Статистикалық деректерге қарағанда, Қазақстанда 2019 жылы темекіні тұтыну өлім-жітімге және мүгедек болуға алып келген негізгі 10 фактордың ішінде үшінші орын алған.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ғылым және кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Абдрахманова цифрлар мен фактілерге сүйеніп, қазақстандықтардың зиянды әдеті туралы айтып берді.

2019 жылы ересектер арасында жүргізілген темекі тұтыну туралы (GATS) Жаһандық сауалнама деректері бойынша елімізде 15 жастан асқан екі миллион алты жүз жиырма сегіз мың адам, немесе осы жастағы адамдардың 19,8%-ы темекі шегетіні анықталды. Олардың басым көпшілігі ер адамдар.

Қазақстан Республикасында 2019 жылы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Ұлттық стастистка бюросының Ақпараттық-есептеу орталығымен бірлесіп, ДДСҰ және CDC қолдауымен, GATS сауалнамасының екінші раундын өткізді.

Оның қорытындысына қарағанда, ауыл тұрғындарының 16,3%-ы, қала тұрғындарының 22,2%-ы темекі шегеді.

Қазақстандықтардың темекіге ерте үйір болуы алаңдаушылық тудырады. Егер ер адам орта есеппен 17,4 жаста темекі шегуді бастаса, әйелдер 18,5 жаста темекіге үйір болады екен. Осылайша, жастар 19-20 жаста зиянды әдеттің құрбаны болады. Ер адамдар күніне орта есеппен 16, әйелдер 13 сигарет тартады.

Күнделікті темекі шегушілердің 57,5%-ы таңертең ояна салысымен 30 минут ішінде темекі шегетінін айтқан. Бұл никотинге тәуелділіктің жоғары дәрежесін көрсетеді. Шетелдік ғалымдардың пікірінше, таңертең аш қарынға темекі шегу өкпенің немесе ауыз қуысының қатерлі ісігінің, өкпенің созылмалы обструктивті ауруының туындауына себеп болуы мүмкін.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Бас мүфти: Айт күндері жақсылықта жарысайық!

Егер темекі шегуден бас тартудың жоғарыда аталған себептері әлі де жеткіліксіз болса, онда мынаны есте сақтау керек: короновирус инфекциясының пандемиясы – бұл жаман әдеттен бас тартуға түрткі болатын тағы бір фактор. COVID-19-бен ауырған темекі шегушілер темекі шекпейтіндерге қарағанда 14 есе қарқынды емдеуді қажет етеді деген деректер бар.

Алайда, сауалнама деректері бойынша, Қазақстанда әрбір үш темекі шегушінің біреуі ғана соңғы 12 айда темекіні тастауға тырысқан.

Никотинге қатты тәуелділіктің кесірінен темекіні тастау қиын болуы мүмкін, бірақ адамның темекіні тастау мүмкіндігін арттыратын әртүрлі дәлелденген тәсілдер мен медициналық көмек қызметтері бар.

Ең алдымен, темекі шегудің алдын алу жұмыстары жасөспірімдерге де, жастарға да бағытталуы керек. Темекі компанияларының белсенді жарнама жұмысы және темекі бағасының төмен болуы жасөспірімдер мен жастар арасында темекі шегу әдетінің таралуына ықпал етіп отыр.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бұқаралық ақпарат құралдарында темекі шегуге қарсы ақпараттық науқан, темекі өнімдерінің бағасын көтеру, мектептегі алдын алу бағдарламалары, темекіні тастағысы келетіндерге көмек көрсету сынды әдістердің пайдалы болатынын ескертеді.

Пікір жазу