Сұрақ: Мешітте имам уағыз арасында ережеп айының кіргені жайында айтты. Сөйтіп келіп бұл айды «харам айы» деп атады. Егер бұл ай расында харам айы болса, онда не үшін оны ислам күнтізбесіне қосқан?
Жауап: Дінде «харам» деген сөз мұсылман түсінігінде тыйым салынған және ол нәрседен аулақ болуы қажет деген ұғымдарды білдіреді. Алайда кейбір уақытта «харам» сөзі қасиетті, құрметті деген мағыналарды да беретінін ескергеніміз жөн. Мысалы, Меккедегі «Масджид әл-харам» мешіті, қасиетті мешіт дегенді білдіреді. Бұл мешітте және оның аймағында адам өзінің амалдарына әдеттегіден де жоғары мұқият болуы керек.
Сол сияқты ережеп айын да құрметті төрт айдың бірі болғандықтан «харам айы» деп атайды. Бұл жөнінде Құран: «Алла Қағбаны – қасиетті үйді адамдарға тірек етті, сондай-ақ қасиетті (харам) айды, құрбандыққа әкеле жатқан және алқа тағылған құрбандық малдарды да (құлшылық етуге негіз етті)», – деп баяндайды («Мәида» сүресі, 97-аят).
Өйткені бұл айларда Құдай Тағала ұрыс-соғысқа, қантөгіске қатаң тыйым салған. Себебі ол уақыттарда тайпалар арасында, рулық соғыстар мен қақтығыстар жиі болып отырған, тіпті кейбір қақтығыстардың ондаған жылдарға созылғаны белгілі.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