Қыркүйекте елордадағы халықаралық іс-шаралар қарсаңында құзырлы органдар «Учаске» жедел-алдын алу шарасын өткізеді. Бұл туралы елордалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев айтып берді.
«Елордада халықаралық маңызы бар ірі іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады. 13-15 қыркүйек аралығында Рим Папасы Франциск Нұр-Сұлтанға мемлекеттік сапармен келіп, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің XX Хатшылығы мен VII съез отырысы өтеді. Осы іс-шаралар қарсаңында 8 тамыздан бастап 8 қыркүйекке дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті мен Мемлекеттік күзет қызметі бірлесіп, қала аумағында «Учаске» жедел-алдын алу шарасын өткізеді», – деді Б. Малыбаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Спикер бұл шаралардың көптеген шетелдік қонақтардың келуіне және бірқатар мемлекеттік сапарларға байланысты өтетінін түсіндірді. Бақытжан Малыбаев елордада жалға берілетін пәтерлер, қараусыз қалған үйлер, сондай-ақ қару иелері тексерілетінін айтты.
«Тұрғындардан қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарап, өтетін іс-шараларға жан-жақты көмек көрсетуді сұраймыз», – деді спикер.