Бір күні Қожанасырдан достары;
– Дүниедегі ең қауіпті және қорқынышты жаратылыс не? – деп сұрапты. Сонда Қожанасыр ойланбастан,
– Адам, деген екен. Бұл жауапқа таңғалған достары Қожанасырдың жауабына қарсылық білдіріп,
– Мұны қалай түсіндіресіз? – депті достары. Қожанасыр да еш саспастан;
– Итті тамақтандырсаң ол ешқашан егесіне қарай қаппайды.
– Жыланға зарар бермесең ол саған ешуақытта тиіспейді.
– Қасқырда адам жүрген жерден ұзақта болады.
Ал, адам ондай емес, қанша жақсылық жасасаң да ол сенің бір жамандығыңды көрсе соны айтып жүреді һәм де жамандық жасайды. Дүниеде жаратылысы бір, ата-анасы бір, ақылды бола тұра адам баласына адам баласынан басқа зиянын тигізіп жатқан қандай тіршілік иесін айта аласыңдар. Бірін-бірімен жауласып жатқан адам баласы, бір-бірін алдап жатқан, ақыларын жеп жатқан, ұрып-соғып жатқан, әлсіздерге зәбір көрсетіп жатқан басқа қандай жаратылыс бар? – деп әңгімесін аяқтаған екен.
Иә, расында адам баласы жаман ойдан, теріс қылықтардан, жағымсыз мінезден арылмаса, онда оның рухы ең төменгі нәпсінің мәртебесінен аса алмайды екен. Себебі ол – ең жаман нәпсі. Яғни, жамандыққа бұйырады жақсылықтан алыстатады, деңгейі төмен, жаман мінез-құлықтың иесі, адам ақылын да рухын да аздырады. Алланың берген нығметін бұзық жолға жұмсайды. Адам денесін шектен шыққан шаһуатқа итермелейді. Жаман мінезді, әдепсіздікті көтермелейді. Адам рухын жоғарыдан төменге тартатын болады дейді ғалымдарымыз.
* * *
Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Нәпсі, өзімшілдік пен мақтан шексіз көп жаман әдеттер туғызады».
Қожа Ахмет Ясауи: «Нәпсіне ерген адам адасады. Енді жатса да, тұрса да оның жолдасы шайтан болады».
Ақан Сері: «Жүрек сұлтан нәпсіге».
Жүсіп Баласағұни: «Бар пәле нәпсіқұмарлықта».
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz