсанында 60 баспана берсек, 2022 жылдың наурызында 70 отбасына баспана кілтін табыстадық. Құдайға шүкір дейміз, басында бір баспана сыйлау арман еді.
– Айына 60-70 баспана сыйлау таңғаларлық дүние ғой. Бұл қаражаттың бәрін халық жинап бере ме?
– Иә. Үй сатып алып жатқан қаражаттың бәрін өмірдің түрлі қиындығына тап болған адамдардың өміріне бейжай қарамайтын жанашыр жұрт жинап беріп отыр. Бұл осы уақыттың ішінде халықтың сеніміне ие болғанымыздың белгісі деп ойлаймын. Қиындықта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігіп әрекет етсек қана мақсатымызға жете алатынымыз анық. Осы орайда біздің тұрақты салымшымыз болып, үйсіз жүрген жандарға көмек қолын созып жатқан халқыма алғыс айтқым келеді.
– Бұған дейін қай салада жұмыс істедіңіз? Мамандығыңыз туралы біле отырсақ.
– Мамандығым – есепші. Қазір Алматы қаласында тұрып жатырмын. 2018 жылы Алматыға көшуге тура келді. Өйткені бас кеңсеміз осы жақта.
– Қордың құрылғанына бес жылдан асыпты. Қазір кеңселеріңіз, қызметкерлеріңіз бар ма?
– Карантинге дейін қызметкерлеріміз болмаған еді. Ол уақытта еріктілермен жұмыс істедік. Карантиннен кейін қорқып, адам алу керек деген шешімге келдік. Өйткені ертең еріктілер ауырып қалса, жауап беруіміз керек. Сөйтіп, әр өңірден бір адамды жұмысқа алдық. Әр жерден жауапты бір адамды қоймасақ болмайды. Өйткені құжатпен жұмыс істейміз. Баспана табыстау оңай шаруа емес. Оның артында қаншама жұмыс атқарылады.
Қазір кеңсеміз, бухгалтер, заңгер мамандар мен қызметкерлеріміз бар. Үйді таңдап, құжаттарын жинауымыз керек. Қазір білесіз, алаяқтардың дәурені жүріп тұр. Үйін біреудің атына жазып қойып, өтірік «үйім жоқ» деп көмек сұрауы мүмкін. Біз оның бәрін бүге-шігесіне дейін тексереміз. Соның бәрі жұмыс.
– Алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдай болды ма?
– Алғашқы жылдары бір жағдай болған. Еріктілер үстіртін ғана тексерген болар. Бір отбасына үй алып бердік. Шындық кейін ашылды. Сөйтсек, оның басқа адамның атында үйі бар екен. Үй берген адам бізге шығып, «Біз бердік қой, неге сіздер де үй бердіңіздер?» деді. Біз «Неге өз атына жазып бермейсіздер?» дедік. Өйткені өзін тексергенде атында үй болмаған еді. Бұл жағдай бізге жақсы сабақ болды. Ол кісінің 12 баласы бар еді. «Балалардың біреуіне үй бердік деп есептейміз» дедік.
Қазір бәрін жан-жақты тексереміз. Балаларын, туыстарын да қараймыз. Бәрін зерттеп, Халыққа қызмет көрсету орталығына барамыз.
– Бір үйді орта есеппен қанша теңгеге аласыздар?
– Қазір жер үйлер, облыс аумағындағы үйлер 10 миллионның көлемінде. Алматы, Астана жақта 15 миллион болып жатыр.
– Жақында қор 817-баспананың кілтін иесіне табыстады. Жалпы, сіздерге көмек сұрап хабарласатындар көп болар. Бірінші қандай отбасыларға көмек көрсетесіздер?
– Жағдайына қараймыз. Бізде кезек деген жоқ. Бүгін хабарласып тұрса, жағдайы өте ауыр болса, бір айдың ішінде үй алып беруге тырысамыз. Бізге маңыздысы – оның жағдайы. Мысалы, бес-алты баласы бар отбасының жағдайы 3 баласы бардан жақсырақ болуы мүмкін. Өйткені Үкімет көмектеседі. Үлкен балалары болса, олар жұмыс істейді дегендей. Ал күйеуі қайтыс болып, кішкентай балаларымен жұмысқа шыға алмай отырған әйел болса, оған бірінші көмекке барамыз. Себебі бұл – қызыл сызықтағы адамдар.
Жалпы, адамдардың жағдайын 3 сызыққа бөліп, қарастырамыз: сары, жасыл, қызыл. Тұрған жеріне барып, жағдайды көріп, тексерген соң қай сызықта екенін анықтап кетеміз. Қызыл сызықта дегеніміз өте қиын жағдайда деген сөз. Айына кем дегенде 10 баспана береміз. Жаңа айтқанымдай, 30 баспана тұрақты түрде табыстасақ деген мақсат бар.
