Сұрақ: Ер адамның жылауы айып па?
Жауап: Исламда әйел адамның жылауына рұқсат, ал ер адамға жылауға болмайды деген қағида жоқ. Алла Тағала әрбір пендесіне сынақ жібереді. Бұл нәрседен ешкім де аман қала алмайды. Әсіресе сынақты Өзінің сүйікті пенделеріне көптеп жібереді.
Мысалы, пайғамбарларға, Өзінің жақын құлдары – әулиелерге, тақуаларға және т.б. Біреуін аурумен сынайды, екіншісін қуанышпеп, үшіншісін жоқтықпен сынаса, төртіншісін молшылықпен және т.б. Тіпті, пайғамбардың өзі де баласы Ибраһим қайтыс болған уақытта көзіне жас алған.
Тақырыпқа қатысты ислам тарихындағы мына оқиғаны келтірсек болады:
Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Зейнептің ұлы қайтыс болғанда сабыр мен мойынсұнушылықты, жанашырлық пен мейірім сияқты сезімдерді басынан өткерді. Сырқаттанған ұлының өлім аузында жатқанын сезген Зейнеп әкесіне хабар беріп, келуін өтінді. Қызына Алланың сәлемімен бірге мынадай хабар жіберген болатын:
«Алатын да, беретін де бір Алла. Әр нәрсенің өз мерзімі бар. Сабыр қылсын және сабырдың ақысын күтсін».
Содан кейін қызы тағы да хабар беріп, бұл жолы міндетті түрде келуін сұраған соң, пайғамбар қасындағы сахабалармен бірге қызының үйіне барды. Құшағына алған нәрестенің ақтық демін алып жатқанын көрген пайғамбардың көзі жасқа толды. Мұны байқаған Саад ибн Убайда (р.а.):
– Бұл не, уа Алланың Елшісі? – деп сұрады.
– Бұл Алланның қалаған құлдарының жүрегіне дарытқан мейірімі. Ол тек мейірімді құлдарына ғана рахмет етеді, – деп жауап берді (Бұһари, Әбу Дәуіт).
Демек, ер адамның қайғы-қасіретте, жанына ауыр тиген сәттерде көздеріне жас алуы айып емес.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