Өткен аптада Астана төрінде жаһандық экономикалық мәселелер талқыланып, әлемнің айтулы сарапшылары, экономистер элитасы мен ғалым-білгірлер халықаралық қауымдастық үшін аса маңызды мәселелерді көтеріп, қадау-қадау пікірлерді елордадан шартарапқа жолдаған болатын.
Осы апта Астана әлемдік деңгейдегі рухани әңгімелерді айтумен, адамзат баласына ортақ рухани құндылықтарды қаузауымен тағы да ерекшеленді. Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында осымен төртінші рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі болып өтті.
Тоқтала кететін басты жайт, діндер, өркениеттер арасындағы ынтымаққа үндейтін диалог алаңы ретінде халықаралық қауымдастықпен мойындалып үлгерген осынау Қазақстан бастамасының ауқымы да, маңызы да жыл сайын артып келеді. Мәселен, діндер Съезі алғаш рет қазақ даласында туын тіккенде оған қатысушылар саны 17 елден 17 делегатты ғана құраған еді. Ал осы аптадағы Діни форумның жұмысына 40 елінен 85 делегация қатысты. Съездің құрметті қонақтарының ішінде – Дүниежүзілік ислам лигасының Бас Хатшысы Шейх Абдалла бен Абдель Мұхсин ат-Түрки, Мәскеу және бүкіл Ресейдің Патриархы Кирилл, Папаның Киелі Тағының делегация басшысы кардинал Джованни Лайоло, Ислам мазхабтарын жақындастырудың дүниежүзілік ассамблеясының Бас хатшысы аятолла Мұхаммад Али Тасхири, Израильдің бас раввиндері Йона Мецгер және Шломо Амар және басқалар болды. Бұның өзі Елбасы айтпақшы, Съездің жаһандық маңызының жыл сайын артып, салмағының сапалы түрде өсіп келе жатқанын айғақтайды. Биылғы осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған алқалы басқосудың тағы бір ерекшелігі Діндер Съезі кеше ғана құрылған Діни лидерлер кеңесінің бірінші отырысымен басталды. Бұл органды құруға Президент Нұрсұлтан Назарбаев үшінші Съезд барысында ұсыныс жасаған болатын. Әлемнің жетекші конфессия өкілдері құрамына кірген Кеңестің құрылуы конфессияаралық диалогті жаңа деңгейге шығаратын болады.
Съездің алғашқы күні сөз сөйлеген ҚР Президенті Н. Назарбаев бұған дейінгі дін көшбасшыларының форумы күрделі жаһандық үрдістер кезеңдерінде ұйымдастырылғанын, бүгінгі кезең де адамзат дамуында ерекше болып отырғанын ескертіп өтті. «Әлемдік тәртіптің жаһандық трансформациясы басталды. Адамзат шын мәнінде жүйелі дағдарыстың кезеңін кешуде. Жаһандық рецессия көптеген қоғамға ауқымды әлеуметтік жарылысымен қатер төндіруде», – деді Президент. Осы дағдарыстың кесірінен бүгінде әлемде 1 миллиардтан астам адам жұмыссыз жүр. Оның жартысына жуығы – жастар, соның ішінде жақсы білімге қол жеткізгендер. Мүмкіндігі бола тұра, лайықты жұмыстан жолы болмағандардың көбеюі себебінен жастар арасындағы радикализм мен криминализм өсіп келеді. Сонымен қатар моральдық және адами құндылықтардың жаһандық дағдарысы да етек жаюда. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы кездері белең алып жатқан Киелі Кітаптарды, мешіттерді, храмдарды, синагогаларды, ғибадатханаларды өртеу, дін қызметкерлерін кемсіту, қоғамнан шеттету, ұрып-соғу, өлтіру секілді азғындық әрекеттердің бәрі соның айғағы екенін айтты. Ал бұның алдын алу үшін не істеу керек? Ең бастысы дін мұндай келеңсіз дүниелерге тосқауыл бола алады. «Тіпті ұлттық құндылықтарды, асыл мұраларды, мәдениет пен салт-дәстүрді сақтаушы да – осы дін. Қазақ жұртының көзі бұған сталиндік қуғын-сүргін мен құдайсыз кеңестік режимде-ақ жеткен», – дей келе Елбасы осы мәселелерді талқылау үшін дінбасылардың басын қосу бүгінгі күні ауадай қажет екендігін атап айтты. Өйткені, адамзат тарихында бейбітшілік пен келісімнен асқан құндылық болған емес. «Сол үшін мен бір апта бұрын Астаналық экономикалық форумда ХХІ ғасырдағы әлемдік өзара қарым-қатынастың тиімді моделін жасап, оны жүзеге асыру туралы ұсыныс тастадым. Оны «G-GLOBAL – Ұлы Әлем» деп атадым. «G-GLOBAL – Ұлы Әлем» – бұл барлық проблема келісім мен сыйластық негізінде шешілетін толерантты ұлттар қауымдастығы және ядролық қару қаупінен құтылған, жаппай қырып-жоятын қарудан ада планета», дей келе Қазақстан Президенті мұндай модель құруға адамзаттың ақылы мен тәжірибесі жететініне сенім білдірді.
«Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің өтуі діндер арасындағы ымыраға келмейтін айырмашылықтар мен алауыздықтар туралы тұжырым болғаны елес қана екенін көрсетіп отыр. Бір-бірімен діндер емес, адамдар мен мемлекет жауласады. Әлемдегі ұлы ойшылдар дінді адамгершілік формуласы деп атайды. Ұлы Абайдың мынадай даналық сөзі бар: «Діндардың міндеті – жақсылық жасау. Алайда сенім болмаған жерде, жасаған ізгі істің қайыры бар ма?». Кез-келген діни ілімнің мән-мағынасы адам мен адамзатты жоғалған кемелділік жолына қайтаруда болып табылады», -д еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, алқалы басқосуда сөз алған шешендердің, діндар-ғалымдардың баршасы Астана арқауымен астасып жатқан рухани және діни диалог алаңының маңызын жоғары бағалап, форумның беделі халықаралық асқақ екенін айтысты. Енде осынау диалог алаңының мәртебелі меймандарының пікіріне ден қойсақ. Дүниежүзілік ислам лигасының Бас Хатшысы Абдель Мұхсин ат-Түрки: «Бейбітшілік – оның шарты мен жетістіктерін қорғауды қамтамасыз етуді, оның орнығуы үшін күш-жігерді салуды талап ететін адамзаттың мұқтаждығы. Бұл – бір ғана нақты тарапқа жүктелмейтін, келісім мен өзара түсіністік жолымен қол жеткізетін бірлескен үдеріс. Сенім мен беделге ие діндер көшбасшылары мен діни институттардан даулы мәселелерді үнқатысу арқылы шешу үшін бейбітшіліктің елшілері мен бітімгері болуды талап етеді», деп атап өтті. Ал Мәскеу және бүкіл Ресейдің Патриархы Кирилл: «Президент Нұрсұлтан Назарбаев дінді биікте қалықтаған құспен орынды теңеді. Сенім адамға жердегі болмыстан алшақтауға және әлемдік оқиғаларды биіктен көруге мүмкіндік береді», деді.
Израильдің сефардтық бас раввині Шломо Амар: «Бейбітшілікке іңкәрлік – ол, ең алдымен, шыдамдылық, басқа діндерге құрмет. Кез-келген дінге сенуді түсіністікпен қарау қажет. Түрлі халықтар мен мәдениеттер тек үнқатысу мен өзара келісім жолында бейбітшілікке қол жеткізе алады. Президент және Қазақстан халқы бұл жолда жетістікке қол жеткізді, конфессияаралық келісім мен шыдамдылықты қамтамасыз етудегі сіздің еліңіздің табыстары – бүкіл әлем үшін өнеге» дегенді алға тартты. «Президент пен Қазақстан халқы бұл жолда табысқа қол жеткізді, сіздердің елдеріңіздің конфессияаралық келісім мен төзімділікті қамтамасыз етудегі табыстары – бүкіл әлем үшін үлгі. Өзара түсіністік пен толеранттылық, конфессияаралық кедергіні «жоя» білу, мультмәдени әлемнің қатерлерін еңсеру тәрізді діндер арасындағы айырмашылықтар аса маңызды емес. Бізге нақты осындай мүмкіндікті ұсынған Астанадағы форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев диалог арқылы бейбітшілікті құруда тек халықтарды ғана емес, сонымен қатар түрлі идеология мен дүниетанымдағы діндер, мәдениет пен қоғамды біріктіретін «жаңа БҰҰ-ны» құрды, – деді Шломо Амар.
Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьен өз сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Астанадағы IV Съезінің жалпы отырысында түрлі діндер өкілдерінің арасында сындарлы үнқатысуды қалыптастырғаны туралы атап өтіп: «Осындай үнқатысу өте маңызды, ол өзара түсіністікке бағытталуы тиіс. Бұл адамдардың бостандығын қамтамасыз етуге қатысты алғанда дұрыс. Барлық көзқарастар бауырластыққа апаруы тиіс. Қоғамды дамытуға өз үлесіңді қосу керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесіндегі Қазақстанның көреген және дана саясаттың өнегесі бар»,-деді. Сондай-ақ отырыста БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезіне қатысушыларға құттықтау хатын оқыды. «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші Съезіне қатысушыларға үн қату мені қуанышқа бөлейді. Сындарлы үнқатысуды қамтамасыз ету үшін Қазақстан бұл топтардың басын қосты ден санаймын. Біз күрделі уақытта өмір сүріп отырмыз – кедейлік, аштық, аурушаңдық, қақтығыстар және басқа да жаһандық қатерлер халықаралық жауапты талап етеді. Діни лидерлер ретінде сіздер бұл мәселелерді өз қоғамдастықтарыңыздағы адамдармен «жүректен жүрекке» алмасу арқылы шеше аласыздар. Адам қандай дінге сенсе де, одан тәуелсіз түрде алуандықтың күш-жігерін көрсету үшін біз біріге аламыз», – делінген БҰҰ Бас хатшының үндеуінде.
Екі күнге ұласқан Әлемдік Діндер Съезі барысында делагаттар Астанада өткен бірқатар шараларға қатысты. Атап айтқанда, елордада Діни лидерлер кеңесінің мүшелері «Рухани жарасым» жаңа аллеясын ашты. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументінің ашылуына қатысып, «Алжир» мемориалды мұрағат кешенінде жазықсыз құрбандарға тағзым етті. IV Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезіне қатысушылар екі күндік форум жұмысының нәтижесі бойынша халықаралық қоғамдастыққа Үндеу қабылдады. «Біз, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV съезіне қатысушылар, жаратушының адам баласының бесенесіне бұйыртқан болмысын, оның қадір-қасиеттері мен ажырағысыз құқықтарын сөзсіз мойындаймыз. Біз адамзаттың жарқын болашағы үшін оның бірден-бір айнымас таңдауы болып табылатын бейбітшілік пен келісімге өз ұмтылысымыз бен адалдығымызды білдіреміз. Біз адамзаттың ортақ игілігі үшін түрлі діндерді ұстанушылардың, халықтар мен мемлекеттердің арасындағы өзара құрметтеуді, түсіністікті және ынтымақтастықты жақсартуға бағытталған діндер мен мәдениеттер диалогын ілгерілету жолындағы ізгі бастамасы үшін Қазақстан Республикасына терең ризашылығымызды білдіреміз», делінген Үндеуде. Сондай-ақ, Үндеу арқылы делагаттар түрлі діндер мен рухани дәстүрлерді ұстанатын барша адамдардың атынан дінаралық диалог арқылы ілгерілейтін өзара құрметтеуді, түсіністікті және келісімді ортақ құндылықтар деп танитынын алға тартады. Қоғамның имани-рухани негізін нығайтуды және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта түлетуді әлемнің тұрлаулы дамуының талассыз шарты, адам болмысының мәні мен мақсатын танудың кілті деп санайды. Әйел затының отбасындағы және қоғамдағы жасампаздық рөлі адамдар мен ұйымдар тарапынан терең құрметке бөленуге, қадірленуге және барынша қолдау табуға тиіс екендігіне кәміл сенетіндіктерін білдіреді. «Әлемнің болашағы – жастардың қолында. Біз жастарымыздың өмірлік оң бағдарларын қалыптастырудың, олардың имандылық негіздерін орнықтырудың, рухани дамуының және барлық деңгейде білім беру арқылы өркендеуінің маңыздылығын қуаттаймыз», – делінген Үндеуде.
