Сұрақ: Бір хадисте мұсылман үшін бұл дүние зындан екені айтылған? Мұны қалай түсінеміз?
Жауап: Расында да имам Мүслим пайғамбардың (с.ғ.с.): «Бұл дүние имансыз адамға жәннат, мұсылман үшін зындан», – деген хадисін риуаят қылған. Алайда әрбір аят-хадисті сөзбе-сөз түсінгеннен көрі, мағынасына зер салған жөн.
Бір күні салтанатты киінген ғалымға бір адам келіп: «Сенің пайғамбарың: «Бұл дүние имансыз адамның жәннаты, мұсылман адамның қапасы», – деп айтқан. Сен үлде мен бүлдеге оранғансың, мен тұрған бойы мүсәпірмін. Сенің өмірің рақат, менікі бейнет. Сонда пайғамбардың сөзі қайда қалды?» – деп ренішін білдіреді.
Ғалым: «Достым, мұнда даналық жасырынған. Мүмин үшін әзірленген жәннаттағы сөзбен айтып жеткіліксіз нығметтерді көрген уақытта бұл дүниеде қанша салтанат пен дәулетке ие болса да жоқшылықпен теңеуге болады. Ал енді имансыз адамның түсетін тозақ азабын көрсең, бұл дүниедегі таршылықтың өзі жәннат болып көрінеді», – деп жауап берген екен.
Сол үшін хадисте айтылған «қапас» немесе «зындан», «тозақ» деген сөздердің тура мағынасын емес, метонимия екенін түсінген мақұл.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