Қазақстан футболындағы айтулы жетістіктер мен оң өзгерістер туралы спорт комментаторы, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәуленмен сұхбаттастық. Аталған маман отандық футболдың жай-күйін айтып берді.
– Әңгімемізді қазақ футболындағы жетістіктерден бастасақ. Кейінгі кезде елімізде қандай елеулі оқиғалар болды?
– Футбол мен футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының жетістіктерін ерекше атап өтуге болады. Өйткені футзалдан ұлттық құрама Еуропа чемпионатында, әлем чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсетті. Одан кейін Магомед Әдиев тізгінді ұстағалы бері Қазақстан футболшылары өткен жылы Ұлттар лигасында өз тобының жеңімпазы атанды. Бұл – бұрын-соңды қазақ футболында болмаған жетістік. Онымен тоқтап қалған жоқ, биыл да тамаша нәтиже көрсете бастады. Мысалы, азулы деген Дания құрамасын жеңдік. Әлемдік рейтингіде TOP-15 құраманың қатарына кіретін команданы ресми ойындарда үздік 100 құраманың ішінде жоқ команданың жеңуі – футбол тарихында сирек кездесетін оқиға. Әлем елдері бұл жетістігімізді, жеңісімізді біразға дейін тамсана айтты. Біз қазір осы жеңістің арқасында рейтингіде 118-орыннан 114-орынға көтерілдік.
Ескі басшылық ауысқаннан кейін Қазақстан футбол федерациясына жаңа леп келді. Ұлттық құраманың ойыны, жастар футболы, жасөспірімдер футболы, Қазақстан жастар құрама командасының ойыны, олардың жаттығуы – бәрі-бәрі өзгерді, нәтиже де көп күттірмеді. Олар бұрын қалыптасып қалған қағидамен жұмыс істемейді. Футболшыларда мотивация бар. Енді демеушілердің қаржысынан футболшыларға үстеме сыйақы беріледі. Өйткені Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайтын футболшылар ешқандай жалақы алмайды. Осыны жанкүйерлерге жеткізгім келеді.
Әділет Барменқұлов қызметке келісімен бас бапкерді ауыстырды. Қазақстан құрамасының тізгінін ұстаған Магомед Адиев – жаңа көзқарастағы адам. Ол Қазақстан футболында мүлдем жоқ нәрселерді жасай бастады. Бұл өзгерістер өз жемісін берді.
Біз Ұлттар лигасын жеңдік. Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарда тәп-тәуір өнер көрсетіп жатырмыз. 17 маусымда Сан-Мариномен, 20-сында Солтүстік Ирландиямен ойнаймыз. Қазір біздің футболшыларда сенім пайда болған. Сан-Мариноны жеңеміз, Солтүстік Ирландиядан ұпай алуымыз мүмкін. Еуропалықтар қазір бізден қорқып отыр. Данияны жеңдік, Словенияға бір қателіктің кесірінен ұпай бердік. Әйтпесе, терезесі тең ойнадық. Статистика бойынша, басым болдық. Бірақ футболда үнемі жақсы ойнаған команда жеңе бермейді. Мүмкіндікті пайдаланбасаң ұпайдан қағылып, жеңіліске ұшырайсың.
Айтпақшы, Асхат Тағыбергеннің Дания құрамасына салған добы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңіндегі 2-турдың үздік голы болды. Яғни қазақстандық футболшы осылайша бүкіл Еуропаны мойындатты.
– Легионер шақыру мәселесіне көзқарасыңыз қалай? Өзге спорт түрлерінде бұл қалыпты үрдіске айналған. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына керек пе?
– Футбол сарапшысы ретінде елге легионерлердің келуін қолдаймын. Футболда бұны натурализация, яғни жерсіндіру дейді. Мысалы, Қазақстан чемпионатында Рохер Каньяс деген колумбиялық ойыншы бар. Оның бізде ойнағанына 5 жылдан асып кеткен. Заң бойынша 5 жылдан астам уақыт Қазақстанда тұрса, елдің чемпионатында доп тепсе, оның ұлттық құрамада ойнауға құқығы бар. Бұл бүкіләлемдік футболдың қағидасында тұр. Егер сапалы легионер болса, неге оны ұлттық құрамаға алмасқа?
Жоао Пауло деген бразилиялық ойыншы бала-шағасын осында көшіріп әкелген. Келесі жылдан бастап ұлттық құрамада ойнай алады. Бірақ «оны бас бапкер шақыра ма?» деген сұрақ туындайды. Оған ұлттық құрамаға қосылу маңызды емес, ол «Қазақстанның азаматтығын аламын, қазақ футболына еңбегімді сіңіремін, «Қайратта» жұмыс істеймін, карьерамды аяқтағаннан кейін бапкер боламын» дейді. Ондай адамды қалай құрамаға алмауға болады?
Игита деген қақпашы бар. Бразилия ұлттық құрамасы оны шақырмай қойған, сонысына қазір өкінеді. Ол елімізге келді, азаматтық алды, қолына Қазақстанның туын салдырды. Еуропа чемпионатында қола жүлдегер атанған кезде осы қақпашымыз қаншама пенальтиді тосты, ойын кезінде қақпаға бағытталған бірнеше соққыны қайтарды. Оның қазақ спортына тигізіп жатқан пайдасы кейбір жергілікті спортшылардан артық. Сондықтан Игита сияқты ойыншыларды құрамаға шақырғаннан ұтылмаймыз.
– Бізді бокс пен футболда, өзге де спорт түрлерінде өзбектермен жиі салыстырады. Сіздің ойыңызша, қай елдің футболы мықты?
– Ол рас, бізді бәрі өзбектермен салыстырады. Өзбекстан 60-орында жүр. Бірақ олар Азияда ойнайды. Әлем чемпионатында жартылай финалға жеткен бір азиялық команда бар ма? Ол жақта футбол дамымаған. Өзбекстанның Хайрулла Хамидов деген танымал комментаторы біз Данияны жеңген кезде жоғары баға беріп: «Міне, Қазақстанның футболы! Міне, Еуропа! Дания сияқты атақты команданы ұтты. Олар туралы бүкіл әлем жазды, Қазақстанның футболын енді бәрі біледі деген сөз. Ал біз Өзбекстан Непалмен, Сауд Арабиямен ойнап, әлі жеңе алмай жүрміз», – деді.
Футбол тұрғысында біз өте артта қалған ел едік. Кей мемлекеттер үшін әлі де солардың қатарына жататын шығармыз. Бірақ бізде «Астана арена» секілді стадион салынды, «Түркістан арена» бар. Футбол бойынша дамып келе жатырмыз. Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімінде 4 себетте болдық. Бізден төмен ойнайтын 15-ке жуық құрама бар. Еуропада 52 мемлекет болса, біз қазір 35-37-орындарда жүрміз. Енді одан сайын өрлей беруіміз керек.
Азияда Оңтүстік Корея, Жапония, Аустралия ғана футбол ойнайды. Өйткені футболшылары Еуропада жүр. Оларда маркетинг мықты дамып кеткен. Қазір Еуропаның кез келген командасын қарасаңыз, кемінде бір оңтүстіккореялық немесе жапониялық футболшы жүреді. Өйткені сол футболшыны алсаң, сенің жейделерің осы елде сатыла бастайды. Ол жақта миллиард адам тұрады. Жапониялықтар, оңтүстіккореялықтар футболшыларының ойынын көру үшін TOP-5 чемпионаттардың телекөрсетілімін сатып алады. Осылардың бәріне қол жеткізу үшін командаға бір жапониялықты ала салған пайдалы.
Азияның қалған бөлігінде футбол жоқ. Өзбекстан осы уақытқа дейін Моңғолия, Шри-Ланка, Бутан, Непал, Палестина, Пәкістан, Сириямен ойнады. Оларды қиындықсыз ұтады. Ал Қазақстан Даниямен, Словениямен, Франциямен ойнап жатыр. Енді салыстырып көріңіздер.
– Қазақстанда қай өңірде футбол дұрыс жолға қойылған? Жалпы, елімізде аталған спорт түрін дамытуға не кедергі болып отыр?
– Бізде Жамбыл облысында ғана футбол дамыған. Олардың жергілікті футболшыларының өзі Қазақстандағы легионерлермен деңгейлес. Ол жақта Кеңес үкіметінен бері стадион көп салынған, неміс, грек футбол мектебінің жүйесі қойылған. Футболшыларды сол елден келген бапкерлер жаттықтырды. Георгий Хутиди, Рот, Шох деген бапкерлер жергілікті ойыншылармен жақсы жұмыс істеді. Бахтиер Зайнутдинов, Бауыржан Исламхан, Еркебұлан Сейдахмет, Ұлан Қонысбаев сынды мықты футболшылар Тараздан шыққанын айта кеткен жөн.
