Мұқым мұсылман әлемі атап өтетін Мәуліт мерекесі псевдосәләфилік жолдағы бауырларымыз тарапынан қарсылықтарға тап болып жататыны жасырын емес. Алайда, сол бауырларымыз пір тұтатын өздерінің идеологтары мәулітке қатысты басқаша пікір білдірген болатын.

Мұсылман халықтары арасында Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күніне орай Мәуліт мерекесін атап өту дәстүрге айналған. Алайда аталмыш мерекені атап өтуге псевдосалафи ұстанымындағы жекелеген азаматтар тарапынан қарсылықтар орын алуда. Олар «Мәулітті тойлау – Пайғамбар заманында болмаған бидғат» деп санайды.

Осы ретте қайшылықты пікірлерге себеп болып жүрген мәселелерді басын дәлелдерге сүйене отырып, ашып көрсеткен жөн. Негізінде діни үкімдер Құран мен хадистен алынады. Ал Құранда немесе хадисте мәулітті атап өтуге тыйым салынған аят немесе хадистің жоқ екені мәлім.

Олай болса, мәулітті тойлау «бидғат, харам, адасушылық» деудің ешқандай да негізі жоқ. Қайта мәулітті атап өтуге болатындығын көрсететін негіздерді көптеп табуға болады. Ғалымдарымыз Құран аяттары мен хадистерден дәлел келтіре отырып мәулітті атап өтуге болатындығына бірауыздан келіскен, яғни бұл мәселеде «ижмағ» бар. Ал ижмағ шариғатта дәлел боп саналады, өйткені Пайғамбар: «Үмбетім адасушылықта бірікпейді», – деп ескерткен. Яғни, мәуліт – харам емес.

Енді осы тұста бидғат мәселесіне қысқаша тоқталған жөн. Егер Пайғамбар кезеңінде болмаған істердің барлығы, соның ішінде игі мақсатпен жасалғандары да, Әбу Бәкір, Омар мен Зәйдтің Құран аяттарын жинастырулары және Құранды жатқа білген сахабалардың дүниеден озуына байланысты қасиетті кітаптан айырылып қалармыз деп қорқып, бір кітап ретінде жаздырулары нағыз бидғат болар еді.

Тіпті, Омар сахабаның «Бұл қандай жақсы бидғат!» деп, тарауих намазын адамдардың бәрін бір имамның артына жинап оқытуы, барлық пайдалы ғылымдардың жинастырылып, жүйеленуі де харам болар еді.

Сондай-ақ, мұнараға шығып азан шақыру, керуенсарай, мектеп, аурухана, түрмелер салу да харам болар еді. Сондықтан ғұламаларымыз «әрбір бидғат – адасушылық» деген үкімді «бидғату-сәйиәмен», яғни тура жолдан тайдыратын адастырушы бидғаттармен ғана шектеген.

Сол секілді мәуліт тойлауды да «бидғат, ал ол өз кезегінде адасушылық» деу дұрыс емес. Бұған мына хадисті де дәлел ретінде келтіруге болады. Пайғамбар: «Кімде-кім исламда «сүннәту хасана», яғни жақсы жол, жақсы бастама жасаса, оған соның (ізгі бастама көтергенінің) сауабы әрі одан кейін сонымен амал еткендердің сауабындай сауап жазылады. Олардың сауабынан ешбір нәрсе кемімейді де» деген.

Міне, көптеген сенімді хадис жинақтарында риуаят етілген осы хадиске сүйене отырып, «шариғатқа қайшы әрекет жасау мақсаты жоқ, мазмұнында күнә саналған нәрсенің орын алмауы әрі діни дәлелдердің де негізінде бар әрбір жақсылық діннен деп пайымдауға болады. Ал кейбір дүмшелердің «оны сәләфтарымыз жасамаған» деген желеуі оған қарсы дәлел бола алмайды. Мұны дін негіздері мен методологиясынан хабары бар жандардың бәрі біледі.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Аягүл МАНТАЙ: Арманым – Құдаймен гармонияда өмір сүру

Пайғамбар тура жолға бастайтын бидғаттарды «сүннет» деп атаған. Онымен амал еткенге сауап жазылатынын да баяндаған. Демек, егер бір нәрсе діни негізге сүйеніп, шариғаттың ешбір қағидасына қайшы келмесе әрі діни тұрғыдан бір пайда тигізер болса, ол жақсы бидғат болып саналады. Сондықтан мәулітті атап өту шаралары да осындай «хасана», яғни жақсы сүннет[1].

Псевдосалафи ғалымдарының тарапынан да аталмыш мейрамды мүлде жоққа шығару байқалмайды, қайта құрметтеу басымырақ екенін байқауға болады. Енді осы пікірлерге назара ударып көрелік.

Ибн Таймия: «Пайғамбардың туған күніне құрметпен қарау және қадірлеу сондай-ақ, оны кейбір адамдар сияқты жақсы уақыт деп білу – дұрыс, себебі, бұл үшін үлкен сыйлық бар, сонымен қатар бұл Алланың Елшісіне деген жақсы құрметтің белгісі» деп пікір білдірген[2].

Сонымен қатар осы салафи идеологының «Пайғамбарымыздың туған күнін ұлықтау және адамдардың сол күнгі жасайтын кездесулері өте бір игі іс, себебі мұсылмандардың шынайы ниеттері арқылы Алланың Елшісіне құрмет көрсетіледі»[3] деген пікірі де бар.

Абдуль-Азиз ибн Абдулла ибн Бааздың: «Соңғы уақыттардағы кейбір ғалымдар, егер Алланың Елшісін шектен тыс мақтап-мадақтамаса, ерлер мен әйелдерді араластырмаса, музыкалық аспаптарды пайдаланбаса және басқа да Алланың шариғатына қарсы іс-әрекеттер орын алмаса, мәуліт мерекесін тойлауға рұқсат еткен. Аяттардың бірінде егер адамдар арасында түсініспеушілік пайда болса, Алланың Кітабы мен Пайғамбардың сүннетіне жүгініңдер деп айтылған («Ниса» сүресі, 59 аят): «Әй мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар: Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне, осы қайырлы да нәтиже де жақсы»[4] деген пікірі де Мәулітте оң көзқараста айтылған».

Псевдосалафилер ұстаз тұтатын екінші бір идеолог Мұхаммед Насыруддин әл-Әлбани: «Егер Мәуліт жақсы амал болса, онда біз барлығымыз оның Исламның бөлігі екендігіне бір ауыздан келісеміз. Ал егер Мәуліт игі іс болмаса, оның Ислам дінімен еш байланысы жоқ»[5] деген бейтараптау пікір айтады. Бұл жерде жоғарыдағы ибн Бааздың пікірінде келтірілгендей шектен шығушылық әрекеттер орын алмаған жағдайда, Мәулітті қолдауға болатыны туралы тұжырым шығады.

Жоғарыдағы мәліметтер негізінде қазіргі мәуліт мерекесін атап өтуге қарсы шығушы псевдосалафилік жамағат өкілдерінің қарсы көзқарастарын түсінбеуден туындап отырғанын тұжырымдауға болады.

Kazislam.kz

[1] А.Әділбаев, https://bnews.kz/kz/news/obshchestvo/ maulit_merekesi_ zhaili_ne_bilemiz.

[2] Ибн Таймия «Икътида Ас Сират Әл-Мустаким» кітабы. https://vk.com/topic-69404824 _30889996? offset=0

[3] Ибн Таймия «Икътида Ас Сират Әл-Мустаким» кітабы. http:// islamdag.ru/ verouchenie/ 22854);

[4] http://www.alifta.com

[5]http://www.alifta.com

Пікір жазу