Қазақстанда COVID-19 қарсы вакцина алғандар көбеюде және вирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасып келеді. 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған Pfizer вакцинасы жыл соңында жеткізіледі. Осы және өзге де жаңалықтар туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.
– Ерлан Аңсағанұлы, елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтып беріңізші. Жақында Қазақстанда той өткізуге рұқсат берілді. Бұл елдегі жалпы жағдайдың жақсарғанын білдіре ме?
– Жалпы тамыз айының екінші жартысынан бастап республика бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы байқалуда. Оған коронавирус инфекциясына қарсы екпе алғандар санының көбеюі, «Ashyq» жобасының енгізілуі әсер етті. Тиісінше, республикада коронавирус инфекцияның бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты 27 қыркүйектен бастап қауіпсіз (жасыл) мәртебедегі адамдарға ғана мерекелік шараларды өткізуге рұқсат берілді. Ондағы адам саны да өңірдің жасыл, сары немесе қызыл аймақта болуына байланысты 100 орын, 70 орын немесе 50 орын деп белгіленген. Бұл ретте салтанатты іс-шараларды өткізу де қатаң бақылауда болатынын еске салғым келеді.
– Қыркүйек айында Қазақстанда коронавирустың жаңа штамы – «Eta» анықталды. КВИ-дің бұл түрі қаншалықты қауіпті және бұл штамм қай қалаларда тарап жатыр?
– «Eta» штаммы республиканың 4 аумағында – Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар областары және Нұр-Сұлтан қаласында анықталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша вирустың бұл түрі бақылауды қажет ететін штамға жатады және оның клиникалық көрінісі «Альфа», «Бета» штамдарына ұқсас болады, сондықтан барлық профилактикалық шараларды сақтау қажет.
– Нигериялық «Eta», үндістандық «Delta» немесе британдық «Alfa» штамының қайсысы қауіптірек болып отыр? Вирустың тағы қандай мутацияланған түрі шығуы мүмкін?
– Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының неғұрлым бақылауды қажет ететін 8 түрі бар, Қазақстанда оның төртеуі анықталды: британдық, онтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штаммдар. Оның ішінен ұндістандық немесе «Дельта» штамы Қазақстанда маусым айында анықталды және коронавирус инфекциясының басқа түрлеріне қарағанда неғұрлым ауыр өтеді және ағзаға тез тарап, барлық органдарды зақымдайды.
Ал «Eta» штаммы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, мониторинг жүргізуді қажет ететін коронавирус инфекциясының бір түрі. Коронавирустың барлық түрі де адам денсаулығына әсер етіп, зиян тигізуі мүмкін, сондықтан аурудан кейін асқынуды болдырмау үшін дер кезінде коронавирус инфекциясына қарсы екпе алу қажет.
– Елімізде коронавирусқа қарсы вакциналау ақпан айынан басталған еді. Оларға 6 ай немесе бір жылда қайта вакцина салдыру қажеттігі айтылды. Қайта вакциналау жұмыстары қалай ұйымдастырылады? Мысалы QazVac салдырғандар неше айдан кейін қайта вакциналануы тиіс?
– Қазіргі уақытта вакциналаудан кейінгі иммунитеттің ұзақтығы туралы зерттеулер әлі де жалғасып келеді. Әлемдік деңгейде КВИ-ға қарсы ревакцинация жүргізуге қатысты ресми ұсынымдар шығарылған жоқ. Бұл ұсынымдар иммунитеттің ұзақтығы туралы жаңа мәліметтер пайда болған соң қолжетімді болуы мүмкін және коронавирустың мутациялық факторларына да байланысты. Осыған байланысты бүгінгі күні ревакцинация жүргізу тәртібін белгілеу мәселесі талқылау сатысында тұр.
– Қайта вакциналау кезінде басқа екпе салдыруға бола ма? Мысалы жылдың басында Sputnik-V алған адам, күзде немесе қыста қазақстандық вакцина салдырса, қорғаныс қабілетіне қалай әсер етеді?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі уақытта ревакцинация жүргізу тәртібін белгілеу мәселесі талқылау сатысында тұр. Барлық сұрақтар ревакцинация жүргізу туралы ресми ұсынымдардан кейін анықталады.
– Америкалық Pfizer вакцинасын Қазақстанға жеткізу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Шамамен қай уақытта қазақстандықтар Pfizer екпесін салдыра алады?
– Америкалық Pfizer вакцинасын Қазақстанға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Pfizer екпесімен вакциналау жұмыстары да әлі талқылау сатысында. Жалпы 2021 жылғы ақпаннан бастап өңірлерге 16,7 млн астам вакцина дозасы жеткізілді, оның ішінде 8,6 млн доза – бірінші компонент және 8,1 млн доза – екінші компонент бар.
Вакциналарды жеткізу тұрақты жүзеге асырылады, биылғы қазан айында «QazVac» вакцинасының 750 мың дозасын және «Спутник V» вакцинасының 877 мың дозасын жеткізу жоспарлануда.
Қазіргі уақытта республика азаматтарына «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V), «QazVac», «Hayat-Vax», «КоронаВак» және «Синофарм» сынды бес түрлі вакцина қолжетімді. Барлық вакциналар бірдей қауіпсіз және бірдей тиімді.
– Қазақстан QazVac вакцинасын Сауд Арабиясына жеткізуді ұсынуда. Қазақстандық вакцинаны алуға қандай елдер қызығушылық танытып отыр? Қазақстандық вакцинаның шетелдік аналогтардан қандай артықшылықтары бар?
– Бүгінде отандық QazVac вакцинасы Қазақстан аумағында қолданылады. Институт гуманитарлық көмек ретінде Қырғыз Республикасына вакцинаның 25 мың дозасын жіберді. Сыртқы істер министрлігі желісі бойынша Индонезия, Иордания, Иран және т.б. елдерден өтініштер келіп түсуде.
Қазақстандық вакцина өлтірілген вирусты қолдану арқылы жасалды, ал ресейлік, америкалық және еуропалық вакциналарда векторлар немесе жекелеген ақуыздар қолданылады. Өлтірілген (белсенді емес) вирусты қолдану вакцинада антигендердің (ақуыздардың) толық жиынтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, оларға ағза антиденелердің жоғары титрімен және тиісті қорғанысымен айқын жауап береді.
Біріншіден, бұл отандық препарат. Әлемде көптеген жетекші державалардың да өз вакцинасы жоқ, оның үстіне вакцина өзінің тиімділігін көрсетеді. Екіншіден, өлтірілген вирусты қолдануға байланысты қауіпсіздік жоғары. Үшіншіден, антигендердің (ақуыздардың) толық жиынтығын қолдану тұрақты иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Төртіншіден, тасымалдау мен сақтаудың қарапайым шарттары бар.
– Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларды вакциналау қандай мерзімге жоспарлануда? Балаларға қандай вакциналарды ұсынар едіңіз?
– Қазіргі уақытта 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді вакциналау мәселесі министрліктің консультативтік органы – ҚР халықты иммундау жөніндегі консультативтік комиссиясында (ИКК) талқыланып жатыр. ИКК ұсынымын алғаннан кейін түпкілікті шешім қабылданады.
Айта кету керек, қазіргі уақытта COVID-19-ке қарсы Pfizer-BioNTech вакцинасы – 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдер үшін қолжетімді жалғыз вакцина. Осыған байланысты, біздің министрлік Pfizer вакцинасына 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауда.
Қазіргі уақытта вакцинаның қажетті көлемін есептеу, суық тізбек жағдайын қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр (Pfizer вакцинасы үшін ультратөмен температуралық режимді – минус 60-90 градусты сақтау қажет). Жасөспірімдерді вакциналауға арналған вакцина шамамен 2021 жылдың 4-тоқсанында жеткізіледі. Бұл ретте вакцина салатындарды толық ақпараттандырып, өздерінің ерікті келісімін алған соң, ата-аналарының немесе ресми өкілдерінің рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.
– КВИ ауырған адамдардың қозғалысын шектейтін «Ashyq» жобасы өз тиімділігін көрсетті ме? Бұл тәжірибеге өзге мемлекеттер қызығушылық танытып жатыр ма?
– «Ashyq» қосымшасы бірінші кезекте COVID-19 короновирус инфекциясын жұқтырған немесе міндетті түрде 14 күнге оқшаулануы тиіс, науқастармен жақын байланыста болған азаматтардың қозғалысын шектеуге бағытталған. Оқшаулау тәртібін сақтамау, олардың қоғамдық орындарға баруы халық арасында қауіпті жұқпалы аурудың таралу қаупін тудырады.
Жалпы, жоба халық арасында КВИ таралу қаупін азайтуға мүмкіндік берді. Мысалы, 10 маусымнан бастап жалпы республика бойынша «Ashyq» жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандарында келушілер арасында 75 854 карантинді бұзушылар анықталды. Оның ішінде 54 280 жұқтырған және 21 574 байланыста болған адамдар болды, олар өз кезегінде КВИ-ді таратушы көздері болды және оның дені сау халық арасында таралу қаупін төндіреді.
– Қазақстанда ұжымдық иммуниет қалыптасты ма? Қанша адам вакцина салдырды? Бұрынғы қалыпты өмірге оралу үшін тағы не істеу керек?
– Бүгінгі таңда КВИ-ға қарсы вакцинамен қамту бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында 2-ші және әлемнің барлық елдері арасында 42-ші орында тұр. Қазақстанда 9,9 млн адамға бес түрлі вакцина дозалары қолжетімді. Әлемдік практикада КВИ-ға қарсы ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін халықтың 60%-дан астамын осы инфекцияға қарсы вакциналаумен қамтуға қол жеткізу ұсынылады. Біздің елімізде де COVID-19-дан ұжымдық иммунитет қалыптасып жатыр.
2021 жылғы 4 қазандағы мәлімет бойынша Қазақстанда екпенің I компонентін 7 716 723 адам салдырған. Вакцинаның II компонентін алғандар саны – 6 671 959.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет.
Айжан СЕРІКЖАНҚЫЗЫ