Әрбір мұсылман шектеулі ғұмырын мәнді де, мағыналы етіп өткізгісі келетіні белгілі. Осы жолда әркім хәл-қадерінше сауаптың жолын іздеп мешіттерге барады, дін мамандарына жолыға қалса «Екі дүниеміз үшін қандай сауапты іс жасаған абзал» деген секілді сұрақтарын жаудырып жатады.
Жауап беруден әуел сұрақ қоюшыға қарап, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.), өзіне «Уа, Алла елшісі! Қандай амал істеген абзал? Қандай амал жәннәтқа кіргізеді» деген тәрізді сұрақ қоя келгендерге, «Сен анаңды жақсы қара», «Сен құлшылығыңа берік бол», «Сен дүние-мүлкіңмен көмектес» деген сынды жауаптарын ескере отырып, әртүрлі жауап бересің. Бұл ауқымы өте кең тақырып болғандықтан, қоғамды көркейту тұрғысынан айтарлықтай ықпалы мына бір мәселе төңірегінде, яғни, экономикалық әлеуеті бар бір иманды азамат қаражатын қандай бағытта жұмсағаны абзал? деген сұрақ аясында қарастырып көрелік.
Ислам діні әу баста: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен» («Ғәләқ» сүресі, 1-5 аят) деп білім алуға, саналы қоғам қалыптастыруға шақырды.
Білімсіздік, надандық тоқырауға, формализмге айналуға әкеліп соғатын басты фактор болып табылады. Сондықтан, қолында қаражаты бар иманды азамат әуелі барымен осы жолда бөлісуі керек. Қазіргі кезде қаржылық тұрғыдан жағдайы бар азаматтардың, «Қаражатыңа мешіт салдыр» деп, ақшасын сол бағытта жұмсау ғана дұрыс деп жүргендер жоқ емес.
Әрине, мешіт салдыру өте сауапты амал, әсіресе, мешіті жоқ кейбір елді-мекендерде ең әуелі жасалуы тиісті іс. Дегенмен, бүгінде халық көп орналасқан қалалы жерлерде, еліміздің басым аумағында Аллаға шүкір мешіт көбейіп қалды.
Сондай-ақ, қазіргі таңда мешіт салудан да бір маңызды іс бар, ол да – халықтың діни сауатын көтеру. Ол үшін бақуатты азаматтар қолындағы қаражатын осы жолға көбірек жұмсаса нұр үстіне нұр болар еді. Неге десеңіз, бір мешіттегі жамағаттың екіге бөлінуі, қоғамдағы адамдардың бір бөлігі дін туралы қате түсінікке барып жатуын бірінші кезекте алынуы тиісті іс болып табылады.
Осы жерде өзімізге, мешіттерімізді жамағатпен толтырдық, олардың рухани жағын толтыра алдық па? Неге радикалды топтар ортамыздан аластатылмай жатыр? Олар белгілі бір идеологияның ықпалында кетіп жатқан болса, онда әлі ағарту жұмысы жеткіліксіз болғаны емес пе? деген сұрақтарды қайталап қояр болсақ, әуелі қайырымдылықты қайдан бастау керектігі, қалталы азаматтар ақшасын неге жұмсаса абзал екендігі түсінікті болады.
Дана халқымыздың, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, халықтың діни сауатын көтеру ісінің бағыттарын анықтау керек. Мысалы;
- Отбасы институтын жүйеге келтіру арқылы жас ұрпақтың бойына діни дұрыс түсінік пен тәрбиені қатар сіңіру (балаларға арналған кітапшалар, мультфилім);
- Діни әдебиеттер арқылы халықтың діни сауатын көтеру, діни түсінігін бір ізділікке түсіру (сенім, ғылымхал және қоғамдық мәселелер);
- Дін мен зайырлылық жүйенің арасындағы ара-қатынасты дұрыс жеткізу;
Аталған мәселелерді дәстүрлі тарихымызбен сабақтастыра отырып жеткізе алсақ, отанды сүю, өзара сыйластық, толеранттылық деген мәселелер оң шешімін таппақ. Діни құндылықтар әрбір адамның бойынан табылуы тиісті мұсылмандық сипаты болып табылады. Мұсылмандықтың негізгі ұстындары берілмейінше, кәміл мұсылман шықпайды.
Міне, осы тұрғыдан мешіттің жамағаты мен бұқара халықтың діни сауаттылығын көтеру, қайырымдылықты сол жолға негіз етіп бағыттау екі дүние үшін де қайырлы іс болып табылады.
Самет Оқанұлы,
исламтанушы