Адамзат тарихындағы ең ірі кітапханалар саналатын әйгілі Александрия кітапханасы мен қазақ жерінде болған Отырар кітапханасы әлемдік өркениеттің дамуына теңдессіз үлес қосқан кешенді білім ордалары болған еді. Алайда, бұл екеуінің де өмірі бүгінгі таңға жетпей, тарихтың бір қойнауымен шектелді.

Қазір батыстың бірқатар тарихшылары гүлденген Александрия кітапханасын екінші халиф болған Омардың (р.а) тікелей нұсқауымен мұсылмандар қиратты деген аңызды айтып жүр. Бұл жөнінде белгілі басылым беттерінде талай жарияланған да. Ал шындығында, Александрия кітапханасын жер бетінен тып-типыл еткен кімдер еді?

ХХ ғасыр басында Ресейде жарық көрген «Брокгауз бен Ефронның Кіші энциклопедиялық сөздігінде» былай дейді: «Александрия кітапханасы негізін Александрия қаласында ІІ Птолемей қалаған, қорында 500 мың том кітап болған. Кітапхананың бір бөлігі б.э.д. 48 жылы Юлий Цезарьдың Александрияны қоршауға алған кезінде өртеніп кеткен. Қалған бөлігін 391 жылы христиан табынушылары құртып жіберген».

Ал, «Үлкен Совет энциклопедиясында»: «Ежелгі дәуірдің ең әйгілі Александрия кітапханасы б.э.д. ІІІ ғасырда алғашқы Птолемейлер кезінде Александрия қаласында негізі қаланған. Оны Эратосфен, Зенодот, Аристарх, Калиммах есімді ірі ғалымдар басқарған.

Сол заманғы оқымыстылар онда 100 мыңнан 700 мың томға дейін кітап қоры болғанын жазады. Кітапхана қорының негізін ежелгі грек әдебиеті мен ғылымынан тұратын шығармалар құрағанымен, мұнда шығыс халықтары тілдеріндегі кітаптар да көп болған. Александрия кітапханасы жанында көшірмешілер штаты жұмыс істеп, олар кітаптарды көшіріп жазып, данасын көбейтіп отырған. Калиммахтың жетекшілігімен кітапхана каталогы жасалынып, сол жүйе негізінде кітап қоры толықтырылып тұрған.

Александрия кітапханасының бір бөлігі б.э.д. 47 жылы Александрия соғысы кезінде жойылды, алайда кейін Пергама кітапханасының қоры есебінен толықтырылып, қайта қалпына келтірілді. 391 жылы І Фердосияның императорлығы уақытында Серапис храмында болған кітапхананың үлкен бөлігі христиан табынушылары шабуылымен тып-типыл етілді», – деп жазады.

Қарап отырсақ, осы және басқа да көптеген көне дерек көздері Александрия кітапханасын мұсылмандар қиратты деген мәлімет айтпайды.

«Осыған орай, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жақын серіктерінің бірі, кейін мұсылман мемлекетіне халиф болған Омардың (р.а.) мойнына таңылған әлемдік мәдениет алдындағы бұл ауыр күнәні алып тастаған жөн», – дейді көптеген Ислам ғалымдары.

Батыстың көпшілік елдерінде осы аңыз нақты тарихи дерек ретінде оқытылып жүр. Тіпті, олар «Омар (р.а): «Бұл кітаптар Құранға қайшы келмейтін болса да, олардың керегі шамалы, өйткені Құранда білімнің бәрі айтылып қойған; ал егер қайшы келсе, бәрін сөзсіз құрту керек» деп айтқан екен» деген жалған деректі келтіреді.

Алайда, арабтардың Египетке келуі жөнінде көп жазған Иоанн Никиуский де, Исламға қырын қарайтын бірде-бір христиан тарихшысы да кітапхананың мұсылмандар қолымен өртелгені туралы айтқан емес. Егер, расымен сондай оқиға болса, оны алдымен осы адамдар жазуы керек еді ғой.

Кейбір ғалымдардың пікірінше, Ислам діні келген кезде аталмыш кітапхана болмаған да сияқты. Ол жаңа дәуір басталған тұста христиандардың пұтқа табынушылар ғылымымен күресі кезінде-ақ тарих сахнасынан жоғалған.

Әлемнің екінші үлкен білім бұлағы – Отырар кітапханасы Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде жойылып кетті. Бұрын Фараб аталған бұл қаладан тек Ислам әлеміне емес, күллі дүниежүзіне аты мәшһүр, әлемдік ғылымға сүбелі үлес қосқан оқымыстылар шыққан-ды. Отырар – 30-дан астам әл-Фарабидің Отаны. Солардың ішіндегі ең атақтысы – біздің ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби.

Әлемнің екінші ұстазы атанған ол әлемнің екінші ірі кітапханасында білім нәрінен сусындап өсті. Мұнда ежелгі сына жазуымен жазылған туындылар мен папирус орама қағаздарынан бастап, орта ғасырлық Еуропа, араб және қытай ғалым-оқымыстыларының шығармаларына дейін жинақталған еді. Міне, осындай қоры өте бай кітапхана пұтқа табынушы шапқыншылардың аяғына тапталды. Бұл 1218 жыл болатын.

Алайда, моңғол әскерінің Отырарды 6 ай бойы қоршауы кезінде кітапхана құпия түрде жер астына жасырылған дейтін аңыз бар. Бірақ та, оның нақты қай жерге жасырылғаны жөнінде бүгінгі күні ешкім білмейді.

Орта ғасырдан жеткен бір аңызда былай дейді: бір аңшы түлкіні қуып келе жатқанда, түлкі бір апанға кіріп кетеді. Аңшы апанды қаза бастағанда, қолына папирус қағазы ілігеді. Сөйтсе, апан дегені – үңгірге кіретін есік екен. Сырттан түскен жарықпен жігіт үңгірде қатар-қатар тізілген көне кітап үйінділерін көріп қалады.

Алайда, сол сәтте түлкі екінші бір жерден атып шығып, соның артынан қуып кеткен аңшы кейін бұл апанды қайта таба алмай қалған көрінеді. Болжам бойынша, аңшының сол көргені – Отырар кітапханасының жер астына жасырылған кітаптары болуы ғажап емес.

2001 жылғы 27 тамызда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) арасында көне Отырар қалашығын сақтау әрі консервациялау жобасы бойынша келісімге қол қойылды. Келешекте Ұлы Жібек жолының батыс пен шығыс әлемдері тоғысар тұсында ғылым мен мәдениет орталығына айналған көне шаһардың бүгінгі орнын шетелдік қонақтар үшін туризм орнына айналдыру көзделіп отыр.

Көзсiз зорлық ғасырынан,

                                   Надандықтың тасырынан,

                                   Жер астына жасырылған

                                   Дара тұлға бабалардың ұшқыр ойы, санасы.

                                   Ұяттыны толғандырған,

                                   Қанаттыны заңғар қылған,

                                   Күллi әлемдi таң қалдырған,

                                   Рухыңмен қолда бiздi

                                  Отырардың ұлы кiтапханасы! – деп қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шаханов ағамыз жырлағандай, әйгілі Отырар кітапханасы ата-бабамыз мекен еткен алып аймақта ілім дәнін сепкен киелі жер болғаны ақиқат. Көптеген мұсылман ғұламаларының еңбектері арқылы Отырар кітапханасы біздің даламызға Ислам дінінің таралуына өз үлесін қосты.

Мұхаммед ӘЛИ

Пікір жазу