Діни тұрақтылық қашан да өзекті мәселелердің бірі. Талай тарихты қойнауына бүккен, мәдени мұралардың асыл көмбесі болған «Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасымыз айтқандай, Сыр өңіріндегі діни ахуал, мешіт пен имамдардың деңгейі, теріс ағымдармен күресте ақсақалдар кеңесінің рөлі жайлы ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы Болатбек Әбуовпен сұхбаттасқан едік.

Дін мен дәстүр біте қайнасқан өңір

Болатбек Ұласқанұлы, әңгімемізді өңірдегі діни ахуал қандай деген сауалдан бастасақ?

Аллаға шүкір, Қызылорда облысы – еліміздегі діни ахуалы тұрақты өңірге жатады. Ислам дініне негізделген салт-дәстүрге бай Сыр өңірінде халықтың мешітке, дінге деген көзқарасы да жақсы.

Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілдігіне қарасты мешіттер де рухани құндылықтарымызды насихаттауда. Сондай-ақ, халықтың діни сауатын арттыруда, жат ағым жетегінде кетудің алдын алуда, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде, аймақ тыныштығын сақтауда, қайырымдылық істерін жүргізуде өз үлесін қосып келеді.

Облыста 255 дін қызметкері еңбек етеді

Өңір имамдарының діни сауаты қаншалықты?

Облыс бойынша 173 имам, 37 наиб имам, 28 ұстаз, 12 азаншы, 5 молдадан құралған 255 дін қызметкері жұмыс істейді. Олардың 10-ы қари. Діни біліктілігіне келер болсақ, 81 қызметкер жоғары, 53 орта оқу орнын тәмамдаған. Оның ішінде 5-і шетелдік жоғары, орта діни оқу орындарында білім алған және 7 магистр, 2 докторант бар.

2019 жылы 36 кадр қызметке тағайындалып, діни оқу орындарының 17 түлегі облыс мешіттеріне қызметке тұрды. Ал, 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында 7 жаңа кадр тағайындалып, 23 түлек жұмысқа орналасты.

Білімді кадрларды қызметке алуға тырысамыз

Ауылдардағы имамдардың білім деңгейі тексеріле ме?

Ауылдардағы имамдық қызметке діни білім алған кадрларды қызметке тартуға тырысамыз. Олай болмаған жағдайда арнайы дайындалған азаматтар тағайындалады. Жалпы кез келген діни маман қызметке тағайындалмас бұрын, аттестациядан өтеді.

Сонымен қатар, барлық дін қызметкерлері тұрақты түрде Имамдардың білімін жетілдіру институтында және өкілдік жанынан ұйымдастырылған тренинг-курстарда білімін шыңдап отырады.

Бұдан бөлек, ауыл имамдары мен молдаларына арналған қосымша оқыту курстары өткізіліп, білім деңгейлері бойынша бақылау жүргізіліп отырады.

Имамдардың дінмен қатар жергілікті дәстүр туралы білімі қандай?

Қызметкерлеріміздің көпшілігі Қызылорда облысының тумасы, яғни дүние есігін ашқаннан Сыр өңіріндегі ислам дінімен біте қайнасқан, дәстүрге қанық болып өскен жандар. Бұл өз кезегінде имамдарымыздың дін мен дәстүрді қатар алып жүруіне де өз көмегін тигізуде.

Бұдан басқа, жоғарыда атап өткеніміздей, білім жетілдіру курстарында білікті мамандардың қатысуымен «Дін мен дәстүр сабақтастығы» аясында ата дәстүріміз бен тарихымыз бойынша қосымша мағлұматтар беріледі.

24 отбасыға баспана берілді

ҚМДБ бекіткен 4  бағыт бойынша қандай жұмыстар жүріп жатыр? Әрқайсына қысқаша тоқталып кетсеңіз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттары – уағыз-насихат, теріс ағыммен күрес, сауат ашу және қайырымдылық істері. ҚМДБ-ның өңірдегі өкілдігі де аталмыш бағыттар бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінің бір бөлігіне тоқталар болсақ, соңғы екі жылда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде жұмыс істеп тұрған кітапханада Құран жаттау және Араб тілі сабақтары оқытылады, сондай-ақ, түрлі діни сұрақтар бойынша халыққа кеңес берілуде.

Мешітте 20 тігін машинасымен жабдықталған «Шебер әйел» қолөнер орталығы мен 45 адамға арналған «Ақмешіт-Сырдария» қайырымдылық мекемесі жұмыс істейді. Облыс бойынша 2 «Qiwi» терминалы орнатылған. 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында «Қажылық орталығы», онлайн режимде жиын, уағыз-дәріс өткізуге арналған веб камерамен жабдықталған конференц зал ашылды.

Қайырымдылық бағыты бойынша, 2018-2020 жылдар аралығында «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 24 отбасыға баспана, «Мектепке жол» акциясы аясында 3000-нан астам мектеп сөмкесі мен 73 мектеп формасы, 7650 отбасыға 153 тонна 160 келі азық-түлік, 10 849 отбасыға 50 тонна 130 келі ет, 820 жанға киім-кешек, 142 отбасыға 42 тонна көмір түрінде көмек көрсетілсе, 8 мекемеге қажетті заттар алып берілді.

Уағыз-насихат бағыты бойынша РАНТ (республикалық ақпараттық-насихат тобы) және ЖАНТ (жергілікті ақпараттық-насихат тобы) мүшелерінің қатысуымен облысқа қарасты мешіт жамағаттармен, аудан-ауылдардағы халықпен, жоғары және орта оқу орындары студенттерімен, сондай-ақ, ата-аналар және мектеп оқушылармен кездесулер өткізілді.

Бесін және ақшам намаздарында тұрақты түрде уағыздар жүргізіліп, ай сайын түрлі тақырыптарда видео уағыздар дайындалды.

Ал, сауат ашу бағыты бойынша мешіттерде шәкірттер білікті ұстаздардан жыл бойына «Ақида», «Фиқһ», «Құран Тәжуид» пәндерінен тұрақты сабақ алса, қосымша «Ахлақ. Көркем мінез-құлық», Пайғамбар мен сахабалардың өнегелі өмірлерінен дәрістер жүргізіліп келеді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Шал ақынның қазынасы

Қазіргі таңда елімізде COVID-19 жұқпалы індеті таралуының алдын алу мақсатында карантин режимі енгізілгендіктен, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің Инстаграм, YouTube әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары арқылы онлайн сабақтар, уағыз-дәрістер тұрақты жүргізіліп, Құран Хатым оқылуда.

Сондай-ақ, білікті имамдарымыз Фейсбук, Инстаграм әлеуметтік желілерінде ғибратты жазбалар жариялауды, мессенджерлердегі ортақ чаттарда насихат жүргізіп, жамағатпен арадағы байланысты нығайтуды қолға алған.

Қызылордалық студенттерге көмек

Жергілікті басқарушы билікпен байланыстарыңыз қандай? Әкімдік тарапынан қолдаулар болып тұра ма?

ҚМДБ-ның Сыр өңіріндегі өкілдігі жергілікті басқарушы билікпен тығыз байланыс орнатқан. Облысымыздағы діни ахуалдың тұрақтылығы – бірлесе жұмыс жасаған істің нәтижесі.

Бұдан бөлек, әкімдік бюджеттен тыс көздерді тарту арқылы «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқып жатқан қызылордалық студенттердің оқу ақысын төлеп беруге, имамдарды жалақымен қамтамасыз етуге, мешіттердің жөндеу жұмыстарына көмек беруде.

Сонымен қатар, биылғы Ораза айтта кәсіпкерлердің демеушілігімен облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітіне қызметтік автокөлік сыйға берілді. Мұның барлығы дін қызметкерлеріне көрсетілген жанашырлық пен қолдауы деп білеміз. Осы орайда, өзімнің және Сыр имамдарының атынан облыс әкімдігіне алғыс білдіремін!

Ақсақалдар институтының маңызы зор

Соңғы жылдары жамағатпен жұмыс істеуде, теріс ағымдармен күресте ақсақалдар кеңесінің рөлі зор екені жиі айтылып жүр. Өңір мешіттерінде ақсақалдар кеңесі бар ма?

Қашан да ақсақалдар институты халық игілігін сақтап, ұлт тәрбиесінде маңызды рөл атқарып келеді. Бүгінде өкілдік те жергілікті ардагерлер кеңесімен тығыз байланыс орнатқан. Көпті көрген ақсақал-абыздарымыз жас білікті имамдарымызға қолдау білдіріп, ақыл-кеңестерін айтып келеді.

Қоғамдағы жаназа және жерлеу рәсімдері, ысырапшылдық, ұрпақ тәрбиесі секілді түрлі өзекті мәселелерді шешу үшін халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, ата дінімізді насихаттауда өз үлестерін қосып келеді. Ардагерлер кеңесімен бірлесіп дөңгелек үстелдер, форумдар өткізіліп тұрады.

Толғандырған сауалдарға толымды жауап берілуде

Радикализм мен экстремизмге қарсы күрес шаралары қалай жүзеге асып жатыр? Түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме?

Жат ағымдардың алдын алу және күрес бойынша Республикалық ақпараттық-насихат тобы (РАНТ) және 21 имамнан құралған жергілікті ақпараттық-насихат тобының (ЖАНТ) мүшелері мен Облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог мамандарының бірлесуімен облыстағы қала және аудан, ауыл халқымен мешіттер мен мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында  тұрақты кездесулер өткізіліп, дәстүрлі емес ағым өкілдеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Карантин режимінде топтық шаралар тоқтатылғандықтан, өкілдіктің ресми әлеуметтік парақшалары арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, сенім телефоны арқылы кеңестер берілуде. Атқарылған жұмыстар оң нәтижесін беріп, аймақтағы діни ахуалдың тұрақтылығын сақтауда өз септігін тигізіп келеді.

Мешіттер БАҚ-пен қалай жұмыс істеп жатыр? Істеп жатқан жұмыстарыңыз қалай насихатталуда?

XXІ ғасыр – ақпараттық заман болғандықтан, мешіт қызметкерлері де халықты толғандырған сұрақтар мен мәселелер бойынша сұхбат беріп, мақалалар жариялау арқылы БАҚ өкілдерімен, әлеуметтік желілермен тығыз байланыс орнатып, едәуір жұмыс атқарып келеді.

Бүгінде өкілдіктің атқарған жұмыстары мен құнды мағлұматтары жергілікті телеарналар мен баспасөзде және өкілдіктің ресми сайты мен парақшаларында уақытылы жарияланып, ақпарат дер кезінде халық назарына ұсынылып отыр.

Дәрістер онлайн режимде

Қазіргі коронавирус жағдайына байланысты мешіттер қалай жұмыс істеп жатыр? Қандай сақтық шаралары қолға алынуда?

COVID-19 жұқпалы індетінің таралуының алдын алу мақсатында елімізде карантин режимі енгізілгендіктен, жамағат намаздары уақытша тоқтатылып, мешіттерде біршама шектеулер қойылды.

Құлшылық үйлерін дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп, антисептиктер орнатылды, бетперде режимінің сақталуы ескерілген. Қазіргі таңда, мешіт есіктері уақытша жабық болғанымен, сабақтар мен уағыз-дәрістер онлайн режимде өтіп жатыр.

Жоспарымыз – 10 мешітті халық игілігіне беру

Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс жоспар мен жобалар көп. Жалпы облысымыз бойынша тек санаулы ауылды қоспағанда, барлығында дерлік мешіт салынған. Алайда, кей аудан орталықтарында бір ғана мешіт бар.

Болашақта облыс бойынша 10 мешітті халық игілігіне беру жоспарымызда бар. Сонымен қатар, уағыз-насихат және діни сауат ашу, жат ағыммен күрес бағыттары бойынша жұмыстарды бұдан әрі жандандыру, имамдардың білімін жетілдіру, білікті кадрларды қызметке шақыру жұмыстары – басты назардағы мәселелер.

– Әңгімеңізге рахмет. Игiлiктi icтерiңiзге тaбыcтaр тiлеймiн!

Сұхбаттасқан Руслан БЕГЕН

Пікір жазу