Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде теріс діни ағымның идеологиясымен санасы уланған кейбір бауырларымыздың «Домбыра харам» деген сөздері желдей есіп, қызу талқыға түсіп, қоғам арасында дүрбелең туғызуда. Қазіргі кезде өздерін салафиміз деп, уахабистік көзқарасты ұстанып жүргендердің басым бөлігінің ұстанымдары дінге қайшы. Қазіргі салафилердің бар мақсаттары – қоғамда талас-тартыс тудырып, мұсылмандарды жанжалдастыру. Олар өткен дәуірде орын алған жағдайларды қайта көтеру арқылы бүгінгі күннің күрделі мәселесіне айналдырады. Осының негізінде өздеріне сай келмейтін көзқарастар туралы пікір білдіріп қарсы шығады. Кім өздерінің идеологиясын құп алса, олармен достасып, кім мойындамаса, оны қарсылас көріп, жауласады.
Біздің қазақ халқы рухани мәдениеті жағынан әлемдегі ең бай халықтың бірі деп айтуға толық хақымыз бар. Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы ислам дінінің құндылықтарын өмірмен біте-қайнастыра ұстанып, бір үйдің баласындай ауызбіршілікпен өмір сүріп келді. Діни алауыздық деген ұғым қазақ даласында күні кешеге дейін болып көрген емес. Бүкіл қазақ ұлт болып ұйысып, бір дін, бір мазхабты ұстанып келді. Намаз оқыса да, құран оқып, бет сипаса да, тәспі тартып дұға етсе де ешкім бір-біріне: «мынауың бидағат, анауың ширк, сен адасқансың» -деп көсемсігендер болған жоқ.
Бұл күндері жат ағымның жетегінде кеткен кейбір жастарымыз құдды бір дінді өздері ғана тап бүгін әкелгендей айды аспаннан шығарып, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетімізді, ұлттық өнерімізді (ән, күй, би, музыкалық аспаптар), салт-дәстүрімізді мансұқтап қол сұға бастады. Сараптай келгенде, бұндай бұра тартушылықтардың барлығы надандықтан, өзімшілдіктен «Жұрт айтса болды, көп айтса көнді, әдеті надан адамның» деп Абай атамыз айтқандай көрсеқызар желөкпеліктен шығып жатыр.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіде байқап жүргеніміздей халық арасындағы бірлік пен татулыққа сызат түсіп, діни сенім туралы қате түсініктен жік-жікке бөлініп, ел ішінде экстремизм мен радикализм көріністері орын алып, кейбір азаматтарымыздың бірін-бірі тілдеп, діни наным сенімін қорлап, тіптті ар намысына тиетін сөздер жазып жататындығын да жиі көріп жүрміз. Бұл да өз кезегінде жауапкершілікті талап ететінін естен шығарып, эмоцияға беріліп, кейде тым артық кетіп жататынымызды да ескере бермейміз.
Жалпы өмірде қандай жағдайларға тап болсақ та ең алдымен әуелі біз Конституцияға бағынамыз және орын алған әр түрлі жағдайларға тап болғанда заңға сүйенеміз. Соның ішінде дін тақырыбы өте нәзік әрі күрделі мәселе. Радикалды діни идеологиялардың таралуы біздің мемлекетімізге, тәуелсіздігімізге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді.
Біріншіден, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде Қазақстанда мемлекеттік шешімдер қандай да бір діннің немесе оның жекелеген ізбасарларының мүдделерін негізге алмай, бүкіл қоғамның мүдделерінің негізінде ғана қалыптасады.
Екіншіден, Қазақстан әрбір азаматтың ар-ожданының құндылығын мойындайды және еркіндігін қамтамасыз етеді.
Үшіншіден, ел азаматтары өзінің дінге деген көзқарасын өз бетінше және мәжбүрлеусіз анықтауға не өзін қандай да бір дінмен мүлдем байланыстырмауға және діни институттарға жүгінбей өмір сүруге құқылы.
Жұмыр жер жаратылғалы әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзын сонар тарихы болады. Дүбірлі оқиғаларға толы тарихқа көз салсақ, адамзат қауымының бағыты мен бағдарына жол сызған, күллі әлемді өзгеріске түсірген нәрсе – бұл адамзаттың таным білімге үйірсек болған өркениетке ұмтылысы еді. Соның ішінде өнер – эстетикалық тәрбие берудің басты құралы. Себебі, өнер адамның рухани дамуы мен дүниетанымының қалыптасуына әсер етеді. Адамның ішкі жан дүниесіне сұлулық сыйлап, санасына сәуле құяды.
Қазақ даласына ислам діні келгенге дейін де ата-бабаларымыз, яғни көнедегі түркілердің діни дүниетанымы монотеистік (бірқұдайлық) бағытта болды. Ислам дінінің келуімен қазақ жерінде Аллаға құлшылық ететін мешіттер мен қатар бала оқытатын медреселер салына бастады. Одан сауат ашқан шәкірттер арасынан кейіннен елге танымал болған атақты сопы, имам, ишан, ахун сонымен қатар елге белгілі ақын, шайыр, жырау-термешілерде көптеп шықты. Олар Алланың сөзі құран мен пайғамбар хадистерін, шариғаттың амалдарын жырға қосып, халықтың жүрегіне көркем сөзбен жеткізе білді. Ел аузындағы аңыз бойынша әйгілі Шыңғыс ханға Жошының өлімін жеткізген де домбыра еді. Ал зерттеушілердің айтуынша, домбыра туралы алғашқы ғылыми деректер әл Фарабидің жазбаларында «тамбур» деген атпен кездеседі.
Ұлы Абайдың “Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең” деген өлең жолдарын еске алсақ, қазақтың бүкіл өмір жолы өлеңге байланғанын аңғарасың. Қазақ дүниеге бала келсе шілдехана жасап, қуанып, өлеңмен қарсы алады. Тіпті өлгенде де өлеңмен жоқтау айтып, ақтық сапарға шығарып салады. Ақылға салып қарасақ қасиетті құранды оқу үшін араб әліппесіндегі 29 әріпті танып, тажуид ережесін (Иқфо, идғам, иқлоб, т.б.) меңгеріп барып, қырағаттап оқығанда музыкадағы ноталар секілді өзінен өзі әуенге айналып шыға келеді. Тіпті бүкіл әлемдегі мешіттерде күніне бес мезгіл айтылатын азанның өзі құлаққа жағымды, әсем, ырғақты ұзақ әуенмен айтылады. Тағы да Абайға қайта оралып,
«Әннің де естісі бар есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар» деген сөзін еске алсақ, кез келген музыка аспабының әркелкі тартылуына, ондағы айтылатын әннің сөздеріне, мағынасына қарай, егерде ол адамның нәпсісін қоздырып, жаман ойға берілуге, түрлі жаман істерге жетелесе ғана ондай әнге, музыкаға да дінімізде тыйым салынғанын ескеруіміз керек.
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы домбыраға қатысты мәлімдеме жасады. Оған себеп – әлеуметтік желіде «домбыра шерту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы – харам» деген жазбалардың таралуы. Осыған байланысты азаматтар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауалдар келіп түскен. «Ислам әлеміндегі танымал ғұламалардың бірі де бірегейі Имам әл-Ғазали мен Әбу Ханифа мәзһабының көрнекті ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулусидің көзқарасы бойынша дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған», – деп жазды діни басқарма.
А.БАЙҚАБЫЛОВ,
Қызылорда облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы