Соңғы жылдары жат діни ағымдардың ықпалының күшеюі ел азаматтарының әр түрлі зардап шегуіне әкеліп соқтыруда. Дінді үстірт түсіну немесе діни мәтінге тұтас қарай алмаушылық салдарынан діндар көрінген жандардың кейбір өрескел қылықтары қоғамға түрпідей тиюде. Халқымыз исламды адамгершілік қасиеттер жиынтығы, әдеп, ар, иба, көркем мінез деп қабылдап келгендіктен, қазіргі діндар болып көрінген жандардың кейбір қылықтарын түсіне алмай әлек. Өзімдікі ғана дұрыс, осылай болуы тиіс деп өзгенің ақылына тоқтамайтын олар білгенін істеп, соның бәрін дінмен байланыстыра көрсетуде. Осындай жат қылықтардан қаракөз қазақ қыздарының тағдыры да тәлкекке түсуде. Олар сенім артып тағдырын қосқан жанның екіжүзділігіне, өтірік айтуына, махаббатқа тұрақсыз, отбасы жауапкершілігін сезінбейтіндігін, адам қадірін түсінбеушілік секілді таяздықтарына тез куә болуда. Түйткілді мәселенің бірі неке турасында болып отыр. Халқымыз некені мәңгі деп біліп, оның қадірін жете түсінді. Алайда бүгін сол некенің қадірін кетірушілердің де бары көңілге қаяу ұялатуда. Ата-анасынан жасырын неке қию, қызды алдап некеге көндіруі, тіпті жасы кәмелетке толмаса да оны тұрмыс құруға күштеу, діни некемен шектеліп, алименттен, құқықтық жауапкершіліктен жалтару, уақытша біраз тұрған соң талақ айтып тастап кету немесе әйел баласының қолдан-қолға өтіп кету фактілерінің кездесіп жатқаны ащы да болса шындық. Бұның себебі жеке мүддесі үшін дін атын жамылу ма әлде мемлекеттің қадағалауының әлсіз болғаны ма? Жуырда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі діни неке қиылмай тұрып АХАТ бөлімінің рұқсаты міндеттелсін деген «Неке және отбасы» кодексіне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс тастағанымен ол қоғамдық тыңдаудан кейін қолдау таппады. Мақсат – қыз келіншектер мен жас сәбилердің құқын қорғау болатын. Айтпағымыз, неке мәселесі үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Неке – ол Алланың алдында жасалған келісім-шарт. Өйткені некедегі ерлі-зайыптылар бір-біріне тек Алланың аяттары арқылы адал болады. Азаматтар діни некеге тұрған уақытта зайырлы мемлекеттің заң талаптарын да сақтауы тиіс. Атап айтқанда, мемлекеттік орындарға барып тіркелу, балаға құжат алу, дәрігерлік қызметтерден бас тартпау, балаға жасалатын қамқорлық, т.б. бұлар наным-сеніміне қарамастан әрбір қазақстандыққа тиесілі.
Ислам дінінде некеге отыру құқы балиғат жасына толумен байланысты. «Балиғат» сөзі араб тілінде балалықтан өтіп, белгілі бір жасқа есейген жастарға айтылады. Яғни жастың жыныстық-физиологиялық жетілуін негізге алады.
Елдегі заң талабы бойынша азаматтар он сегіз жасқа толғанда барып некеге тұра алады. Дегенмен, ислам атын жамылған кейбір ағым өкілдері тарапынан кәмелетке толмаған қыздармен неке қию, жамағат ішіндегі қысыммен оларды соған мәжбүрлеу және көп әйел алу жағдайлары жиі кездеседі. Псевдоисламдық ағым өкілдерінде үш рет талақ айтып отбасы, бала шағасын тастап кету фактілері ұшырасады. Оларда балаларының болашағына алаңдаушылық байқалмайтындай. Әйелге деген құрмет те жоқ. Талақ айтумен тастап кеткен әйелі сол жамағаттағы өзге еркектердің етегін ұстап қала береді. Аз уақыттың ішінде бірнеше еркекпен некеде болған әйелдің кімнен жүкті болғанын білмеген сорақы жағдайы да кездеседі.
Алғашында діндар болып көрінген азамат әйелі мен баланың көз жасына қаламын деп ойламай ма? Өмірде ең ауыр нәрсе жазықсыз жандардың обалы мен көз жасына, наласына қалу емес пе? «Жұбайының бір мінезі ұнамаса, отағасы оның ұнамды басқа мінездерін есіне алсын» деген хадиске әуелі діндар азаматтар бойұсынуы тиіс болса керек. «Екі әлсіздің құқын аяқ асты етуші болмаңдар: әйелдер мен балалар» деген хадисті елемегендері ме? Ислам түсінігінде үлкен жихадтың өзі нәпсіні тежей білуде емес пе? Біреудің жап жас қызын алып, көп өтпей талақ етіп, жалғыз басты аналардың қатарын толықтырып жатқандар бұған діннен ақтау іздеуі өкінішті ақ. Діни некемен ғана шектелген жағдайда дүние есігін жаңа ашқан сәби әлеуметтік жағынан да, заң жағынан да қорғалмаған кейіпте. Жалған некенің құрбаны болған жас ана мен бала мемлекеттің бірқатар әлеуметтік жеңілдіктерінен де қағылуда. Діни некемен ол заң алдында жалғыз басты ана ретінде немесе толық емес отбасы ретінде танылмайды.
Қазақстан қоғамы үшін толыққанды отбасылар қажет. Онсыз да ел ішінде ажырасу көрсеткіші жоғары. Мамандар әр үш отбасының біреуі ажырасып кетіп жатқанын айтып дабыл қағуда. Бұрын ішімдік, асырай алмау секілді себептермен ажырасу көп болса, қазір соның қатарын оп оңай талақ айтып тастап кету жағдайы да толықтырып отырғаны қынжылтады. Ата-анасы бар толыққанды отбасыларда ғана бала психологиялық жарымжандық сезінбей өседі. Сондықтан қоғамға дінді дұрыс түсіну, діннің құндылықтар жүйесін құрайтынын әрі діндегі жауапкершілік, ерлі-зайыптылардың міндеті, бала құқықтары, талақ беруге жеңіл қарамау, қоғамда отбасының орны, жанұя жарасымы секілді тақырыптарда көбірек түсіндіру жұмыстарын жүргізу күн тәртібінде.
Бұған қоса, жоғарыда да айтып кеткеніміздей, қазақстандықтардың бәріне тиесілі болып табылатын міндеттемелерге көңіл бөлу қажеттігін ескертуге тиіспіз. Ол міндеттемелер азаматтар діни некеге тұрған уақытта зайырлы мемлекеттің заң талаптарын да сақтауы керектігі. Айталық, мемлекеттік орындарға барып тіркелу, балаға құжат алу, дәрігерлік қызметтерден бас тартпау, балаға жасалатын қамқорлық, т.б.
Бағашаров Құдайберді,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
Философия және саясаттану факультеті,
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, Дінтанушы PhD докторы