COVID-19 індетінің алдын алу мақсатында биыл қажылық кезінде зәмзәм суларын адамдарға роботтар тарататын болды. Әр роботтың үш қатар сөресіне су бөтелкелері қойылады. 20 маусым күні олар өз қызметіне кірісті.
“Олардың мақсаты – адамдармен қарым-қатынасқа түспей қызмет көрсету”, – дейді Харам мешітіндегі зәмзәм көзінің меңгерушісі Бадер әл-Лұқмани.
“Қазіргі күні келушілер мен қажыларға 20 робот қызмет көрсетуде”, – деген ол алдағы уақытта адамдар санының артуына байланысты тағы да роботтар жұмысқа қосылатынын айтты.
Еске сала кетсек, өткен сенбіде Сауд Арабиясының билігі биыл қажылыққа тек вакцина алған 60 мың адам ғана жіберілетінін мәлімдеген болатын. Бұл өткен жылға қарағанда жоғары көрсеткіш, алайда пандемияға дейінгі кездермен салыстырғанда әлдеқайда аз. Айталық, 2019 жылы 2,5 миллион адам қажылық парызын өтеген болатын.