Бүгінгі таңда елімізде түбегейлі шешілмеген күрделі мәселелер бар. Соның бірі дін мәселесі. Араб тілінен енген «дін» сөзі сөздікте әдет-ғұрып, сый-сияпат, бағыну, есеп беру, мойынсұну, үстемдік, патшалық, жарлық, қабыл етілген құлшылық, шариғат» секілді көптеген мағыналарды қамтиды

Дінге деген мұқтаждық адамның жаратылысында бар нәрсе. Дін адамның – ішкі дүниесі, саясат – сыртқы дүниесі. Яки, дін адамның тереңге жайылған тамыры, сыртқы болмыс – соның жапырағы. Тамырына қарай жапырағы да жаңарып отырады. Ал адам – құнарлы топырақ. Әр бір діннің мүшесінің ары – сол діні.

Исламның: «Сондықтан Исрайл ұрпақтарына: Кімде-кім кісі өлтірмеген яки жер бетінде содырлық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен бурдей және кімде-кім бір адамның өмірін құтқарса (тірілтсе), барлық адамзаттың өмірін құтқарғанмен бірдей деп жаздық» деген ұстанымдағы дін екендігін Елбасының: «Ислам–бұл адамзат тарихы мен мәдениетінің бейбітсүйгіштік, теңдік, әділдік пен төзімділік принциптерін ұстанатын ажырағысыз бөлігі» деген сөздері айғақтайды (Егемен Қазақстан, 14.02.2003ж.).

Ислам дінінде фундаментализм, экстремизм, терроризм деген нәрселер жоқтығы бесенеден белгілі. Бұл ислам дінінің негізгі мақсатына қайшы. «Ислам» дегеннің өзі «бейбітшілік», «тыныштық» деген сөз. Исламның негізгі мақсаты адамдар арасында бейбітшіліктің болуы. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталған топтардан діннен басқа себептерді, мақсаттарды іздеу керек. Олардың, экономикалық, саяси әскери т.б. түпкі мақсаттары мен қандай ойлары болғанын тексеру керек.

Террорлық іс-әрекет бүгінде мұсылмандарда ғана емес, басқа діндерде де кездеседі. Мысалы, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы туралы ешбір жерде «Христиан террорист Баск тобы» деп айтылған емес. Солтүстік Ирландиядағы «ИРА» ұйымын да «христиан/католиктік террористік ұйымы ИРА» деп ешкім айтқан емес. Токиодағы метрода улы газ шашу арқылы қаншама жанның өмірін қиған Жапониядағы буддист «Аум Синрике» сектасы туралы «Буддист террористер» деп айтылмауы да бізді ойландыратын жайт. Ал бүгінгі таңда басқа діннің адамдары тұрмақ еліміздің өзінде мұсылмандар «Исламистік экстремистік топтар» деп оп-оңай айта береді.

Міне, осыны айтқанда Исламдағы «жиһад» терминін алға тартып, соны дәлел етіп көрсетеді. «Жиһад» терминіне келсек, ол сөз араб тілінде «белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету, яғни бір істі атқару үшін барлық қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді төгу, тырысу, күресу» деген сияқты мағыналарды білдіреді.

«Жиһад» ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда кейбір адамдар жиһадты қолға қару алып, соғысу деп біржақты түсініп, оның мағынасын «жеңіл» шектейді. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде қолданылғанымен төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген.

Міне, бүгінгі таңда «Исламистік экстремистік топтар» айтқанда сол төрт жерде ғана кездесетін соғысқа қатысты аяттарды дәлел етеді. Алайда әр бір елдің әскери заңдарында соғысқа қатысты стратегиялар мен заңдар бар емес пе? Ондағы мақсат қандай бір жау келе қалса, елді қалай қорғап, жауды қалай жеңу керек деген бағыттарды айқындау болған. Біз енді осы заңдар мен стратегияларға қарап бұл ел «жауыз», «отаршыл» ел деп айта алмаймыз ғой. Елімізге жау төне қалса «қош келдіңдер!» деп қақпамызды ашып бермейтініміз де анық. Ендеше Құрандағы аят та «Отан үшін отқа түссең күймейсіңді», «Отан оттан  да ыстықты», «патриоттықты» меңзеуде. Өйткені алғашқы кезде мұсылмандар Меккеде он үш жыл бойы діні үшін қорлық көрді. Осыдан кейін олар Мәдинаға барып, өздері жаңа мемлекет құрды. Осы кезде меккелік мүшріктер  бұларға соғыс ашты. Міне осы кезде елін, жерін, дінін қорғау, сол жерде жаумен күресу парыз болды. «Өздеріне қарсы соғыс ашылған мұсылмандарға (мүшріктермен) соғысуға рұқсат берілді. Өйткені, олар зұлымдыққа ұшырап, жәбір көрді. Әлбетте,  Аллаһ Тағала оларға жәрдем беруге толық күші жетеді. Олар ешбір себепсіз тек «Раббымыз – Аллаһ» дегендері үшін отандарынан қудаланды…»[1]