Қасиетті Рамазан айында міндетті түрде «30 күнде 30 баспана» акциясы жүреді. Бұл – қор ашылған екінші жылдан бастап қолға алынған жоба. Қазір Құдайға шүкір, бұл жоба «Харекет» қайырымдылық қорының негізгі жұмысына айналғандай. Жалпы, бұл акцияны жылына 2-3 рет ұйымдастыруға тырысамыз.
– Жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр бар дейді. Сан түрлі сынақпен бетпе-бет келген жандардың өмірі кейде жүрекке салмақ түсіретін шығар…
– Иә. Ондай жағдай көп қой. Әрқайсысының өмірі кімді болсын, бейжай қалдырмайды. Жақында алты баласымен контейнерді паналаған көпбалалы анаға төрт бөлмелі баспана сыйладық. Сол ананың қуаныштан жылаған көз жасын куә болдық. Мұндай жағдай көп кездеседі. Тағдырдың қанша соққысын, қиындығын көрсе де, жақсылықтан үмітін үзбеген жандар бар. 817-баспана шаңырақтары өртеніп, далада қалған, алты жаннан тұратын отбасына бұйырды. Аналары бірнеше жанды асырау үшін таңның атысы, күннің батысы қара жұмыс істеп, қуықтай жерде күнелтіп жүрген. Сол пәтер дымы қалмай жанып кетті. Балаларының ақыл-есі даму жағынан артта қалған екен. 60-тан асқан апаның пәтер жағалап жүргеніне 23 жыл болған. «Өз пәтерімді көре алмай көрге кетіп қаламын ба?» деген ой мазалап жүргенде анамызға үйдің кілтін табыстадық. Сенер-сенбесін білмей, көз жасына ерік берді.
Содан кейін Текелі қаласында тағдырдың сан түрлі сынағына мойымай, әр таңға шүкір етіп отырған отбасын көрдік. Ол отбасында үш жарымжан тұратын еді. Көпшіліктің көмегімен Асқар Ахметовтің отбасына да баспана берілді.
22 жыл бойы көше сыпырып, қаланың тазалығына үлес қосып жүрген, бір мүгедек баласы бар Қызылорда қаласының тұрғыны Жанат Қуанышбаеваға да баспана бақытын сыйладық. Содан кейін жертөледе күнелткен Мариямкүл Балабаеваның да тағдыры өте ауыр еді. Бір баласы аштықтан шетінеп кетіпті. Екі баласының ақыл-есі дамымаған. Өзі 4 баланың анасы. 2 жыл бұрын жолдасынан айырылған екен. Аштық пен тоқтықтың қадірін біліп, сабырмен күн кешкен жандардың өмірі енді тек қуанышты сәттерге толсын деп көптің көмегімен баспана сыйладық. Өмірдің бір қалтарысында өз жыртығын өзі жамауға дәрмені жетпей, қоғамнан жырақтап қалған мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше көмектесе береміз.
Қарағандыда үш баласы бар келіншек болды. Өзі жетім өскен екен. Балалар үйінде жүргенде, он алты жасында бір малшылар ұрлап әкеткен. Содан ұрып-соғып әбден қорлап, он сегіз жылдай ұстаған. Қорлықта жүріп үш еркектен үш бала туыпты. Сол қызды көргенде көз жасымды тоқтата алмадым. Жүректі ауыртатын көрініс еді.
Бізге ол туралы мәлімет жетіп, құтқарып алып шықтық. Бұл іске Қарағанды облыстық әкімшілігі көмектесті. Сол қызға Қарағандыдан екі бөлмелі пәтер табыстап, жұмыс тауып бердік. Жасы қырыққа келіп қалған әйел болса да, жасқаншақ, қорқақ болып қалған. Айналасындағы бәрінен қорқады. Бейімделуі қиын болды. Психологтер көмектесіп жүріп, осы өмірге әрең «алып келдік». Үлкен қызы он сегізге толған еді. Сол қызды тұрмысқа бердік. Жақсы той өтті. Ол кісіге жарқын болашақ сыйладық деп ойлаймын.
– Бұл іске кінәлілер жазасын алды ма?
– Сол мәселені сұрап едім, өкінішке қарай нақты жауабы айтылмады. Менің түсінгенім бойынша, мал ұстайтын өте бай адам сияқты.
– «Харекет» қорының алдағы жоспары туралы айтсаңыз.
– Алдағы уақытта демеушілермен, құрылыс компаниялармен келісіп бес қабатты үйлер салсақ деген ниетіміз бар. Енді бұдан да көп игі істер атқарсақ дейміз. Қазір «Харекет» қорында өзгеріс пен жаңалық көп. Көмек беремін деген адам саны көбейіп жатқаны қуантады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