«Қажылық» сөзінің тілдік мағынасы – ниет, мақсат дегенді білдіреді. Осыған байланысты әл-Халил: «Қажылық – өзі ұлы деп санаған нәрсеге ниетті арттыру», – деген.  Ал енді шариғаттағы мағынасы – арнайы әрекеттерді атқару үшін Қағбаға баруға ниеттену немесе өзіне тән іс-қимылдармен белгілі бір уақытта арнайы орынды зиярат ету[1].

Қажылық – Ислам дінінің негіздерінен болып саналатын бес тіректің бірі әрі соңғысы. Алла тағала мұсылмандарға қажылық парызын һижраның тоғызыншы жылы: «Мұнда келуге шамасы келген адамның бәрі Алла үшін сол үйге (Қағбаға) қажылық жасауға міндетті»[2], – деген аятты түсіру арқылы жүктеген. Қатада: «Алла тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға адамдарды қажылық жасауға шақыруын әмір еткенде, ол: «Уа, адамдар! Күдіксіз құдіретті Алла үй (Қағбаны) тұрғызды, ендеше сендер оған қажылық жасаңдар», – деп адамдардың қажылық міндеттерін атқаруға үндегенін баяндайды. Себебі қажылық басқа құлшылықтарға қарағанда ерекше ғибадат.

 Ол жайында әл-Қади Хусейн: «Қажылық – мал-дүние мен тәнді де қамтитындықтан құлшылықтардың ең ардақтысы», – десе, әл-Халими: «Қажылық – барлық құлшылықтың мән-мағыналарын біріктіреді. Кімде-кім шынайы түрде қажылық етсе, ораза ұстап, намаз оқығаны, иғтикафқа тұрғаны, Алла жолында шайқасып, қан төккені болып саналады. Өйткені біз осы аталған нәрселерге шақырылғанбыз», – деуі осыған дәйек болмақ.

Бірде Алла елшісінен (с.ғ.с.) қандай амалдың артықтығы жайында сұралды. Сонда ол: «Аллаға және Оның елшісіне иман келтіру», – деп жауап берді. Сосын: «Одан кейін ше?», – деп сұрақ қойылды. Ол: «Алла жолындағы күрес», – деді. Тағы да: «Одан кейін қайсысы?», – делінді. Ол: «Қабыл болған қажылық», – деп жауап қайырды. Ал Алла жолындағы күрес – қабыл болған қажылық екендігін білдіретін хадисте мүміндердің анасы Айша (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Біз Алла жолындағы шайқасты ең абзал амал деп есептейміз, бұдан былай соғыспаймыз ба?», – деп сұрады. Ол: «Жоқ, бірақ ең жақсы күрес – қабыл болған қажылық»[3], – деп жауап берген.

Басқа бір хадисте: «Бір умра екінші умра арасындағы нәрсеге (жасалынған күнәларға) кәффарат (күнәларды жояды). Ал қабыл болған қажылықтың сыйы – тек жәннат қана»[4], – деген. Расында егер адам қажылық еткенде қандай да бір болмашы күнә-қателіктен бойын аулақ ұстаса, Алланың берген үлкен нығметін ұтымды пайдаланып, ниеті тек Жаратушы Тәңірдің ризашылығын қаласа, Алла елшісінің (с.ғ.с.) айтқанындай, «Ал қабыл болған қажылықтың сыйы – тек жәннат қана» болып, Алланың шексіз рақымына бөленері анық. Себебі Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім үйге (Қағбаға) қажылық жасап, жаман сөз айтпай, ауыр күнә жасамаса, анасынан жаңадан туылғандай болып оралады»[5], – деген сөзі осыған негіз болады.

Қажылық – адамның бойындағы жағымсыз қылықтарын түзеп, көркем мінез-құлыққа, бауырмашылдыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Ол адам Алланың рақымына бөленсе, Алланың қарғысына ұшыраған шайттанның жер болуына себепкер болады. Шайтан сол кезде өзінің түкке тұрмайтындығын сезінеді. Бір күні Жағфар ибн Мұхаммед Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп, жуырда өзіне көрінген жайтты баяндап: «Ібіліс (Алланың оған лағнеті болсын) денесі азғын, өңі бозарған, көзінен жасы ағып, арқасы сынған кісінің бейнесінде Арафатта кездескенде, одан: «Сені мұншама жылатқан нендей жағдай?», – деп сұрадым. Ол: «Адамдардың сауда-саттыққа емес, қажылық жасау мақсатында жолға шығуы, олардың қажылыққа ниет етіп, армандары орындалуынан қорқамын. Бұл мені қатты қыжалтады», – деді. 

Мен: «Денеңді аздырған не нәрсе?», – деп сұрадым. Ол: «Алла тағала жолындағы жылқылардың кісінеуі, егер ол менің жолымда кісінер болса, маған ол қатты ұнар еді», – деді. Мен: «Ал жүзіңе не болған?», – деп сұрадым. Ол: «Құлшылық жасауда адамдардың бір-біріне жәрдемдесуі, егер олар күнә істе бір-біріне көмектесер болса, онда ол маған ұнамды болар еді», – деді. Мен: «Арқаңды сындарған қандай нәрсе?», – деп сұрадым. Ол: «Пенде өмірінің көркем аяқталуын Алладан сұрауы, сол сәтте мен: «Мен құрыдым! Мына кісі қашан өз амалымен дандайсиды екен», – деп, ол мені алдап соқты ма деп қорқамын», – дегенін айтқан[6].

Расында Арафатта тұру, тәуап жасау, Қағбаның алдында тұрып, екі ракағат намаз оқу адамның күнәларының төгіліп, рухани байлығының артуына себепші болады. Қағбаның алдында тұрып, Алланың құзырына келіп, «ләббәйкаллаһумма» деп айтудың өзі жүрек тебірентер сезім екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қажылар мен умра жасаушылар – Алла тағаланың құрметті қонақтары мен меймандары. Егер олар Алладан (бір нәрсе) сұраса, (Алла) оларға береді, егер жарылқау тілесе, кешірім етеді, дұға тілесе, орындайды, егер жәрдем сұраса, оған бөленеді»[7], – деген.

Басқа бір хадисте: «Кім мына үйді (Қағбаны) бір апта бойы тәуап етіп, оны санаса, бір құлды азат еткенмен тең»,[8] – деген. Аталмыш хадистерден байқағанымыздай, жүрегі тек Раббының ризашылығын қалаған пенденің қандай тілегі болсын орындалып, анадан жаңа туған нәрестедей, пәк күйінде әрі бір құлды азат етіп қайтатындығы айтылады. Ал Исламда құл азат етудің сауабы өте мол және ол адамның жазатайым жасап қойған ауыр күнәсінің кәффараты болып саналады. Бұл нығметтердің бәрі де Тәңірдің мүміндерге берген сыйы болар. Өйткені Алла тағала өзінің құзырына келіп, әлсіз пенде екендігін мойындап, көзіне жас алған құлын кешіреді. Тіпті, Оның кешіруі екіталай деп күмәнденудің өзі күнәға жататындығын пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Арафатта тұрып, Алла тағала өзінің күнәсін кешірмейді деп ойласа, ең ауыр күнә алады»[9], – деген. Кейбір ізгі кісілер: «Күдіксіз Алла тағала егер құлының күнәсін белгілі бір жерде кешіретін болса, онда ол педенің сол жердегі тап болған қандай да бір оқыс оқиғаларын да кешіреді», – десе, бәзбір сәләфтық (алғашқылар) тақуалар: «Егер Арафат күні мен жұма күні бір күнге сәйкес келсе, Алла Арафатта тұрған адамдардың бәрінің күнәсін кешіреді. Ол күн – дүниедегі ең артық күн», – деседі.

Алла елшісі (с.ғ.с.) де қоштасу қажылығын жасағанда Арафатта тұрған күн қасиетті жұма күнімен тең келеді. Сол кезде Алла тағала: «Бүгін Мен сендер үшін діндеріңді кемеліне жеткізіп, сендерге Өз нығметімді толық етіп бердім және сендер үшін (тек) Исламды дін етіп таңдадым»[10], – деген аятты уахи еткен. Кітап иелері (яһудилер мен христиандар) осы аятқа қатысты: «Егер бұл аят бізге түсер болса, сол күнді мейрам етіп тойлар едік», – деген. Сонда Омар (р.а.): «Бұл аяттың екі мерекеге қатысты түскеніне куәмін. Ол күні Алла елшісі (с.ғ.с.) Арафатта тұрғанда жұма күні болатын», – деген еді[11]. Шынында да осы екі мерекені көру қандай бақыт! Бұндай бақытты Алла өзінің сүйген құлдарына береді. Тіпті, Алла елшісінің (с.ғ.с.) өзі қажылық еткендерге дұға жасап: «Аллам қажылық етушінің және оның (басқа біреу үшін) кешірім тілеген кісінің (күнәсін) кешір»[12], – деп жарылқау тілеген.

Ал Мәдинадағы пайғамбар мешітінің артықшылығы жайында Алла елшісі (с.ғ.с.): «Менің мешітімде оқыған бір намаз – Харам мешітінен басқа мешіттерде оқыған мың намаздан артық»[13], – десе, екінші бір хадисте: «Мәдина мешітіндегі бір намаз – он мың намазбен тең, Ақса мешітіндегі бір намаз – мың намазбен пара-пар, ал Харам мешітіндегі бір намаз – жүз мың намаз оқығанмен тең келеді»[14], – деп, аталмыш үш мешітте намазды көбірек оқуға әрі сол жерлерді зиярат етуге шақырған. Расында да ол жерлер Алланың рақымы түскен қасиетті мекен болғандықтан, жасалынған құлшылықтар басқа мешіттерге қарағанда сауабы еселеніп беріледі. Бұл құлды Раббысына құлшылығымен жақындататын, Аллаға деген сүйіспеншілігін арттыратын жерлер.

Расында да қажылық үлкенді-кішілі күнәларды жойып, адамның ішкі жан дүниесін жаман қылықтардан тазартады. Амалдардың кіршіксіздігі мен ықыластылығына жетелейді. Өмірді жаңадан бастап, жүрегінде болашаққа деген үміт отын тұтатады және Алла жайында көркем ой ойлауға жетелейді. Сонымен қатар, қажылық құлдың Раббысына деген шүкіршілігін көрсетеді. Алла тағала қалаған құлына мол дүние беріп, мықты денсаулық сыйлағанына рақмет айтып, өзіне берген мол ризықты Жаратушысының алдындағы тек шамасы жететіндер ғана өтейтін үлкен міндеттілікті атқаруды  білдіреді.

Ханафи мәзһабындағы шоқтығы биік фақиһ ғалымдардың бірі Алауддин әл-Кәсәни: «Қажылықта құлшылықтың көрінуі мен берілген нығметке шүкіршілік етуі көрінісі бар. Өйткені құлшылықтың көрінуі – Жаратушының алдында құлдың кішіреюі, ал ол қажылық кезінде орын алады. Себебі қажылық міндетін атқарушы кісі ихрам хәлінде киімінің біркелкілігі бұзылып, сәндену, безену себептерінен бас тартады. Қожайынының ашуына тиген құлдың бейнесінде көрініп, өзінің ұнамсыз кейпімен қожайыны жаққа қарай бет алады. Ал енді нығметке шүкіршілігі – кейбір құлшылықтар денемен өтелсе, кейбір құлшылықтар материалдық қаражатпен орындалады. Ал қажылық болса, денемен де, мал-дүниемен де қатар атқарылады. Сол себепті осы құлшылық түрі мал-дүние мен деннің саулығы кезінде ғана міндет етіледі. Осылайша қажылықта екі нығметтің де шүкіршілігі бар. Ал қандай да бір нығметтің шүкірі тек оны берушіге құлшылық ету арқылы іске асырылатындықтан, берілген нығметке деген шүкірлік ақыл тұрғысынан да, шариғат жағынан өтелуі міндет»[15], – деп түсіндірген.

Иә, шынымен де қажылық тек қаражатпен не болмаса, тек денемен ғана атқарылып қоймайды, бәлки ол екеуімен де қатар орындалатын құлшылық түрі. Сонымен қатар, қажылықта мұсылмандардың бір-біріне деген бауырмашылдығы, сүйіспеншілігі артып, адамның түсіне де, ұлтына да, нәсіліне де қарамастан, бәрі бірдей екендігі көрінеді. Адамдардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі болса да, біркелкі киімде қажылық рәсімдерін атқарады. Мұсылмандар бір-біріне бауыр ретінде қасиетті Қағбаны тәуап етіп, құлшылықтарын орындайды. Бұл да болса мұсылмандардың бірлігінің нышаны іспетті.

Қабаның қасиетілігі жайында Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мына үйді (Қағбаны) көтеріп кетпестен бұрын көбірек тәуап етіңдер. Негізінде ол екі рет қираған, үшіншісінде (көкке) көтеріледі»[16], – деген. Қажылықтағы адамдардың Қағбаны айналып, тәуап жасауы құлшылық әрі сауап болумен қатар, адамның денесіне де физикалық тұрғыда пайда келтіреді. Ғалымдар жер шарындағы атомнан бастап галактикаға дейінгі барлық нәрселер, яғни ең ұсақ заттардан ең үлкен нәрселердің бәрі де белгілі бір орталық айналасын айналып жүреді. Ал атомдағы электрондар атомның орталығы болып саналатын ядроны айналады. Ал күн жүйесіндегі планеталар күнді айналады. Косметикалық галактикадағы планеталар галактика оралығының маңын айналады. Ал жер болса, өзінің орталығын, яғни Күнді айналып жүреді. Ғалымдар осы нәрселердің бәрі де сағат тілінің жүруіне қарама-қайшы жүретіндігіне көз жеткізген. Ал Қағбаның айналасын мұсылман қажылар да дәл сол сияқты оңнан солға қарай айналады.

Қазіргі таңдағы ғылыми зерттеулер денелердің белгілі бір орталықты айналуы – энергия арқылы денелерге көмектесіп, бүлінген жерін түзетеді, денелердің химиялық құрамын қайта қалпына келтіріп, табиғи жағдайын қайта жандандырады деп пайымдаған. Ал Қағба жер шарының дәл ортасында орналасқаны белгілі. Сол себепті ол жердің орталығы болып саналады. Сол сияқты, ғалымдар қажылардың Қағбаны айналуы және сағат тіліне қарама-қайшы бағытта жүруі қажылық етушілердің денесін қалпына келтіріп, дененің химиялық күштерін реттей отырып, энергия береді деп топшылайды. Бұл сыр көбінесе қажылық міндетін өтеушілердің қажылық рәсімі кезінде және одан кейін сырқаттануды сезінбеуінен байқалады деген. Ендеше адамға қиындық туғызып отырған дерт – тәннің кейбір ағзаларының бүлінуінен емес, керісінше дене элементтеріндегі бұзылулардың салдарынан пайда болады. Сондықтан Қағбаны тәуап ету көбінесе дененің табиғи қалпын қайта жаңартады[17].

Олай болса, қажылық құлшылығы адамның рухани әрі тәндік жұтаңдығынан арылтады. Себебі Алла Өзінің жаратқан жаратылыстарына қандай нәрсе қажет, қандай нәрсе зиян екендігін білгендікен, бізге белгілі бір нәрселерді істеуден қайтарып, белгілі бір нәрселерді істеуімізге бұйырған. Ал бұйырған нәрселері біз үшін ақыретімізге де, өмірімізге де пайда болып келсе, тыйым салғандары да дәл сол сияқты зиян әкеледі. Оның сырына көптеген ғалымдар өздерінің заманауи ғылыми зерттеулері арқылы да көз жеткізуде.

Қанат Нұрмаханұлы, ҚМДБ-ның қажылық және діни сараптау бөлімінің маманы

«Ислам және өркениет», №30, 2011 жыл

 

 

Пікір жазу