Қазақстан – әлемдік діндер мен конфессиялардың өзара ынтымақ пен бірлікте тіршілік етіп отырған жері. Бүгін Астанада ашылған Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III съезі аясында баспасөз мәслихатын өткізген Ресей Федерациясы Мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин осылай айтты.
Ресейдің Бас мүфтиі атап өткендей, бүгінде Қазақстан жерінде барлық діндер мен конфессиялар өкілдерінің құқықтары толықтай қорғалып келеді. «Қазақстандағы ұлтаралық келісім идеясы Ресей мұсылмандарына да жақын бастама. Себебі біз білеміз, осындай келісімнің негізінде ғана ұлттар мен ұлыстар өзара достық қарым-қатынаста өмір кешіп, басқа діндердің дамуына барлық жағдай жасалады. Бүгінде біздің діндеріміздің тыныштығы мемлекеттеріміздегі тұрақтылықтың негізі болса керек. Сол себепті біз бүгін ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің ордасы атанған Қазақстан жеріне келіп отырмыз. Бұл жер – әлемдік діндер мен конфессиялардың өзара ынтымақ пен бірлікте тіршілік етіп отырған жері», – деді Р.Гайнутдин.