Күнделікті өмірімізде қолданатын сөздердің мағынасы мен мақсатын, табиғаты мен тамырын білмегеннен кейін олар құрғақ сөзге немесе ұранға айналып, өз деңгейінде бағалай алмай жатамыз. Өзін мұсылман деп санайтын әрбір пенденің күнделікті өмірде жиі айтатын сөзі – «Бисмиллаһиррахманиррахим» деген сөз екені даусыз.
«Бисмиллә» деп айтып жүрген бұл сөз санасыз айтылса, ол үнемі қайталанатын жалған ұранға айналып құрғақ сөз болып қала береді. Шын мәнінде «Бисмиллә» мүміннің идеологиясы мен өмірге деген көзқарасын ашатын өте маңызды сөздердің бірі әрі бірегейі.
«Бисмилләны» айтқанда біз мынадай түсінікке ие болуымыз және оның мағынасын саналы түрде білуіміз керек. Олар:
- «Мен бұл жұмысты Алланың разылығын алу үшін істеп жатырмын».
Әрбір мұсылманның бұл өмірдегі басты мақсаты – Алланың разылығын алу. Бір істі Алланың атымен бастаған адам осы сөйлемді саналы түрде айтса, Алла разылығы үшін істеп жатқанының белгісі. Бір адамда күнделікті әрбір ісін маңызды және маңызсыз болсын, өзінің нәпсісіне ермеу не шайтанның арбауына ілікпеуі үшін «Раббысын» еске алып берекетін тілеуді білдіреді. Бұл жерде мүмін өзіне қатысты бірдеңе жасап жатса да, бұл ісін жанының разылығы үшін емес, Алла разылығы үшін деп жасағанының дәлелі.
2. «Мен бұл істі Алланың бақылауымен істеп жатырмын».
«Бисмиллә» деп айтқан адам Алла тағала оның не істеп жатқанын көріп тұратынын және оны әр уақытта көріп әрі бақылап тұратынын біледі. Осы мейірбандық пен ұстанушылық күйімен жұмысын атқара жүріп, барын салуға тырысады.
3. «Мен бұл жұмысты Алланың белгілеген өлшемдеріне қарай істеп жатырмын».
Бір мұсылман өз өмірін Алланың белгілеген шеңбері ішінде өткізеді. Мұсылман жасаған әрбір ісін өзіне және өзгеге пайдалы болсын деген мақсатта жасайды. Яғни жасаған бұл ісі, өзі үшін не болмаса өзге де адамдар үшін қанша табыс және атақ үшін емес, өзіме және өзгеге пайдасы болсыншы деп Алланың атымен бастауында. Яғни мұсылман адам бірдеңе жасауды бастарда «Бисмиллә» сөзін қолдануы оның іс-әрекеті адал екеніне дәлел. Харам істі жасарда «Бисмиллә» сөзі айтылмайды.
4. «Мен бұл жұмысты Алланың берген құдіретімен, күшімен, жәрдемімен және қолдауымен жасап жатырмын».
Кімде-кім «Бисмиллә» деп айтса, он сегіз мың ғаламдағы ең үлкен күш пен құдіреттің иесі Алла екеніне және Алла күш пен мүмкіндік бермейінше жапырақтың да қозғала алмайтынын білетініне және істеген ісімен нәпсісіне жеңілмейтініне және менмендіктен азат болатынына дәлел.
«Бисмилләнің» бұдан да басқа көптеген мағыналары көп. Біз күнделікті өмірімізде көрініс табуы тиіс ең маңызды мағыналарын сөз еттік.
Бізді жоқтан бар етіп жаратқан Раббымыз барлық іс-әрекеттерімізде Өзінің атымен еске алуды, Өзінің разылығы үшін болуын жазсын. Әр ісімізді Алланың жәрдемімен істеп жатқанымызды және Оның қалағандай істеуді нәсіп етсін.
PhD Доктор
Исатай БЕРДАЛИЕВ