Атақты ғалым Имам Ғазалидің (Алла одан разы болсын) «Кимя-и сағадат» деген еңбегінде ардақты сахаба Абдулла ибн Жағфар (р.а.) туралы ғибратты әңгіме берілген.
Бірде Абдулла ибн Жағфар (р.а.) саяхатқа шыққан еді. Жолы түсіп бір құрма бақшасына кірген екен. Баудың қызметшісі қара нәсілді құл болатын. Құлға үш күлше нан әкелінді. Дәл сол кезде жандарына бір ит келді. Қара нәсілді құл үш күлше нанның бірін әлгі итке берді. Итте нанды жеп алды. Кейін екеншісін берді. Ит оны да жеп алды. Үшінші күлшесін тағы да берді. Ит оны да жеп қойды.
Мұны көрген Абдулла ибн Жағфар (р.а.) құлдан;
– Сенің алатын ақың не? – деп сұрайды.
– Мына сіз көріп тұрған үш күлше нан, дейді.
– Онда неге барлығын итке бердің?
– Бұл маңайда еш ит болмайтын. Бұл ит ұзақ жерден келді-ау деймін. Аш қалуына көңілім разы болмады, дейді құл.
– Ал бүгін не жейсің сонда?
– Сабыр етемін. Күндік ақымды Раббымның аш қалған бір жаратылысына бердім, дейді.
Мұндай көркем ахлақты көрген Абдулла (р.а.): «СубханАлла! Жұрт мені аса жомарт деп мақтайды. Ал ақиқатына жүгінсек мына құл менен де асқан жомарт екен», – дейді. Артынша Абдулла ибн Жағфар (р.а.) құлды және бауды сатып алады. Құлға азаттық беріп, бауды оған сый ретінде тарту еткен екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz