Хадисте: «Егер пенде үйленсе, дінінің тең жартысы кемелдене түседі. Ал, қалған жартысына сақ болсын», – деп айтылады.

Бұл риуаят Байһақи хадис еңбегінде сахаба Әнас бин Маликтен келген. Хадисте шаңырақ көтерумен адам дінінің 50 пайызы кемелдене түсетіні айтылуда. Ал, енді екінші жартысы – тақуалық.

Исламдағы құлшылықтар не? Намаз, ораза, қажылық, ата-анаға жақсылық жасау, құран оқу, садақа беру, тағысын тағы. Ал, әйел діннің 50 пайызын құрауда. Міне, үйлену осы құлшылықтардың тең жартысына пара-пар.

Мәселен, асыл дініміздің парыздарынан тізім жасап көріңіз. Сол құлшылықтардың физиологиялық ауырлығы мен психологиялық жауапкершілігін бағамдайық. Ендеше, «үйлену оңай, үй болу қиын» деген осы. Екі жарты бір бүтін боп өмір сүруге дайын болғаны жөн.

Отбасылық өмір ерлікке пара-пар. Адамға салса, ораза тұтып, намаз оқу – әйелінің мінезіне төзуден әлдеқайда жеңіл. Алайда, нағыз ер азамат ретінде әйелді мейірімділікпен жеңу тәсілін табу қажет.

Жар таңдау мәселесінде баршаға ортақ жалғыз проблема бар: бұл жастардың кітаптардағы мінсіз жарды іздеуі. Отбасылық әдебиеттерде үлгілі жұп мысалдарын оқып, қиялға беріледі. Нәтижесінде, жұбайының қарапайым өзіндік әрекетін кешірілмес қателікке балайды. Сондықтан әр күні кем дегенде бір рет ажырасу жайлы ой мазалайды. Адамзаттың асыл тәжі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шаңырағында да жұбайлары мінез көрсетті. Алайда, ешуақытта ажырасуға бармады. 

Отбасылық өмір жоспарланған жүйе бойынша жүрмейтінін түсіне білу керек. Сонда ғана өмірлік жолдасының әдеттеріне қателік деп қараудан арылады. Қателесу әр адамға тән. Бұл заңдылық. Бақытты отбасының құпиясы да осында жатыр. Шаңырақтағы тыныштық пен берекет те осыдан басталады. Ең бастысы, ар-намысы мен ұят сызығынан аттамауы.

Демек, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйлену діннің тең жартысы деп айтуының сыры осында.

Руслан ҚАМБАР

Пікір жазу