“Нұр-Мүбарак” университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы шаңырағы кеңейіп, арнайы академияға айналды. Ал Академияның басшылығы осы кезге дейін түрлі жобаларға жетекшілік жасап, орталықты басқарған белгілі теолог Тимур Нүсіпханұлының тізгінінде. Бұл жөнінде университет проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев мәлімдеді.
Еліміздегі діни экстермизмге қатысты ахуалға шолу жасай келе университет жанынан ашылған Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының да тарихына тоқталды.
– Бұл орталық 2016 жылы алғаш ашылғанда университет басшылары маған тапсырған болатын. Содан бастап үлкен жұмыстар, нәтижелі жемісті еңбектер атқарылып келеді. Соңғы бір жылда өте ауқымды жұмыстар атқарды, оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Бірақ еліміздің барлық аймағында бұл орталықтың тиімділігін мойындады. Орталық енді кеңейіп, академияға айналғандықтан, дерадикализация мен экстремизмнің алдын алу бағытында қызметі артады деген сенімдемін, – деп академияға сәттілік тіледі.
Ал академия директоры Тимур Нүсіпханұлы осы кезге дейін қандай жоба жүзеге асса да “Нұр-Мүбарак” университетінің ғалымдары мен білікті мамандарының еңбегінің нәтижесі екеніне тоқталды. 2021 жылдан бастап ҚМДБ, аймақтық және қалалардағы дін істері басқармалары, оларға қарасты орталықтар, жалпы 700-дей маман қамтыған 8 курс өткізген. Сондай-ақ «Жусан» гуманитарлық операциясымен қайтарылған және деструктивті діни ағым жетегіндегілерді оңалту мақсатында еліміздің әр аймағынан 200-дей адамға курстар өтті.
Тек бұл бағытта ғана емес, БАҚ, әлеуметтік желілерде деструктивті санаға насихаттаушы шетелдік уағызшылардың 15 бейнежазбасына сараптама жасалып, нақты жауап берілді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты @kazislam.kz ақпараттық-танымдық порталында бейнежазба хабарлары түсірілді. Республикалық «Жетісу» телеарнасымен бірлескен «Бүгінгі дін» телехабарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, дерадикализация бойынша өзекті тақырыптарға 20 хабар көрерменге ұсынылды. Енді академия қызмет аясын халықаралық дәрежеде дамытуға сенім мол.
“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі