Қазіргі кезде әдеміліктің бір қыры ретінде әртүрлі сәнді шаш үлгілері кең қолданылатыны белгілі. Химиялық бояулар мен био-химиялық бұйралау – шашты зақымдаумен қатар түсін көмескілендіріп, шаш құрамына зиянды әсерін тигізетіні де баршамызға мәлім. Әрбір қыз-келіншек шашының әдемі әрі сау болғанын қалайды. Шашты қалай күту керек? 

  Қазіргі кездегі ең жақсы деген шаш бояулары түймедақ, жыланқияқ (ирис) және басқа да емдік өсімдіктер негізінде дайындалады. Алайда заманауи өндірушілер қынаға баса назар аударуда. Себебі, қына шашқа зиянсыз әрі пайдалы. 

  Қынаның пайдасы ертеден-ақ белгілі болған. Ежелгі Египетте арулар шаш күтіміне индигофера, вайда, сен­на, шафран, түймедақ, кастор ағашы тәрізді табиғи өсімдіктермен қатар грек жаңғағының жапырағын, лимон шырынын пайдаланса, арабтарда қына дәстүрлі түрде шашты өсіруге және оны бояуға қолданылумен қатар,Ф шаштың түсуіне, зақымдануына қарсы ем ретінде де кеңінен пайдаланылған. 

  Ең танымал табиғи бояулар – қына мен басма. Қынаның өзге химиялық бояулардан айырмасы – құрамында химиялық қоспалар (аммиак,оксиданттар немесе басқа да зиянды заттар) болмайды. Қына – Лав­сония бұтағының жапырағынан жасалады. Лавсония (лаусония) өсімдігі Солтүстік Африка мен Шығыс елдерінде таралған, негізінен Үнді, Судан, Египет елдерінде өседі. Оны медицинада сүйек және бас ау­руларын емдеуге, жараны тазалауға, тері ауруларын емдеуге, жапырағының сөлін шешек, қызылша ауру­ларына, сонымен қатар шашты өсіруге және бояуға пайдаланған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисі жеткен: «Теріні сақтау ерекшелігі басым әрі антибиотик әсері бар бағалы зат – қына». 

Сондай- ақ тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) терісін жарақаттап алғанда әркез қынамен емдейтін», – делінген (Тирмизи Умм Салма (р.а.). Ал Хафиз И. Аль- Каююм ауыз уылғанда, қызылиек пен тіл жарақатына, ерін жарылғанына қынаның емдік пайдасы мол екенін жазып қалдырған. Қынаның стерилизация күшінің бүгінде қолданылып жүрген йод тұнбасы мен мерофси­лон заттардан әлдеқайда басымдығы – ғылыми ақиқат. Сондай-ақ қынаны қатты суықтағанда, арқа ауырғанда емдік мақсатта да қолдануға да болатын көрінеді. 

  Шашты қынамен бояудың пайдасы мол. Алдымен ол зиянсыз болып саналады. Қынамен боялған шаш түсін ұзақ уақытқа ұстап тұрумен қатар, шаштың тез өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар қайызғақтың болуын да азайтады. Бұған қоса, шаштың сыртқы қабыршақты қабатын бекітіп, шашқа табиғи түс береді. Қынамен және басмамен боялған шаш жылтырап, шашқа әдемі түс берумен қатар, икемділігі артып, жеңіл таралады. 

  Қынаның құрамында кездесетін илік заттар шаштың қою, көлемді, мықты болуына әсер береді және зақымдалған шашты нәрлендіретін қасиетке ие. Қынаның құрамындағы А дәрумені шашты бекітіп, терінің тыныстауына көмектеседі. Боялғаннан кейін сынған, әлсіз жіңішке шаштар бекіп, қою шаштардың көлемі артады. Май бездерінің қызметін реттеп, шаштың түсуін тоқтатады.
Қынаның түсі сортына және өскен аймағына бай­ланысты әртүрлі болып келеді. Сатылымдардан оның түссіз, классикалық, ақ және түрлі-түсті қына деген түрлерін кездестіруге болады.
Түссіз қына – табиғи болып келеді, ол қына жапырағының сіріндісінен жасалады. Қынаның бұл түрін шашқа емдік маска ретінде қолданған жөн, со­нымен қатар әрлік бұлауда (косметическая ванна) сусабынмен бірге қолданса да болады. 

Түссіз қына шашының түсін өзгерткісі келмейтін бикештер үшін қолайлы, алайда бұл жағдайда алдымен зақымдалған шашты қалпына келтіріп алған жөн.
Иран классикалық қынасы – қынаның кең тараған түріне жатады. Онымен шашты қажетті түспен қатар, өзге түстерге де бояуға болады. Бұл шашыңызды бояу­дан соң қанша уақыт қынада ұстағаныңызға байланысты нәтиже бермек. Егер шаштың табиғи түсі ақшыл болса, бояған соң шаш алдымен дереу өте ақшыл түске бояла­ды, егер шашты тағы біршама уақыт бояуда қалдырса, сары түске, тіпті қызғылт түске де боялады. 

  Ал ақ түсті қынамен шашты 5-6 ашық түске бояуға болады. Бірақ мұндай қынаның емдік қасиеті жоқ және оның басқа химиялық бояулар тәрізді шаш құрылымына зиянды екенін ескерген жөн. Ақ қына химиялық қоспалармен біріктірілген, яғни жасанды не шашқа зи­янды әсер беретін аммоний тұзы болуы мүмкін.
Қынаның «түрлі-түсті қына» (цветная хна) дейтін түрі аты айтып тұрғанындай, әртүрлі түсті болып келеді. Мұндай қына басма мен қына ұнтағына синтетикалық әртүрлі түсті препараттар қосылу арқылы жасалады, сондықтан таза табиғи өнім емес.
Ескеретін жайт, қынамен тек ақшыл қоңыр немесе қоңыр түсті шаштарды ғана бояуға болады. Сонымен қатар онымен химиялық бояулармен зақымдалған не­месе химиялық бұйра жасалған шашты бояуға болмай­ды. Мұндай жағдайда қына шашыңызға мүлде қонбауы немесе басқа түске боялуы мүмкін. Қынаны тым жиі қолданбаған дұрыс, мамандар кеңесіне қарағанда, екі айда бір рет қолдану жеткілікті. 

  Сондай-ақ шаш бояуына басманы да қолдануға бо­лады. Ол құрамында табиғи бояуы бар, биологиялық белсенді заттар мен дәрумендерге бай өсімдіктен жаса­лады. Басманы негізінен шашты қара түске бояу үшін қолданады. Боялу нәтижесі шаштың бастапқы түсіне, құрылымына, қалыңдығына және шашты бояуда ұстаған уақыт мерзіміне байланысты. Басма шашты өсіруге оң әсер берумен қатар, оған табиғи түс береді.

www.muslimwomen.kz

Пікір жазу