Қазақстан футбол картасында спорттық инфрақұрылым бойынша да Жамбыл облысы бірінші орында. Бір аймақтың өзінде 800-ден астам стадион бар. Ал ауладағы жасыл алаңдарды қосатын болсақ, Алматы облысы бірінші орынға шығады. Бұл жақта футболдың жақсы дамығанын ұлттық құрамаға шақырту алған футболшылар арқылы да анықтауға болады. 460-тан астам жамбылдық ойыншы еліміздің негізгі командасында доп тепкен.
Қазақстан футбол картасын жасап шықтық. Ешқандай футбол алаңы жоқ аудандар бар. Ауылдар арасында балалар футболын ұйымдастырайық дедік. Алайда елімізде кішкентай 5 ауылды байланыстыру үлкен мәселе болып тұр, логистика қиын жағдайда. Футболымыздың Еуропадағыдай дамымай жатқанына тағы бір себеп – жер аумағының үлкен болуы.
«Германияда әр 5 шақырым сайын жасыл алаң бар, 20 шақырым сайын бір стадион бар» деп журналистер жазып жатады. Германия – жер көлемі бойынша Ақмола облысынан кішкентай мемлекет. Қазақстандағы барлық стадионды бір Ақмола облысына жинасақ, тура Германиядағыдай 20 шақырым сайын бір стадион болады. Ақтау мен Өскемен арасы 2 100 шақырым (екі жақта да футбол командалары бар), бұл – бүкіл Еуропа (Мәскеуден Лиссабонға дейін). Жеріміздің үлкен болғаны футболды дамытуға кедергі келтіруде. Егер ұшақтар Бразилиядағыдай 30 минут сайын Ақтаудан Өскеменге ұшып тұрса, әңгіме басқаша болар еді. Ал бізде тікелей рейстер жоқ.
– Әлем елдерінің футболға деген көзқарасы біздікінен өзгеше ме?
– 2014 жылы 40 күндей Бразилияда болдым. Олардың футболға деген көзқарасы мен үшін ертегідегідей. Ол жерде әрбір адам футбол жанашыры. Бір таксист жолдан кішкентай футболшыларды көрсе, стадионға дейін тегін алып барады. Транспортпен жүру, медициналық көмек алу футболшыларға тегін. Тау-тас үстіндегі қалалардың өзінде футбол ойнауға жағдай жасалған. Бізде мешіттен, ал оларда футбол алаңынан қасиетті жер жоқ.
Бірде таксиге мінгенде жүргізушіден «Бразилияғы бірінші спорт түрі қандай?» деп сұрадым, ол «волейбол» деп жауап берді, «Футбол ше?» деп сұрағанымда «футбол – спорт емес, дін» деп қысқа қайырды. Аргентинада да солай. Росарио қаласында Марадонаның шіркеуі бар, адамдар соған барып табынады. Ол тірі кезінде салынып қойған. Бұл мемлекеттерден таланттардың шыға беретіні де содан.
Сербия деген мемлекет бар. Қазақстанның кез келген командасында бір сербиялық футболшы ойнайды. Неге деген сұрақ туындайды. Өйткені Бразилиядан кейін бүкіл шетелдің футболын жаулап алған – осылар. Жан-жаққа кете береді, талғамайды, әйтеуір Сербиядан кетсе болды. Бұл ел кезінде дамыған мемлекет болған. Бірақ ол жақта 200-300 доллар ғана айлық төленеді. Бұл ақшаға отбасын асырау қиын. Оларда футбол агенттері көп, жан-жақта жүреді. Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан 4 команданың ішінде бір сербиялықтың бары анық. Чемпиондар лигасының кейінгі 10 жылында жеңімпаз болған команданың ішінде 1 хорват болған. Біз әлі бір қазақ шығара алмай жүрміз, ал оларда жыл сайын 1 хорват чемпион болып жатыр.
– Президент футбол клубтарына 1 млрд 200 млн теңгеден артық қаржы бөлінбесін деген бұйрық шығарды. Жоғарыда айтылған бұйрықтың Қазақстан футбол федерациясына қатысы бар ма? Мемлекет футбол клубтарын қаржыландыруды тоқтатса не болады?
