Өмірден ләззат алып, уақытты жақсы әрі пайдалы етіп өткізудің ең тиімді жолы – оны өміріміздің соңғы сәті және мүмкіндігі деп ойлай отырып өткізу. Міне, осы себепті де Алла Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінен қысқаша кеңес сұраған адамға: «Намаз оқыған кезде, бұл оқыған соңғы намазыңдай оқы» (Ахмед бин Ханбал, Муснад 23498 хадис).
Демек, адам оқыған әр намазын «Бақилық боларының алдындағы соңғы намаз» деп ойласа, онда бұл адам дүниелік қалаулардан, тілектерден, жоспарлардан бас тартқандай болады. Алайда ислам «Бұл өмір үшін бақилық (мәңгі) қалатындай, Ақырет үшін сол мезетте бақилық болатындай құлшылық ет» қағидасы және әр жыл сайын Рамазанның дәл алдында, яғни Ережеп айы келгенде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Уа, Алла! Бізге Ережеп пен Шағбанды берекелі ет және Рамазанға жеткіз» деп дұға етер ме еді?
Бұл жердегі мұсылмандардың ұстанымы: қандай істі істесең де, соңғы ісіңдей тиянақты атқар, өйткені екінші рет бұл іспен айналысуға өмірің жетпей қалуы мүмкін. Демек, адамның ертеңгі күнге жетпей қалу ықтималдығы бар.
Олай болса, Рамазан айын бағалаудың ең жақсы жолы – мынадай ойда болу: «Бұл менің өмірімдегі соңғы Рамазан болуы мүмкін. Жұмаққа жету мен тозақтан құтылу үшін соңғы мүмкіндігім. Сондықтан өмірімде соңғы рет ораза ұстауым. Өмірімде соңғы рет тарауих намазын оқуым, соңғы рет фитра беруім» деп Рамазанды тиімді пайдалана алады. «Пойыздан бір рет қалсам, екіншісі келмейді!».
Осылай деп, Рамазан айы бойына мұны ой елегінен өткізе алсақ, Рамазан айында ұстаған оразаларымыз, оқыған намаздарымыз бен Құран Кәрімдер аяттары әдеттегіден өзгеше әсерге ие боламыз. Осылайша рухани сауабы мол қасиетті Рамазан айына көңіл бөлуге мүмкіншілік тудырамыз.
Егер біз өзімізді осылай тәрбиелей алсақ, Алламен, қоғаммен және адамдармен қарым-қатынасымыздың деңгейі арта түседі. Олай болса, осы соңғы Рамазанда жақсылық пен ізгілік жолында бар жақсы амалды жасауға тырысамыз және қолымыздан келгенше өзімізге және өзгеге де жақсылық жасаймыз.
Оразамызға зиян келтіретін түрлі ұрыс-керіс пен түсініспеушіліктен, айқай-шудан, дау-дамайдан, арам ойдан және жағымсыз іс-әрекеттерден бойымызды аулақ ұстаймыз.
Ал арамыздан біреу «Мен бұлай ойлай алмаймын, маған ол қиын» немесе «Алда әлі талай Рамазан бар» дейтін болса, өткен Рамазанда арамызда болған, алайда қазір арамызда жоқтар жайында есіне салар едім.
Рахымы мен мейірімінде шексіз болған Жаратушы Иеміз барша мұсылмандарға Рамазан айын берекетті етіп, мәңгілік мерекемізге себепші етсін.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теологы,
PhD Доктор