Кез келген ұлттың, не халықтың болмасын, айрықша өнері ретінде бағаланатын сөз өнерінің қазақ топырағындағы тарихы мен даму үрдісін теориялық негіздеу ХVIII ғасырдан бастау алады. Жырлар мен толғаулар, қайым өлеңдер жайлы пікір айтқан ғалым Ш.Уәлихановтың жанрлық жіктемесі кейінгі зерттеушілер үшін бағыт көрсетті.

Ғалым қазақ халық поэзиясының үлгілерін «жыр, жоқтау, қайым, қара өлең, өлең» деп беске бөледі [1, с.280]. Көптеген әдебиеттанушы ғалымдардың осы классификацияны негізге алатындығы белгілі болып отыр. Жыр-толғаулардың шынайы табиғаты мен құрамы жайлы бағзыдан жеткен мұраларға қарап отырып, талдау жасауымызға болады.

XV ғасырдағы деректер арқылы бізге жеткен, «Хандық дәуірдің» негізгі ескерткіші болып саналатын жыр-толғаулар тілі көркемдік құнарымен, бейнелеу құралдарымен ерекшеленіп, сөз өнерінің нағыз тамаша үлгісі екендігін дәлелдейді. Алғашында жырларда ерлікті, батырлықты дәріптейтін сарындар мен діни-рухани мотивтер аралас болса, бертін келе, XVIII ғасыр мен ХХ ғасыр ішінде негізінен діни тақырыпқа толығымен көшті. 

Мұның бір себебі халықтың талабын қанағаттандырумен, сұранысын өтеумен байланысты екендігін ескергеніміз жөн. Жаугершілік заманда «ерді атқа қондырып, ел шетіне келген жауға қарсы салу» үшін батырлықты, мәрттікті, қайсарлықты, ержүректілікті дәріптеу қажет болды. Сол арқылы ақын-жыраулар азаматты рухтандыруға, жұрты үшін кез келген сәтте күш-қайратын ірікпей жұмсауын насихаттады. Бертін келе, сауыт пен семсер керегеге ілініп, бейбіт өмір сүруге мүмкіншілік туған шақта елді Алланың ақ жолынан айнымауға, адамгершілікті, имандылықты, арлылықты емін-еркін уағыздап, рухани татулықты, бауырмалдықты өз шығармаларына ту еткен шайырлар тобы қалыптасып шықты.

 Діннің орталығы болған Бұхара, Қарнақ, Түркістан қалаларындағы медреселерде ілім игеріп, ұстаз алдын көрген шәкірттердің саны көбейді. Олардың көбісі жеткілікті түрде білім жинап, молда ретінде шатырхат алып, бала оқытумен айналысса, рухани ілімге ынтық талапты бөлігі әрі қарай оқуын жалғастырып, діни мәселелерді тереңдей зерттеумен шұғылданды. Арасынан Құран хикаяларын арқау етіп, Аллаға мадақ, мақтау сарынында, сонымен қатар дүниенің жаратылысын, пайғамбарлар тарихын, әулиелердің өмірін үлгі-өнеге ретінде жырлаған ахундар шоғыры шықты.

Бұхарадағы «Көгілташ», «Мир араб», Ташкенттегі «Таутакул», Үргеніштегі, Хиуадағы медреселерінде білім алуға негізінен Қазақстанның батысы мен оңтүстігінен, Сыр бойынан талапкерлер көп келетін. Және Түркістанда, Әулиеатада, Сыр бойында қожа-молдалар, діни дәрежелері бар ишандар мен мусаннифтар дәріс беретін мұсылмандық оқу орындары да бой көтере бастады. Көпшілігі шет жерде оқып келген, Ислам ғылымы мен әдебиетімен, мәдениетімен жан-жақты қаруланған, ақындыққа, сөз өнеріне бейім жандар болатын. Сондықтан ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басына дейінгі қазақ даласындағы Рухани Өрлеуді жыр шығару дәстүрімен сабақтастырып жүрген ғалымдардың пікірінің дұрыстығы айқындалады [2].

Айрықша назар аударуды қажет ететін мәселе, ақын-жыраулардың өз туындыларында Құран аяттары мен хадистерді сөзбе-сөз келтіріп, оны түсіндіріп, ашықтап беретін үрдісі. Бұл бүгінгі күнге дейін жете зерттелмей келе жатқан, әдебиетіміздің діни мазмұнын аңғартатын құбылыс. Көптеген шайырлар, сүлейлер аят-хадистердің сырын ашып, адамдардың жүрегіне жеткізіп, қарапайым жұрттың Киелі кітапқа құрметін арттыруға күш салған. Сонымен бірге оларды дін қағидаларына берік тұтынып, шектен шықпауға, Құдайдың нығметіне, ырзық-несібесіне шүкіршілік етуге, сынағына төзімділік танытуға үндеп отырды. Бір жағынан, осы ізгі дәстүр арқылы жер-жердегі мектеп, медреседен оқуға шамасы жетпейтіндер жыр-өлеңдерді күнделікті тыңдап, санасына сіңіру арқылы сауаттарын жетілдірді.

Құран аяттары мен хадистерді сөздің басы санау, әр аятқа ілтипат көрсете сөйлеп, Құранды «Асыл кітап», «Кәләм Шәриф», «Құдай сөзі» деп атап, өзінің осы мақсатын түсіндіру жыр-толғаудың бас жағында жиі айтылып отырған. Мәселен, Абай Құнанбаев «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңінде «Әуелі аят, хадис – сөздің басы» [3, 75 б.] – десе, Батыс өңірде өткен Ыбырайым ахун Құлбайұлы (1886-1982): «Ағузы менен Бисмиллә, Кәләмнің алдын бастаған», Аралбай Оңғарбекұлы (1857-1918) «Сөздің басы – Бисмиллә, Әмірі Хақтың сірә да» деп келіп, әрі қарай жырларын діни сюжеттермен жалғайды. Ол сюжеттер: «Алла тағаланың ұлылығы», «Он сегіз мың ғаламның жаратылысы», «Адам ата мен Хауа ана», «Пайғамбарлар баяны», «Құлшылық ету» болып өрбиді. Осылардың барлығы аяттармен, хадистермен нақтыланып, шынайы сипатқа ие болады.

Ең көп таралған сюжет – Алланың барлық мақұлықты жаратуы, оларға жан беріп, өзінің тірі сипатының аясында көктеп-көгертуі. Адамның нәсілі, неден шыққандығы жайлы жыр жолдарының авторлары өз сөздерінің дәлелін Құраннан келтіріп, көңілде күмән, күдік қалдырмаған. Солардың бірі Ұзақбай Қазжанұлы (1897-1976) «Өткен пайғамбар, шайқылар» деп аталатын толғауында:

Бірнеше жылдай кідіріп,

Жаралған тәнге жан берді.

Жан ауызына келгенде,

«Алһамду-лилләһи, рәббиил

Ғаламин» деп мән берді [4, 56 б.].

Алхамду лилләһи Роббил ғаламин (1:1) – «Бүкіл әлемнің Жаратушысы Ұлық Аллаға мадақ». Күнгей Қаратауда өмір сүрген Майлықожа Сұлтанқожаұлы адамның ең алғашқы жаратылысы жайлы айтқан сөзінде оған жан енгенде, Құдайға мадақ айтқанын, содан оған Алланың разы болып, бүкіл нығметтерге ие еткендігін жеткізеді.

Тесігінен мұрынның,

Жан тәнге енеді.

Пәндиша қылып түшкіріп,

Тіл мәнерге келеді.

Тіл қимылдап сөзге кеп,

«Әлһамдулла» дер еді [5, 185 б.].

1841 жылы Маңғыстау өлкесінде дүниеге келген Қашаған Күржіманұлы қызыл тілде ешкімге дес бермеген, «орақ ауыз, от тілді» суырып салмалығымен дүйім жұртқа танылған. Оның «Есқали сұпыға айтқаны», «Оразмағамбет ахунға», «Адай тегі» атты ұзақ толғауларында аяттарды ашықтап, мәнін түсіндіруге ден қояды. Белгілі дін ғұламасы, діни және дүниелік ғылымдардан толық хабардар болған Оразмағамбет ахунға айтқан арнауында:

«Әләм тара кәйфа фағала

Раббука би асхабил фил»

Сүре түсіп Алладан

Аспаннан борап тас жауып,

Қыла алмай қашып бас қамыт,

Кәпірдің туы құлаған.

Әләм тара кәйфа фағала Раббука би асхабил фил (105:1) «Раббыңның піл иелеріне не істегенін көрдің бе?».

«Йемен өлкесінің басшысы Әбрәһә Сана қаласында Рим императорының көмегімен бір шіркеу салдырған еді. Бірақ бір де бір адам сол шіркеуге бас сұқпағанына ашуланған Әбрәһә құтты да қасиетті саналып, зиярат жасалатын Қағбаны құлатуға бел байлайды. Бірақ Қағбаға жақындап, әскерлеріне әмір еткенде, пілдер жүре алмай қалады. Көк жүзі әбәбил құстарына толып, құстар күйдірілген кірпіштен жасалған тастарды Әбрәһә әскерінің үстіне тастайды. Оларды ойран-топан етіп, қырғынға ұшыратады». Толғауда Құрандағы осы аят келтірілген.

Қашаған Күржіманұлы Адай руының шежіресін термелеген көлемді шығармасы «Адай тегінде» өсекке қатысты айтқан пайғамбар хадисін келтіреді:

Құданың жазған Құран тұр,

Көрініп бізге тұрған кеп,

Ғалымдар айтқан хадисте:

«Төрт кісі анық көрмесе,

Келісімін бермесе

«Әлғайбату ашадду миназ зина» деп,

«Көрмеген нәрсе – күмән» деп,

Ықтият етсең күмәнге

Боласың кәпір жүдә, – деп [4, 15 б.],

Әлғайбату ашадду миназ зина – «Ғайбат зинадан да жаман».

Мұхаммед пайғамбардың сахабасы Жәбір деген кісінің жеткізуі бойынша Пайғамбар бірде: «Өсектің күнәсі зина жасаудан да ауыр» дейді. Сонда сахабалар таң қалып, «Не үшін өсектің күнәсі не үшін зинадан ауыр болады?» – деп сұрайды. Пайғамбар: «Адам ұрпақтары зина қылғаннан кейін күнәсіне өкініп, тәубаға келіп, қайтып тәубасын бұзбаса, Ұлық Алла ол адамның тәубасын қабыл қылып, күнәсін кешеді. Егер зардап шеккен адам өсекшіні кешпесе, Ұлық Алла өсек айтушы адамды кешірмейді. Себебі зина жасаған адам Ұлық Алладан ұдайы қорқып, кешірім сұрайды. Өсек айтушы адам өсекті жеңілдікке санап, ұмытып кетеді. 

Осы немқұрайлылық бара-бара дінсіздікке жеткізеді. Сондықтан өсектің күнәсі өте ауыр» – деген. Міне, осы хадистің негізінде Қашаған жырау біреудің сыртынан ғайбат айтқан адамның жағдайы өте қиын болатынынан хабар береді. Демек, өсектен тыйылу, бос сөзге ерік бермеу – адамның мінезін түзеуге игі ықпал ететін бірден бір жол. Құранда өсектің, өтіріктің жамандығы туралы бірнеше аяттарда айтылған.

Бүгінгі кезге дейін бізге есімдері белгісіз болып келген, мұраларымен енді ғана табысып жатқан ақын-жыраулардың бірі Сыр бойында өмір сүрген Сейітжан ахун. Оның ғаазалдарындағы Құран аяттары мен хадистер «өткен ақындардың, шайырлардың көпшілігі сөздің өзегі, маңызы етіп, аяттарды, хадистерді қолданған» деген пікірімізді нақтылай түседі. Сыр өңірінде өткен атақты әулие Марал ишанды пір тұтып, оған арнап «ғазал-зікірлер» шығарған. Сондықтан ел арасында «Ахун» деген құрметті атты иеленеді.

Сейітжан ахун Алланы үзбей еске алуды насихаттаған тұлға. Оның  «ғазал-арнау», «ғазал-толғау», «ғазал-зікірлері», «ғазал-жоқтаулары» сопылық әдебиеттің кемелдігін барынша танытады. Ал ахун мұраларындағы осы тектес жанрлық ерекшеліктер жыр-толғаулар әлеміне із салып кетті деп айтуға негіз бар.

Ахун өз жырларында, толғауларында қандай қиыншылық көрсе де, Алланың ақ жолынан айнымауға шақырып, сабыр мен үмітке сүйенудің дұрыстығын насихаттайды. Зікір мен пікірді қатар тұтып, жүректі нұрландырудың қаншалықты игі іс екендігін толғауларымен жеткізеді, саһарда тұрып, Алланы еске алудың пайдасын жырлайды. 

Өзімен тұстас көптеген шайырлардың, ақындардың рухани өлеңдері жойылып, бүгінгі күнге жетпей қалғанда, ахунның осы сарындағы жырларының басы бүтін жетуі таңғаларлық. Сейітжан ахун Кеңестік заманда ғұмыр кешкендіктен, аса ауыр бейнетті, қиыншылықтарды басынан кешірген, дінге жақындығы отыз жетінші жылғы қырғында атылып кеткен. Оның «Жігіттік, мысал, қызыл гүл», «Кел, зейінім, кеңесіп…», «Ғұмырың өтті, Сейітжан», «Қалай болар заман алда», «Марал ишан жайлы айтқаны», «Сәруар ишан қайтқанда айтқан ғазалы» атты мұралары қалған. «Қайт райдан, қорық Құдайдан!» айтты өсиетінде ахун:

Оң жағыңнан келсе кітап,

Көңілің болар сонда пәк.

Лә тахнату мин рахматулла

Иә, иләһа, – дедім, – оңда! [6, 48 б.]

Лә-тахнату мин рахматулла (39:53) –  «Алланың рахметінен күдер үзбеңдер». Бұл аят ұлы Жүсіп пайғамбардан ұзақ уақытқа айрылып қалған Жақып пайғамбардың басындағы оқиғаны көрсетеді. Жақып пайғамбар перзентінен көз жазып, жоғалтып алған кезде де Құдайдан үміт үзбей, оның әйтеуір бір күні қайта ораларына сенімді болады. Бұл аяттағы баяндалған жайт қиын-қыстау кездері адамдардың Жаратушы Иеден қолдау тілейтінін білдіреді. Атақты Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы «Серігің жоқ бір Алла» деген толғауында:

Үмітім бар ұялтып,

Демес-ау деген бұранда.

Үмітіңді үзбе деп,

Айтқансың өзің Құранда [7, 140 б.]- деп, Аллаға үміт артып, рахметін күтеді. Бұдан басқа қазақтың ертеден келе жатқан қара өлең үлгілерінде:

Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,

Сонда да үміт үзбе бір Алладан [8], – деген жолдар ұшырасады. Қазақ халқының дүниетанымының діни негізде қалыптасқанын, оған ақындар мен жыраулардың, сүлейлердің ықпал еткеніне бұл да бір анық дәлел.

Ислам әдебиетінің түркі топырағындағы мазмұндық тұрғыдан көркейіп, құнарлы, мәнді үлгі тапқаны бертінге дейін жалғасып келген жыраулар көшінің халықты ұзақ уақыт бойы мұсылмандық, рухани тәрбиемен тербетуіне жол ашты. Олардың барлығы да Құдай үшін, ел үшін алдарына айқын мақсат қойып, өз өнерлерін осыған сарп етті. Сондықтан ұлттық дүниетанымымыздың тамырын анықтау үшін сөз иелерінің шығармаларын сарапқа, салып, зерттеп-зерделеу бүгінгі ғылымның басты нысанына айналуы тиіс деп тұжырымдаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Уәлиханов Ш. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы

2. Қыраубаева Алмагүл. Қазақ әдебиетіндегі шығыстық қисса-дастандардың түп-төркіні мен қалыптасуы. Фил.ғыл.док.ғыл.дәр.алу үшін жазылған диссертация. – Алматы, 1999.

3. Құнанбаев А. Шығармалар. – Алматы: Мөр, 1994.

4. Көне күннің жыр күмбезі. – Алматы: Жазушы, 2006.

5. Майлықожа. Шығармалары. – Шымкент, 2009.

6. Сейітжан ақын мен Жорықбай жырау: Өлең, толғау, арнаулар. – Алматы: Арыс, 2006.

7. Ізтілеуұлы Т. Төрт томдық шығармалар жинағы. 1-том. Құрастырғандар Байділдаев М.,  Алматов А. -Алматы: Жазушы, 2007.

8. Қара өлең. Құрастырған  Оразақын Асқар. – Алматы: Жалын, 1997.

Төлеген Мұхит Жылқайдарұлы

«Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының ғылыми қызметкері,

Дінтану магистр

http://azretsultan.kz/?p=1688

Пікір жазу