«Орал облыстық орталық мешіті» облыс орталығы Орал қаласы Еуразия даңғылы мен Әйтиев көшесінің қиылысында ораналасқан. Мекен-жайы: Евразия даңғылы №92. 2003 жылы осы мешітті салу жоспарланып, орны белгіленді. Алайда облыс әкімі басқа қызметке ауысуына байланысты облысқа әкім болып тағайындалған Нұрғали Садуақасұлы Әшімов осы мәселені қайта көтеріп, жаңа жоба жасатып, өз бақылауында ұстап, нәтижесінде облыс мұсылмандары жаңа мешітке ие болды. Мешіт құрылысы 2004 жылы басталып, 2005 жылы 3 қараша  ораза айттың бірінші күні ресми түрде ашылды.

Мешіттің жобасын «ПСК Оралтехнопроект ЖШС» фирмасы жасап, құрылысын «Адал-Арна ЖШС» фирмасы бір жыл көлемінде жүргізіп, мұсылмандар игілігіне берді.

Жалпы алаңы 0,5989 га, соның ішінде құрылыс алаңы: 1067 шаршы метр, үсті төселген қатты алаң көлемі: 2775 шаршы метр, жол төсеніш: 855 шаршы метр, тротуар төсеніш: 2041 шаршы метр, көгалдандырған жер көлемі: 2147 шаршы метр.

Жалпы мешіт аумағы қоршалған, артқы бетке жеке адам және жүк көліктері кіретін есіктер орналасқан, алдыңғы бетте жиырма метрлік қоршаусыз, есігі жоқ кіретін алаң бар, сонымен қоса тиісті уақытта пайдаланатын 4-метрлік екі ашпалы қақпа орналасқан, оң жақта авто парк жағында күнделікті мешітке келуші жамағатқа арналған 1,20 метрлік есік бар.

 Алла үйі 3 қабаттан тұрады. Мешіттің жалпы көлемі – 1316 шаршы метр, 1800 орындық, құрылыс алаңы – 790 шаршы метр, ғимараттың көлемі болса – 9925 шаршы метр. Мешіт ғимаратының биіктігі 14,45 метр. Сыртқы қабырғалары қызыл кірпішпен өрілген, ішкі қабырғалары темір қаңқадан өріліп, гипсакардонмен қапталып, түс қағаз жапсырылған. Ал бағаналары темірден құралып, сырты мәрмәрмен қапталған. Арқалық мәткелері  де темірден ойылған. Ғимараттың сырты сарғыш түсті сырмен боялған, 20 мәрмәр бағанасы бар. Биіктігі 15 метр болатын портал және негізгі есік арқылы үлкен залға кіретін екі есік бар. Терезелер ағаштан, шынылары түсті итальян витражымен әшекейленсе, есіктері сапалы ағаштан жасалынған. Мешіттің бас есігі Еуразия даңғылына қараған, оның биіктігі 2,90, ені 2,88 метр. Кіргенда оң жақта әйелдер, сол жақта ер кісілерге арналған сырт киім ілетін орын бар. Екі жақта биіктігі 6,5 метрлік үлкен терезе бар. Үлкен залға негізгі есіктен  кейін 2 есік арқылы өтеді.

Мешіт ғимаратының негізін үлкен зал құрайды. Үлкен залдың биіктігі 11 метр, күмбезі 8 қырлы Германияда жасалынған шыныдан тұрады, михраб, 6 терезе (биіктігі 6,5 м) және өрт кезінде шығатын есік бар. Ұзындығы 22,65 метр, ені 20 метр. Әйелдердің ғибадат ете білулері үшін үшінші қабатта орын қарастырылған. Бұл залдың ұзындығы 20, ені 5,50 метр. Осы залдан минаритке шығатын екі 0,60-1,0 метрлік есік орналасқан. Мешіт іші өрнектелмеген. Себебі қабырғаларына түсқазағаз жапсырылған.

Бірінші цоколдық  қабаттағы кіші залдың биіктігі 3,45, ұзындығы  24, ені 24 метр, 3 терезесі, жылу жүйесі келген құбырлар, жарық жүйесін реттейтін бір шитавой бөлмесі бар. Мешіттің артқы жағында цоколдік қабатқа кіретін қызметтік есік қарастырылған және сыртқа шығатын ені – 0,90, биіктігі – 2,0 метр екі есік орын алған. Аталған есіктен аула есігінің аралығында оң жағында 13х3,6 метр көлемінде Құран оқу бөлмесі және сол жағында 6х3,6 метр көлемінде найб имамдар бөлмесі орналасқан. Аталған қабаттың алдыңғы бетінде имамның қабылдау бөлмесі мен есепші бөлмесі және қызметтік есік орын алған, екі ашпалы есіктен тұрады, ені – 1,30 метр. 

Бірінші қабатта кіші залға өтетін жерде, ұзындығы 14,48, ені 5,30 метр, бір терезесі бар дәрісхана бөлмесі бар.  Кіші зал мен дәрісханаға үлкен залдан баспалдақпен түседі. Кіші залдан баспалдақпен түскенде еден тазалаушыларға бөлме қарастырылған.

Мешіттің жылу жүйесі  табиғи газбен жылытатын жеке жылу орталығы арқылы заман талабына сай еден астынан және батареялармен жабдықталған.

Мешіттің 41 метрлік екі мұнарасы, 8 қырлы шыныдан жасалынған күмбезі өзіндік әсемдікке ие.

Мешіттің артында дәретхана мен жылыту жүйесі орналасқан. Дәретхананың құрылыс алаңы 11х9 метр болып, 104 шаршы метр. Қызметкерлер дәретханасы, әйелдер және ерлер дәретханасына бөлек есіктер арқылы кіріледі.

Жылыту жүйесі орналасқан ғимарат үш бөлмеден тұрады. Әр бірінің жеке сырттан кіретін есіктері бар, бірінші бөлмеде жылыту қазандықтары орналасқан. Екінші бөлмеде қазандыққа қараушы операторлар бөлмесі, үшінші құрал-жабдықтар орналасқан бөлме.

 

Пікір жазу