– Жалпы мемлекеттен клубтарға бөлінген ақшаны стадион, футбол орталықтарын салуға, жастарды тәрбиелейтін бапкерлер жалдауға арнау керек. Мемлекеттің ендігі бағыты – жазғы Олимпиада ойындарына даяр келетін инфрақұрылымдар, стадиондар, манеждер, бассейндер салу болса екен.
Ал мемлекет футбол клубтарына 1 млрд 200 млн теңгені бөлуді тоқтатса, ертеңіне сол клуб жабылады. Мемлекет қаржыландыруды тоқтатпауы керек. Тоқтата алмайды да, құқығы жоқ. Өйткені халық шулайды. Оданда уақыт өткен сайын клубтарға бөлінетін қаржыны азайтып отыру қажет. Біртіндеп ол 1 млрдқа қысқарады, сосын 800 млн, одан кейін 600 млн деп кете береді. Сонда ақша төмендеп, клубқа қосымша қаржы керек болған кезде, клубтың бастығы ойлана бастайды. Ол «200 млн-ды қайдан тапсам екен?» деген тығырыққа тіреледі. Клубтың басшысы менеджер болуы керек. Ол сол аумақтағы компаниялармен байланысқа шығып, «сіздерді жарнамалаймыз, қызметкерлеріңізбен кездесеміз, мастер-класс ұйымдастырамыз» деп демеушілікке қол жеткізуі керек. Сонда олар жұмыс істеп, жоқ жерден ақша таба бастайды. Болмаған жағдайда қалам, шарф, футболка, кепкаларға сол өңірдің футбол клубының логотипін қойып, сатады. Сөйтіп бұның түбі маркетингке айналады. Ақша аз болған сайын оларда ақша табудың әрекеттері пайда болады.
Ендігі мәселе – жастар футболын қолға алу. Қазақстанда футбол жарыстары өте аз, жастар өздерін профессионал сезінетіндей сәт аз, экипировка киіп бірдей болып жүру менталитеті жоқ, сұхбат бере алмайды, футболдың айналасындағы мәдениетті көрмеген. Осыны жасау үшін QJ (Қазақстан жасөспірімдер) лигасын ашып отырмыз. Бұл – Әділет Барменқұловтың жобасы. Оның демеушісі пайда болды. Осылайша, Қазақстан U15 деген команданы ашуды қолға алдық.
Қазақстандық жанкүйерлер «біздің футбол былыққа батқан, чемпионатта келісілген ойындар көп» деп шағымданады. Халық бұның бәрін Қазақстан футбол федерациясы басқарып отыр деп ойлайды. Федерация мемлекеттің бюджетінен 1 тиын да алмайды. ҚФФ 13 командаға және балалар футболына жауап береді. Өйткені балалар футболы – Қазақстандағы футболдың идеологиясы, бағыт-бағдары.
Ел футболында қаржы бөлінетін жер – клубтар ғана. Депутат Қазыбек Иса бір жылдары Қазақстан футболына 3 жылда 105 млрд қаржы бөлінді деді. Егер футбол федерациясына ондай ақша бөлінсе, Зидан мен Роналдиньоны шақырсақ та, бірдеңе істейтін едік. Бізде ақша облыс бюджетінен жеке клубтарға бөлінеді, федерацияға емес. Бұрын 200 млн теңге бөлініп келген. Одан Қазақстан футбол федерациясы өз еркімен 2020 жылдың желтоқсанында бас тартты. Бұл ақшаны алғаннан футбол дамымайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев клубтарға 1 млрд 200 млн теңгеден артық қаржы бөлінбесін деді. Оған дейін бюджеттен 3-4 млрд теңге футбол клубтарына бөлініп келген. Сол ақшаның өзін дұрыс жарата алмай, қарызға кіріп жатқан клубтар бар. Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын 4-5 команданың қарызы бар.
Сондай-ақ чемпионатты Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы деген ұйым ұйымдастырады. «Төреші нашар», «келісілген ойын», «трансляция жоқ» деген сын сол тарапқа айтылуы керек. Олар дұрыс істеп жатқан жоқ. ҚФФ бәріне басшылық етпесе, бірдеңе жасау қиын. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы федерациямен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Сонда ғана елімізде футбол дамиды.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ақмарал БЕРЕКЕТ