Ашаршылықтың апатты қасіреті ұмытылмауы тиіс
Осы аптада Қазақстан жұртшылығы ұлт басынан өткерген алапат трагедиясына, мемлекет тарихындағы қасірет парақтарына қайта үңіліп, сонау ХХ ғасыр басында орын алған ашаршылыққа 80 жыл толуына орайластырып бірқатар шараларды жүзеге асырды. Қазақтың басындағы қасіретті қасаң кезең туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «егер ашаршылық болмағанда бүгінге қазақтардың саны 45-50 млн. адамға жетуші еді» дегенді айтып, ұлы нәубеттің қасіретін ұмытпау туралы ұран тастаған еді. Расында, бүкіл халықтың тең жартысынан астамын жалмаған ашаршылық – бұл ұлт жадынан бір сәт те сарқылмайтын, қазақ халқының ұдайы тағзым етіп, тәубелікке тізе бүгетін Азалы парағы.
Өткен жолы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау зұлматтың 80 жылдығын ерекше еске алу шараларымен атап өту туралы бастама жасаған еді. Президенттің тапсырмасымен ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары бүкіл ел аумағында, облыстар мен қалаларда, аудандар мен ауылдарда кеңінен өткізілді. Көптеген облыстарда еске алу, тағзым ету рәсімдері өтіп, өңірлерде ескерткіштер ашылды. Соның бірегейі ретінде Астанадағы жазықсыз көз жұмғандарға арналған ескерткіш-монументті айтуға болады. Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым ретінде орнатылған монументалды сәулеттік-көркем композициясының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, жазықсыз жапа шеккендер рухына тағзым еткен болатын. Осынау шара барысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бұл нәубет көптеген зерттеуді қажет ететінін атап өтіп, қазақтың қолдан жасалған зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі екенін де еске салды. «Тек 1932-1935 жылдары ең кемі 1,5 миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Мұны әлі зерттеу керек, әрине. Біз сол уақыттағы басшылардың өзіне қолайлы етіп берген есебіне ғана сүйеніп отырмыз. Ал аман қалған қандастарымыздың тағы да 200 мыңы жосып, неше түрлі мемлекеттерге жер аударылып кетті. Сол жылдары нәубетке ұшырамаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болды. Көптеген ауданда неше түрлі жағдайлардан қырылған адамдардың есебі жоқ», – деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев мұның барлығы сол кездегі Кеңестік биліктің, тоталитарлық саясаттың қолдан жасаған зұлматы екенін айтты. Бұл ашаршылық тек қазақ даласын ғана шарпыған жоқ, Ресей, Украина, Беларусь жерлерін де қамтыды. Президент айтпақшы, алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады.
Міне, осындай қайғылы тарихымызды ұмытпау сол нәубеттердің қайталанбауы үшін қажет. Осыны ескерген Елбасы халықтың қасіретті сәттері әрдайым елдің жадында болуы тиіс екенін жеткізді. Сол үшін арнайы ескерткіш те ашылып отыр. «Тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған ашаршылық ешқашан ұмытылмақ емес. Есімізде болуы керек. Сондықтан да біз Астананың қақ төрінде ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатып отырмыз. Бұл, біріншіден, ашаршылықта құрбан болған миллиондаған біздің бабаларымыздың рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіретті бастан өткергенін біліп жүруіне тағылым», – деді Президент.
Еске сала кетейік, монумент елорданың Республика мен Абай даңғылдарының қиылысындағы алаңға орнатылған. Мұндағы Әйел-ана бейнесіндегі ескерткіштің биіктігі 4,4 метрге, басқа да сәулеттік мүсіндердің биіктігі – 1,2 және 2,5 метрге тең. Ал «Қасірет керегесі» қабырғасының биіктігі 5 метр болса, оның жалпы ұзындығы – 23 метр. Сәулеттік композиция авторларының пікірінше, бұл ескерткіш-монумент нәубетті кезеңнің қасіретін ашып көрсетуімен, ал «Керегенің» «Әйел-ана мен бала» мүсіндерімен қатар тұрғызылуы – аштық тақсіреті қанша қыспаққа алса да, қайсар халықтың сағы еш сынбайтынын білдіруімен ерекшеленеді.
01.06.2012