Соғыс – дипломатиялық жолдар түгелдей іске аспаған жағдайларда ғана амалсыз баратын ақырғы шара. Ал, бейбітшілікке, келісімге қайтадан мүмкіндік туған жерде соғысқа жол жоқ. Яғни, қарсы жақ соғысты тоқтатып, келіссөз сұраса, мұсылмандар да соғысты тоқтатып, келіссөзге жүгінулері абзал. «Егер олар келіссөзге, бейбітшілікке жақындаса (ниет білдірсе), сен де жақында»[2]

Исламда қарулы соғысқа тек мынадай жағдайларда ғана рұқсат етіледі:

1. Қорғану мақсатында. Шабуыл жасаған жауға  қарсы соғысу. Құранда: «Сендермен соғысқандарға қарсы сендер де Аллаһ жолында соғысыңдар. Бірақ шектен шықпаңдар. Аллаһ Тағала шектен шыққандарды жақсы көрмейді»,[3]-делінеді.

2. Өзіңе шабуыл жасайтыны нақты анықталған дұшпанға соғыс тактикасы бойынша бірінші болып шабуыл жасауға рұқсат етіледі.

3. Жазалау мақсатында.

4. Түрлі зұлымдықтарға жол бермеу мақсатында.

Қандай бір ел болмасын бәрі де патриоттықты насихаттайды. Сол жолда өлгендерді әз тұтып, қастерлейді. Жай пенделер елі үшін құрбан болғандарды осылай қастерлесе, әлемді жаратқан Алла Тағала Өзінің жолында және Өзі үшін елін қорғап өлгендерді неге «шейіт» деп құрмет көрсетпесін?! Мысалы, кешегі елімізде бұзақыларды құрықтау жолында өлген қызметкерлерді алайық. Олардың Отанын қорғау жолында өлгені айдан анық. Тіпті олар қазақ, сол себепті де мұсылман екендігі де анық. Ендеше олардың Алланың ақ жолында шейіт болғандығы анық. Ал әлгі ислам атын жамылған терроршыларға келсек, олардың өздерін өзі жарғаны және бейбіт халықтың берекесін кетіргені үшін, өзгенің жанын қиғаны үшін ақыретте жазасын тартатыны анық. Яғни бұл жерде шейіт болған олар емес, нағыз шейт болған елін қорғау жолында өздерін құрбан еткен мемлекеттік қызметкерлер. Егер олар осындай жанқиярлыққа бармаса, әлгі ислам атын жамылған терроршылар дінге күйе, дақ жұқтырып қана қоймай, ел ішінде ойран салып, талай жанның өмірін қияр еді. Өз-өздерін елі, жері үшін құрбан етіп, арттарында шиеттей бала-шағасы жетім қалғандарды сіз қалай ғана «шейіт», «қаһарман» дей алмайсыз. Ал ислам дінінде террорист ешқашан мұсылман, мұсылман ешқашан террорист бола алмайды. Тіпті қажет болса Құраннан осы бір сырды ашып көрсете аламыз. Әлгі елде өзгенің жанын қиып өздерін «шейіт» болдым дегендердің тірі жүрген серіктері де оларды «шейіт» болды дегенге сеніп жүргендерге Алланың ақ әмірімен, Құран атынан ултиматум да жариялауға болады. Өйткені Құранда:

«Кімде кім бір мұсылманды оның мұсылман екенін біле тұра әдейі қасақана өлтіретін болса, онда оның ақыреттегі жазасы ішінде мәңгі қалатын тозақ оты. Аллаһ оны қаһарына ұшыратып, лағынет етіп, өзінің рақымынан қуып, оған алапат азап әзірлеп қойды» деп айтылады. Ендеше олардың ата-бабалары мың жылдан бері мұсылман болған елдің баласына қол жұмсағандары белгілі. Бұл жерде тек мұсылман емес, кез-келген жазықсыз жанды өлтіру де сондай. Пайғамбарымыз бір хадисінде «кімде кім әһлі кітапқа қол жұмсап жапа шектіретін болса онда ақыретте алдынан мені табады», «Сендерге кітап иелерін, яғни, христиан мен еврейлерді аманат етемін» дейді. Иә, кейбір адам мұсылман болмауы мүмкін, бірақ ол адам ғой. Оның діні басқа болса да, Алланы қабыл етпесе де, ол адам емес пе?

Міне, ендеше бүгінгі таңда «Ислами экстремистік топтар» дегенді ұғымды мүлде жойып, мұндай сценарийды жазушылар туралы сөз қозғаған дұрыс деп ойлаймын. Елбасымыздың өзі де: «Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр» деп көп нәрсеге ишарат етеді. Ендеше мұның экономикалық, саяси әскери т.б. түпкі мақсаттары мен қандай ойлары болғанын тексеру керек. Өйткені қандай бір алпауыт бір ел өз саясатын бір елге жүргізгісі келсе, көбіне өз елі емес, басқа бір елдер арқылы жүргізеді. Сондықтан мұндай лаңкестік ұйымдар араб пен парсы елдерінен келгенімен, оның негізгі тұтқасы, тізгін мен пультті ұстаушысы әрине, ол жақта емес. Олар бар болғаны сол жоспарларды жүзеге асыруда атсалысқандар. 

Яғни бұл жерде үш нәрсе бар. Бірі – жоспарды жасаушылар, екінші – соны жүзеге асырып, сахнаға дайындаушы продюсерлер. Үшіншісі – сол сахнада ойнаушылар. Біздің елдегідер – соларға құрал болған сахнадағы әртістер. «Жұмаққа тез барамын» деген образды ойнаушылар. Ендеше бұл жерде пульт кімнің қолында және не үшін мұндай жоспар мен сахнаны қазақ даласында құруда дегенге көңіл аударып, соның мәнісін іздеп тауып, соған вакцина іздеген дұрыс. Сонда ғана бұл тоқтайды. Сонда ғана экстремизмнің түйіні шешіледі.

Ендеше мен осы жерде сол түйінің кейбірін айта кеткім келеді.

Кешегі Кеңес дәуірінде дінге шектеу жасалды. «Дін – апиын» деп аталды. Алайда дінсіз адамзаттың өмір сүруі мүмкін емес. Сол себепті олар жер бетіндегі барлық дінге шектеу жасап, өздерінің қолдан жасаған «дінсіздік, атеистік және коммунистік» деп т.б бірнеше атаумен аталатын дінін енгізді. Негізінде бұл бір секта еді. Лениндік үлкен секта. Өздерінің кітабы, тәңірлері, қажылық жасайтын Кремль тәрізді «қасиетті» орындары болды. Олар үшін Ленин мавзолейінің ішіне бір күн тұрып кіру Қағбаның ішіне кіргендей болды. Сол жерге кіргендер өмір бақи көргенін халыққа жыр етіп айтып жүрді. Олардың сенімі осындай болғанымен, сол сектаның көркем мінезін тұтастай илаһи діндерден алды. Әсіресе олар Құраннан көп идеологиялық материалдар алды. Тіпті олар Құранның түскен алғашқы аятын коммунизмнің ең басты идеологиясы ретінде ұстанды. Ал дін атаулыны жермен-жексен етіп тиым салды.

Олардың осы идеологиялық ұстанымдарын, ең бастысы, мектептерде жақсы пайдаланды. Ең бастысы осыған мұғалімдерді жақсы сендірді. Олар осыған имандай сеніп, шәкірттеріне ықыласпен жеткізді.

Ал Кеңес үкіметі ыдыраған соң осының бәрінің өтіріктігі айқындалды. Бірақ соның орнын өкінішке орай, біз әлі күнге дейін толтыра алмай келеміз. Анығырақ айтқанда солардың мың жылдық ата-бабамыздың ұстанған сал-дәстүрге сай дінінен айырған жолына әлі түсе алмай келеміз. Оның басты себебі мектепте әлі күнге дейін кеңес үкіметінің бағдарламасынан шыға алмаған және сол түсінікте қалған мұғалімдердің сана-сезімінің толық өзгере алмауында. Жас мұғалімдердің де қолында жаңа бір идеологиялық бағдарламаның болмауында. Иә, ондай бағдарлама бар. Алайда сол бағдарламаға өзінің толық сене алмауында. Тіпті әлі күнгей дейін дәрістерде «сенің атаң – маймыл» деген идеологияның жүргізілуі балаға кері әсерін тигізуде. Өйткені «сенің атаң – маймыл» деу «сен де маймылсың, маймылша әрекет ет» деген сөз.

Мен өз басым мынадай сөзді батыл айта алар едім: Бүгінгі таңда діни радикалдық ағымдардың көбеюіне басты себеп бүгінгі мектеп және ондағы бағдарламалар. Иә, радикалдық ағымдар мектептен шығып жатқан жоқ. Ол жерде ондай пікір зәредей жүргізіліп жатқан жоқ. Бірақ мектепте мың жылдық ата-бабамыздың дәстүрлі діні мен құндылықтарын идеология ретінде арнайы бағдарлама жасап жүргізбеу немесе ол жерде ешбір идеологияның болмауы не болмаса кешегі атеистік бағдарламаның сарқыншақтарының болуы мектептегі жаңа өскелең ұрпақтың одан кейінгі өмірінде әр түрлі діни радикалдық ағымдардың жетегіне кетуінің іргетасын қалауда. Міне, басты проблема осында. Мектепте дін десе шошып, дәстүрлі дін насихатталмайды. Әлі күнге Абай дейді, Шәкірім  дейді бірақ олардың мұсылмандығын айтпайды. Бірақ, дінсіз қоғам болмайды. Әсіресе жастар бір сенім іздейді. Ата-бабасының мұсылман екендігін біледі. Бірақ қандай мұсылман болғанын білмейді. Осының салдарынан мектеп бітірген соң «дін екен» деп әр түрлі ағымдардың жетегінде кетеді.

  Екінші бір мәселе сол мектептегі «дінтану» оқулығы мәселесі. Көп қайрат сарп етудің арқасында мектептерге дінтану дәрісі қойылды. Біріншіден, бұл өте аз сағат. Екіншіден, «дінтану» оқулығы біздің ұрпаққа беріп күн ертең әр түрлі радикалдық ағымдардың жетегінде кетуге тосқауыл болатындай деңгейде емес. Яғни бұл вакцина дертке дауа болатын вакцина емес. Ендеше осыны мемлекет қайта қарап, вакциналық дәрежеде қоюы қажет. Ол үшінде арнайы кеңес құрылып, сол кеңес пен комиссиядан өткен соң ғана қойылуы қажет. Сол пәндегі ең басты олқылық – ислам дініне қатысты сабақтардың аз болуы. Өзге діндер секілді жай ғана сырғытып өте салу аты бар да, заты жоқтың белгісі. Сол себепті осыны тез арада қайта қарау қажет.

  Үшінші бір айтар мәселе мектептегі сол дінтану сабағын беретін мұғалімдерге қатысты. Өкінішке орай, ондағы дінтану пәндері тарихшыларға берілді. Ал бұл – үлкен қателік. Дін – тарих емес. Бұл тарих пәнін физик мұғалімдерге бергізгенмен бірдей. Тым болмаса сол пәнді беретіндер арнайы курстардан өткізілсе дұрыс болар еді. Менің ұсынарым – бұл дәрістерді дінтанушылар бергені дұрыс. «Дінтанушылар» деп отырғаным – жоғары білім алған сол жердің мешіт қызметкерлері.

  Мына түрік елінде мектеп қабырғасында оқып жүрген балаларын жаз айларында мешіт жанында ашылған Құран мен дін курстарына жіберіп, ханафи бағытында сауат аштырады. Әрі оларда жоғары мектептерде «Имам хатиб» деген училище тәрізді оқу орындары бар. Осындай бағдарламаларға ұқсас нәрселерді біз де жасағанымыз жөн. Ал бұл Елбасының: «Біз қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек» деген жолдауына тікелей сәйкес келеді.

  Елбасымыз кезекті жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз» деп қазақ халқының ханафи екендігін атап көрсетті. Осы тұрғыда әлі де болса бағдарламалар кешеуілдеп жатқан секілді. Әрі осындай бағдарлама тек орындалу мақсатымен емес, қайтсе іске асады, қайткен жағдайда Елбасының көздеген мақсатымен ұштасады деген бағытта жасалуы қажет.

Қорыта айтқанда, біз егер 2050 жылы бақытты, жарқын, мұсылман қазақ елі боламыз деп меже тұтқан болсақ, онда сол болашаққа бүгіннен бастап батыл қадамдар жасауымыз қажет. 

 

[1] Хажж сүресі, 39-40 аят.

[2] Әнфал сүресі, 61-аят.

[3] Бақара сүресі, 190 аят.

 

Паттеев Мұхитдин Исаұлы

«Нұр» Қазақ-египет ислам университетінің

оқытушысы, дінтанушы, PhD докторы, доцент

 

Пікір жазу