Сұрақ: Дәретті неге «намаздың кілті» дейді?

Жауап: Дәрет – намазға дайындық. Дәрет алып жатқан адам «қазір намаз оқимын» деп ниетін, бойын намазға әзірлейді. Намаз дәретсіз оқылмайды. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз бен дәрет арасындағы байланысты:

«Жұмақтың кілті – намаз. Намаздың кілті – дәрет», – деп айтқан (Термези, Ахмад).

Мұны былай да түсіндірсек болады: намаз – Раббымыздың құзырына шығатын бір бөлме, ал дәрет болса, сол бөлменің есігі. Есік ашылмайтын болса, бөлмеге кіре алмайтының секілді, дәрет болмаса, намаз оқылмайды.

Ислам діні тазалыққа ерекше көңіл бөледі. Жан мен тәннің тазалығын тең ұстауға  шақырады. Пайғамбар да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тазалық иманның жартысы екенін айтқан (Мүслим, Термези). Иманы бар адам денесін және киімін нәжістерден таза ұстағаны сияқты, жақсы сөз айтып, ізгілік жасап жанын да таза ұстауға жіті көңіл бөледі.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Қиямет күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) өз үмбетін қалай таниды?

Адам намазға дәрет алу арқылы өзінің ағзаларын (бет-жүзін, қолы мен аяқтарын, саусақ араларын) күніне бес мәрте тазартып жуады. Демек, иман біздің ішкі дүниемізді, рухымызды қалай тазартса, дәрет сыртымызды, яғни тәнімізді тазартады.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу