БҰҰ Қазақстанның дінаралық диалог пен ынтымақтастықты нығайту саясатын қолдайды . Бұл туралы ҚР СІМ таратқан хабарламада айтылған.

Хабарламада атап көрсетілгеніндей, БҰҰ-ның Нью-Йоркте өткен аптада болған мерейтойлық 60 бас ассамблеясының аясында дінаралық диалог тақырыбында маңызды шешімдер қабылданды. БҰҰ бас ассамблеясы ұйымға мүше бірнеше ел, соның ішінде Қазақстан да ұсынған «Бейбітшіліктің игілігі үшін дінаралық диалог пен ынтымақтастықты ынталандыру туралы» және «Діни және мәдени өзара түсіністік, үйлесімділік пен ынтымақтастықты марапаттау туралы» қарарларды бір дауыстан мақұлдады.

Бұл құжаттар түрлі дін мен сенім-наным өкілдері , түрлі мәдениет пен сан алуан тілде сөйлейтін адамдар арасындағы өзара түсіністік, төзімділік пен достықты мадақтап марапаттаудың маңызын атап көрсетеді. Мәдени және тілдік, этникалық және діни өзгешеліктерге төзімділікпен қарау және өркениеттер арасындағы диалог түрлі елдер мен халықтар арасындағы бейбітшіліктің, өзара түсіністік пен достықтың алғышарттары болып табылады, делінген құжаттарда.

Қарарларда аталмыш тақырыптар бойынша ағартушылық шаралар мен ілгерілеушілікке жетелейтін озық бағдарламалар жасауды марапаттау жөнінде үкіметтерге нұсқау берілген. Сондай-ақ олар мемлекеттерді діни сенім-наным негізінде алалаушылыққа ұшыратудың алдын алу мен оны жою бағытында тиімді шаралар қолдануға шақырған.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасы

Бұған қоса үкіметтерге, аймақтық ұйымдар мен тиісті халықаралық ұйымдарға бейбітшілік үшін дінаралық диалог пен ынтымақтастыққа қатысты шараларды жүзеге асыруға баса назар аудару ұсынылған.

Бас ассамблея қабылдаған құжаттарда Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің сьезін өткізіп тұру туралы бастамасына қолдау білдірілген. Бұл бастаманың мәдениетаралық ықпалдастыққа, бейбітшілік пен өзара түсіністікке ықпалын тигізетіні атап көрсетілген.

Ішкі саяси тұрақтылықты нығайту, діни сенім-нанымға қатысты төзімділікті сақтап қалу мен беткіте түсуге, толеранттылық пен келісімді сақтауға бағытталған Қазақстанның саясаты Ұлттар қоғамдастығының БҰҰ жарғысына сәйкес түрлі өркениеттер арасындағы диалог пен бейбітшілік мәдениетін нығайту, адам құқығын қорғау мен сақтауға бағытталған күш-жігерлерінің бір ажырамас бөлшегі болып табылады.

Дереккөз

Пікір жазу