Шығыс Қазақстан облысында дін қызметі қалай жүзеге асып жатыр? Бұл туралы бізге ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы және облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай айтып берді. Онлайн діни білім беру ісі, Ислам мұражайын ашу, жат ағыммен күрес, Құран Кәрімнің қазақ тіліндегі аудармалары және өзге де өзекті тақырыптар әңгіме арқауына айналды.
Діни білім беру ісі толастаған жоқ
– Ермек Тасболатұлы, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өз Жолдауында қазіргі жағдайға байланысты онлайн білім беру ісін жолға қою үшін тапсырмалар берді. Бұдан дін саласы да қалыс қалмайды. Осыған байланысты, аймақта онлайн діни білім беру қалай жүзеге асырылуда?
– ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкілдігі бірнеше жылдан бері 3 айлық имамдарды оқыту курсын, Қазақстан бойынша имамдардың жазғы далалық семинарын, дін қызметкерлері мен теологтардың далалық семинарын, жат діни ағым өкілдерін райынан қайтару бойынша дін қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру семинарларын өткізіп келді.
Сонымен қатар, ҚМДБ аппараты бекіткен бағдарлама бойынша мешіттеріміздегі сауат ашу курстарында жүздеген бала діни білім алатын. Өкінішке қарай, COVID-19 жұқпалы дертінің алдын алу үшін енгізілген карантинге байланысты осы дәстүрлі білім беру үрдісін уақытша тоқтатуымызға тура келді. Діни білім беру былай тұрсын, 2020 жылдың наурыз айынан бері мешіттерімізде жамағат болып намаз оқуға рұқсат берілген жоқ. Жұма, Рамазан айындағы тарауих намазын, Ораза айт және Құрбан айт намаздарын да жамағат болып оқи алмадық.
Өткен жылы ҚМДБ-ның Өскемен өкілдігі «Нұр-Мүбәрак» университетімен меморандум жасап, биыл аталған оқу орнының Өскемен қаласынан дайындық курсын ашуды жоспарлағанбыз. Бұл жобамыз да карантинге байланысты кейінгі шегерілді.
Дейтұрғанмен, заманауи ақпараттық технологияларды пайдаланудың арқасында онлайн діни білім беруді қолға алып, жамағатты мүмкіндігімізше білім нәрімен сусындатып келеміз.
Атап айтар болсақ, «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Дәулет Қабиболдин күн сайын инстаграм желісі арқылы әріптестерімізбен сұқбат құрып, халыққа уағыз-насихат жүргізуде.
Ұстаз Серік Жұмашев 130 шәкіртке тәжуидтен, 170 шәкіртке араб тілінің грамматикасынан, ұстаз Талшын Қожахметова 57 әйел жамағатына Құран, ақида, фиқһ және салт-дәстүр пәнінен дәріс беруде.
Күн сайын Өскемен өкілдігіне қарайтын мешіт имамдары You Tube желісінде уағыз-насихат жасауда. Елімізге белгілі қари Ербол Құдабаев күн сайын фейсбук, инстаграм желісі мен YouTube каналында видео және аудио уағыздар жүргізуде.
Оның басшылығындағы қайырымдылық мекемесі ZOOM платформасы арқылы шәкірттерге қасиетті Құранымызды үйретуде. Ал, аудандарымыздағы мешіт қызметкерлері де әлеуметтік желілер арқылы діни біліми беруді шама-шарқынша жалғастырып келеді.
Алғашқы діни білімді өз елімізде алу керек
– Дін қызметкерлерінің жан-жақты, білікті маман болуы басты шарт. Өңір имамдары бұл талапқа сай ма?
– Аллаға шүкір, Өскемен өңірінің мешіттерінде елімізге белгілі уағызшылар мен қарилар жұмыс істейді. Көпшілігі отандық діни оқу орындарында білім алған. Соңғы жылдары еліміздегі медресе-колледждердің және «Нұр-Мүбәрак» университетінің түлектерін жұмысқа қабылдап жатырмыз. Одан өзге Мысыр, Сирия, Түркия, Өзбекстан, Татарстан және басқа елдерде діни білім алған азаматтар дін қызметін атқаруда.
Жалпы, Өскемен өңірінде 96 мешіт бар. Мешіттерімізде ұзын саны 137 дін қызметкері жұмыс істейді. Оның 35-і бас имам, 21-і наиб имам, 68-і молда, 8-і ұстаз. Діни қызметкерлердің 45-і жоғары діни білім алған. Діни білім емес 6 жоғары білім иесі, 4-еуі орта діни білім, 7-еуі шетелдерде жоғары және орта діни білім алса, 72 имам білімін жетілдіру курсында оқыған. Сондай-ақ, 2 магистр, 1 ғылым кандидаты жұмыс істейді.
– Білім деңгейі демекші, оны қазіргі заман талабына сай жетілдіріп отыру үшін діни білімді қайда және қай елде алған жөн деп санайсыз?
– Біз шетелдерде болып жатқан түрлі жағдайларға байланысты Қазақстан азаматтарына бастапқы діни білімді отандық оқу орындарымызда алуды талап етеміз. Cебебі, соңғы жылдары елімізде орын алған кейбір оқыс оқиғалар дәстүрлі діни танымымызға жат діни білім беретін шетелдік оқу орындарының түлектеріне немесе олардың уағыз-насихаттарын тыңдаған содырларға тән.
Осыған байланысты ҚМДБ Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасына кереғар діни білім беретін шетелдік оқу орындарында білім алуды құптамайды. Оның орнына Қазақстан азаматтарына «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті, Имамдардың білімін жетілдіру институты, 9 медресе-колледждегі исламтану мамандығында, сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-і, Лев Гумилев атындағы ЕҰУ, Қарағанды мемлекеттік университетінің дінтану бөлімінде оқу ұсынылады. Аталған оқу орындардың түлектеріне біздің мешіттеріміздің есігі айқара ашық.
Бұдан басқа, ҚМДБ Түркия Республикасының 5 үздік жоғары оқу орны мен «Хасеки» Академиясы, Мысыр Араб Республикасындағы әл-Азһар университеті, Өзбекстан Республикасындағы Ислам институты, Татарстандағы Ислам институты, Бұлғария Академиясымен меморандум жасаған. Яғни, аталған оқу орындарында білім алған Қазақстан азаматтары ҚМДБ құрамында қызмет ете алады.
Кембридж университеті мен Сүлеймания кітапханасынан қолжазба көшірмелерін алдырдық
– Еліміздегі тұңғыш Ислам мұражайын Өскеменнен ашылуына мұрындық болдыңыз. Ислам мұражайын ашу идеясы қалай туды?
– Иә, облыс басшысы Даниял Кенжетайұлының қолдауының арқасында 2019 жылы Өскемен қаласы «Халифа Алтай» мешітінің екінші қабатынан Ислам мұражайын ештық. Оны ашудағы мақсатымыз – жергілікті халық мұндағы жәдігерлерді көре отырып, өзінің бай тарихымен танысып, төл дінімен тыныстасын, келешегін ұлттық рухпен өрбітсін, «Қазаққа таухид 90-шы жылдары келді» деген сыңар-езу пікірлердің негізсіз екеніне көз жеткізсін, келімсек діни ағымдардың жетегінде кетпесін деген ой еді.
Мұражайды ашу үшін шамамен бір жылдай уақыт дайындалдық. Елімізден, алыс-жақын шетелдерден экспонат іздедік. Сақ, Ғұн, Түркі кезеңдеріне қатысты айшықты жәдігерлердің көшірмесін жасатқыздық. Мысалы, Өр-Алтайдағы «Берел» тарихи қорығындағы Сақ патшалары қорымының көшермесін қойдық. Ғұн дәуірінің жәдігері ретінде «Оғыз-наме» қолжазбасының көшірмелерін Кембридж университетінен және Сүлеймания кітапханасынан алдырдық. Түркі дәуіріне тән Күлтегін ескерткішінің де тас жазу көшірмесі бар.
Сондай-ақ, балбал тастар, бақсылардың ыспасы мен қобызы, сопылардың қоржыны, шапаны, саятшылардың құрал-саймандары, тұрмыс-салтта қолданылған ат әбзелдері, қару-жарақтар, диірмен, келі-келсап, киіз үй жабдығымен, Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сырқы көшірмесі және т.б. құнды экспонаттар қойылды.
Қолжазбалардан «Диуани хикметтің» Ташкент, Қазан, Ыстамбұл нұсқаларын, «Мәснауи» нұсқалары, «Бақырғани кітабының» Қазан нұсқасын, фиқһ кітаптарынан «әл-Һидоя», ақида кітабынан «Ақида-нәсафи», «Шыңғыснама», «Түрік-шежіресі», «Бабырнама», «Темірнама», «Жылнамалар тарихы», «Бәздауи тәпсірі», «Фатауа-хиндия» және т.б. көптеген қолжазбаларды әкелдік.
Әрине, аз уақыттың ішінде экспонатқа бай мұражай ашу оңай емес. Мұражайымыз әлі күнге дейін экспонаттармен толықтырылуда. Бұйырса, мұражайға экспонат жинау әлі де жалғасын табады деп ойлаймын.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы дамыған державаға айналу мүмкіндігі мол
– Президент өзінің биылғы Жолдауында көптеген өзекті мәселені көтерді. Сіз бұл құжаттан қандай ой түйдіңіз?
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауы негізінен саяси мәселелерді шешумен қатар денсаулық сақтау, әлеумет, демография, экономика, мемлекеттік басқару мен құқық, экология, IT-технология, білім саласы және титулды ұлттың болмысы және т.б. өзекті мәселелерді дамытуға бағытталды. Сөз жоқ, аталған қайсыбір сала болмасын қоғам дамуы үшін аса маңызды.
Меніңше, бұлардың ішінде дәстүрлі ауылшаруашылық экономикасын дамытуды өткір тұрған мәселе деп айтар едім. Мәселен, жыл басынан бері мұқым әлемді COVID-19 пандемиясы дүрліктіріп, оның әлі ем-шипасы табылмай отыр. Осы кезде әлем жұртшылығы эпидемияның алдын алуға табиғи азық-түлікті тұтынып, шама-шарқынша қарсы тұрды. Яғни, экологиялық таза табиғи азық-түлік түрлеріне деген сұраныс күрт артты. Бұдан шығатын қорытынды, келешекте сапалы табиғи азық-түлік өндіруші елдердің экспорты артып, бюджеті молаяды деген сөз.
Ал, Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы дамыған державаға айналуға мүмкіндік мол. Әсіресе, мал шаруашылығы және егін мен бау-бақша өнімдерін өндіруге басымдық беруіміз керек. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экономикалық жүйе қалыптастыруға болады» деп атап өткен болатын.
Осы тұста айта кететін жайт, ауыл шаруашылығын дамытуымыз үшін еліміздегі суармалы егістік алқабының көлемін арттыруымыз керек деп ойлаймын. Еліміздегі су мамандарының айтуына қарағанда, Қазақстанның жер астында 70-тей Балқаш көліне парапар су қоры бар екен. Таяу Шығыстағы Израиль, Иордания және Сауд Арабиясы мен БАӘ жерасты су көздерін тиімді пайдаланудың арқасында ауыл шаруашылығын гүлдендіріп отыр. Қазақстан да осы мол жерасты су қорын ұтымды пайдалана алса, бос жатқан, миллиондаған гектар жерді құрайтын Бетпақ даласынан дәнді дақыл, жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерін өндіре алатын еді.
Біз дамыған елге айналуымыз үшін біздің санамызда өркениет төңкерісі орын алуы керек. Санамыз өзгермейінше біз дами алмаймыз. Бұл жөнінде Алла Тағала «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайсыбір қауым алдымен өзін өзгертпейінше, Алла Тағала ол қауымды өзгертпейді» деп бұйырады.
Сол себепті, өркениет көшіне ілесу үшін қайсыбір сала болмасын ең алдымен жаңа кадрларды дайындауымыз керек. Санасы ояу білікті мамандар арқылы ғана біз даму мүмкіндігі бар салаларды өркендете аламыз.
ШҚО-да жүзден астам деструктивті діни ағым өкілі бар
– Өскемен аймағында ҚМДБ қызметінің «Жат ағыммен күрес» бағыты бойынша қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
– 2015 жылы Өскемен өңіріне бас имам болып тағайындалғанымда өз басым үшін жат діни ағымдармен күресудің жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсті. Бізге бұл мәселені оң реттеу үшін ең алдымен кадрлардың біліктілігін арттыруымыз керек болды. Сондықтан да 2016 жылдан бастап елімізге белгілі А. Сабдин, М. Исахан, С. Тәжібаев секілді майталман теолог мамандарды тарту арқылы имамдардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырдық. Тіпті, кейбір мықты мамандардың тәжірибесін үйрену маңызды болғандықтан, олармен арнайы келісімшарт жасап, жұмысқа тарттық.
Бүгінгі таңда ШҚО-да жүзден астам деструктивті діни ағым өкілі бар. Оның көпшілігі облыс орталығында тұрады деп ойлаймын. Осы іске жауапты діни қызметкерлеріміз мешітке келуші жат діни ағым өкілдерін және түзеу мекемелеріндегі деструктивті діни ағымдағыларды райынан қайтару бойынша жүйелі түрде жұмыс жасауда. Әрбір жыл қорытындысы бойынша, жат діни ағым өкілдерінің 10-15 пайызы дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына бет бұрады.
Алайда, деструктивті діни ағымдарға жаңадан бет бұрушылардың саны азаймай тұр. Яғни, қайтқандардың орнын жаңадан келгендер толтыруда. Әсілі, профилактикаға тек мешіт қызметкері ғана емес, әрбір ата-ана, әкімдіктің ішкі саясат қызметкерлері, мектеп пен жоғары оқу орындарының тәрбие жөніндегі мамандары, ювенальді және учаскелік полиция қызметкерлері және басқа да сала мамандары жауапты.
Аталған салалардың жұмысында арнайы бағдарламаға негізделген координация болса, жат діни ағымдарды толықтай еңсеруге болады деп ойлаймын.
Алғашқы Құран аудармасын 1912 жылы Мұса Бегейұлы жасаған
– Қасиетті Құран Кәрімнің сөзбе-сөз мағынасын дайындаған екенсіз. Қазіргі таңда қазақша қай Құран Кәрім аудармаларын оқуға кеңес берер едіңіз?
– Мен ауылым Сарыөзектегі орта мектепті аяқтаған соң, 1995-1997 жылдары Алматыдағы Ислам институтында оқыдым. Оқуды бітірген соң ұстазым Мұхаммед Шыңғыс қажының жол көрсетуімен Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласында діни білім алуды жалғастырдым.
Түркияда оқып жүргенімде Құран Кәрімге деген махаббатым оянып, басқа пәндерге қарағанда тәпсір ілімін игеруге көбірек ден қойдым. Алайда, 2001 жылы елге оралып, Алматы облысы Кербұлақ ауданының бас имамы қызметін атқаруыма байланысты, тәпсір ілімінен қол үзіп қалдым. Ауылда төрт жыл имамдық қызмет атқарып, ротацияға кеттім. Содан кейін қайтадан тәпсір ілімімен шұғылдана бастадым.
Бұрын Түркияда оқып жүргенімізде медреселерде Құран Кәрімнің сөзбе-сөз аудармалары болатын. Шәкірттер Құран жаттағанда, мағынасын да қатар түсініп отырады. Құран аударып жүріп, Құран үйретудің осы әдістемесін де қолға алдым.
Бірақ, Құран аудару ісі оңай емес. Тәржімалап боламын дегенше тым ұзаққа кететін түрі бар. Қазақша Құран аудармаларын қарап көріп едім, өзгелеріне қарағанда Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлы аудармасының тілі жатық, ойға қонымды екені көрінді. Сөйтіп, осы аударманы басшылыққа ала отырып, Құран Кәрімнің сөзбе-сөз тәржімасын жасап шықтық.
Құранды оқып түсінудің бұл әдістемесі медреселер мен мешіттердегі сауат ашу курстарының шәкірттеріне зор пайдасын тигізді. Құранның сөзбе-сөз аудармасын сұранысқа қарай әлі күнгей дейін баспадан шығарып келеміз.
Жалпы, Құран Кәрімнің қазақ тіліндегі тәржімаларына келер болсақ, 1912 жылы Мұса Бегейұлы алғаш Құран аудармасын жасаған. Бірақ ол аударманың мәтіні бізге жеткен жоқ. Ақыт Үлімжіұлының 1939 жылы тәржімалаған Құран аудармасын қытай отарлаушылары жойып жіберген.
Қазақстан Қазиятын 1952-1972 жылдары басқарған Сәдуақас Ғылмани бабамыз да Құранды аудару ісімен шұғылданған. Алайда, ол Құранның бастапқы үш парасын ғана аударып үлгеріпті.
Нұралы Өсерұлы мен Жұмабек Ізтаев 1993 жылы Құранның қазақша аудармасын жасап шықты. Халифа Алтай бабамыздың Құран аудармасы 1991 жылы Сауд Арабиясында, Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлының Құран аудармасы 1991 жылы Бейжіңде жарық көрді.
Рәтбек Нысанбайұлы мен Уахап Қыдырханұлының Құран аудармасы 1991 жарияланса, Әбсаттар Смановтың Құран аудармасы 2006 жылы, Зәріпбай Оразбайдың Құран аудармасы 2012 жылы, Сәуле қажы Бекенқызының Құран аудармасы 2012 жылы жарияланды.
Одан кейін А. Ахмет пен С. Андарбайдың, А. Әкімханов пен Н. Анарбаевтың, С. Ибадуллаевтың, Р. Мухитдиновтың, Е. Ағыбайұлының Құран аудармалары жарық көрді.
Әлбетте, пенде қолынан шыққан дүниелердің бір-бірінен артықшылықтары мен кемшіліктері болады. Сол себепті, аталған Құран аудармаларын бір-бірінен артық немесе кем деп кесіп айтқым келмейді. Құран аудармасымен шұғылданған барлық азаматтарға Алла разы болсын дегім келеді…
Діндер съезі Қазақстанның сыртқы имиджін жақсартты
– Қазақстанның дінаралық татулық саясатын қалай бағалайсыз?
– Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ел ағасы болып жүрген азаматтардың көпшілігі атеистік идеологияның уызын қанып ішіп өскендіктен, асыл дінімізге немқұрайлы қараушы еді. Олар үшін дін ұстаған имам-молдалар ескіліктің жорасымен жүрген санасы төмен адам саналатын.
Дегенмен, қалың бұқара өзінің тарихи сорабынан ауытқыған жоқ. 2000-жылдардан кейін елімізде дінге деген бетбұрыс күш алды. Халық жаппай дінге келе бастады. Әсіресе, жас өскіннің Хақ дінге деген құштарлығы алапат еді. Осы ақжал толқын атеизмді толық еңсерді. Бүгінде Аллаға сансыз шүкір, 90-жылдардағы дінге қарсы кержақ пиғылды пенделердің қарасы азайды.
Елбасымыз Н. Назарбаев 2000-жылдардан кейінгі өзгеріске ұшырай бастаған ішкі-сыртқы діни ахуалды ескеріп, 2003 жылы тұңғыш рет Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьезін өткізді. Бұл шараның мақсаты – діни ұстанымдар мен көзқарастардағы кереғарлықтарды ортақ түсіністікке келе отырып, өзара мәмілемен шешу, төзімділік пен бейбітшілік қағидаларын нығайту, татулық пен тағаттылықты насихаттау болатын.
Алғашқы форумға әлемдік 17 дін көшбасшысы қатысты. Іле-шала құрылтайды әрбір 3 жыл сайын өткізу қолға алынып, күні бүгінге дейін VI сьезд өткізілді. Елордамызда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кездесуі Қазақстанның сыртқы имиджінің қалыптасуына оң әсерін тигізуде. Сол себепті, еліміздің жүргізіп келе жатқан дінаралық саясатын толықтай құптаймын.
– Ермек Тасболатұлы, балаларыңызды қаншалықты руханиятқа, тарихқа баулып келесіз және алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Отбасымда Алланың берген екі қыз, екі ұлы бар. Үлкен қызым Н. Назарбаев атындағы зияткерлік мектепті аяқтап, биыл Нұр-Сұлтандағы Лев Гумилев атындағы ЕҰУ, Логистика мамандағына грант иегері атанды.
Одан кейінгі қызым Сымбат пен ұлым Қасым-Жомарт әлі мектепте оқиды. Кенжеміз Даниял балабақшаға барады. Жұбайым екеуміз балаларымызға қазақы ғұрыпта тәрбие беріп келе жатырмыз.
Балаларымыз жазғы демалысқа шыққанда мешіттер жанынан ашылған лагерьлерде қажетті діни білімдерін жетілдіруде. Руханияттың кені ауылда болғандықтан, демалыс сайын ұл-қыздарымды ауылдағы ата-әжелеріне жіберіп тұрамыз. Алдағы жоспарды бір Алла біледі…
– Әңгімеңізге рахмет! Игілікті істеріңізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Руслан БЕГЕН
Өте дұрыс
Мен қолдаймын
Алла нәсіп етсін